«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Бизнес-Кеңесші» жобасынан білім алған мүмкіндігі шектеулі жан жеке кәсіп иесі атанды

2017 жылғы 27 Желтоқсан
- Жетісу облысы
2667 просмотров

Қарасай ауданында мүгедектерге арналған оңалту орталығы ашылды

33 жасар Асылбек Жалдыбаевтың жол апатына түсіп, арбаға таңылғанына биыл алты жыл. Алты жыл бойы өзімен, өмірдің қиындықтарымен күресіп келеді. Қайсарлығы мен шыдамдылығы болмаса, осылай арбада да отыра алмас еді. Жол апаты кезінде жұлын жарақатын алып, бірнеше жыл бойы төсекке таңылып жатты. Алайда оңалту шаралары, жеке жаттығулардың нәтижесінде жағдайы жақсарып, өзін-өзі күтіп-бағу дәрежесіне жетті.

Осы жағдайға дейін Асылбектің арманы көп болатын. Заңгерлік мамандықты аяқтап, болашағын адам құқығы қорғаумен байланыстарған еді. Бірақ, мүкіндігінің шектеулігіне қарамастан жылдар бойы жігерін жоғалтпады, жасымады. Соңғы жылдары өзі сияқты мүгедек азаматтарға көмектесу туралы ойы мазалап жүрді.

«5-6 жыл ішінде түрлі диагнозға ұшыраған адамды көрдім. Оларға тиісті көмек беріліп жатқаны шамалы. Мүгедек адамдар қоғамнан тысқары қалғанын сезіндім. Оларға оңалту шаралары, мемлекет пен қоғам тарапынан қолдау қажет», - дейді ол.

Ойын іске асыру үшін биыл Асылбек Жалдыбаев Кәсіпкерлер палатасының Қарасай ауданындағы филиалына барып, кәсіпкерлік негіздерін үйрену мақсатында «Бизнес-Кеңесші» жобасына жазылып, білімін кеңейтті. Жеке кәсіпкер атанды. Палата мен әкімдіктің қолдауымен Қаскелеңдегі «Алтын ауыл» ықшамауданындағы тұрғын үйлердің біріндегі жертөледен орын берілді. Іші-сыртын жөндеп, сырлап болған соң, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту орталығын ашты. Орталыққа «Күш-қуат» деген ат берді.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту орталығында 30-40 адамды қабылдауға арналған үш кең бөлме бар. Жөндеу жұмыстары, барлық аппараттар мен жабдықтарды Асылбек ата-анасының қолдауымен іске асырды. Ендігі таңда ол өзі секілді азаматтарға барынша көмек көрсеткісі келеді.

«Бұл Қарасай ауданында мүгедектерді оңалтуға бағытталған бірінші қоғамдық орталық болып отыр. Осылайша кәсіпкерліктегі алғашқы ісімді әлеуметтік мәселені шешумен байланыстырғым келеді. Алдағы уақытта да басқа да бизнес жоспарларым бар», - дейді ол.

Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының Қарасай аудандық филиалының директоры Қонысбай Юсупалиевтің айтуынша, жас кәсіпкердің жобасын сүйемелдеу үшін барлық қажетті құқықтық қолдау көрсетіліп отырмақ.

Айта кетейік, биыл Қарасай ауданында «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылатын «Бизнес Кеңесші» жобасында 30 азамат оқып, кәсіптерін ашқан.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер