«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кербұлақ ауданында «Шын жүректен» кәсіпкерлер автокеруені жол тартты

2017 жылғы 02 Қазан
- Жетісу облысы
2158 просмотров

100-ден астам адамға қайырымдылық көмек көрсетілді

Алматы облысының Кербұлақ ауданында «Атамекенім» республикалық акциясы аясында «Шын жүректен» кәсіпкерлер автокеруені жол тартты. Аудандық Іскер әйелдер кеңесінің бастамасымен іске асырылған автокеруенінде «Бәрі де рахмет үшін!» көшпелі дүкені ұйымдастырылып, мұқтаж азаматтарға қажетті заттар мен тауарлар үлестірілді. Қайырымдылық акциясына «Касымбаева Г. Ш.» шаруа қожалығы, «Нұрдуман» ЖШС, «Күреңбел» несие серіктестігі және т.б. үлес қосты. Кәсіпкерлер күшімен киім-кешек, аяқ-киім, тұрмыстық заттар мен азық-түліктер жиналды.

Автокеруен 30 қыркүйекте жолға аттанып, алты ауылдық округті аралады. 100-ден астам тұрғынға қайырымдылық көмегі көрсетілді.

«Аз уақыт ішінде «Бәрі де рахмет үшін!» дүкені ел арасында танымал атанып, көптеген адамдарға қолдау білдірілді. Ауылдық округтер тұрғындары аталмыш әлеуметтік дүкенді ауылдарда ашу туралы ұсыныс айтты. Сондықтан көпшілік қауымды қамту үшін көшпелі дүкен ұйымдастырдық. Біздің шара халықаралық қарттар күнімен тұспа-тұс келді. Ауылдық округтерде 45 қарт адамға азық-түлік берілді. 25 оқушыға қыстық күртке және спорттық киім-кешек таратылды», - деп атап өтті аудандық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Күлсара Амреева.

Қайырымдылық автокеруенге аудан әкімі Бағдат Әлиев, аудандық ұстаздар кәсіподағы, ақсақалдар кеңесі және прокуратура, ішкі саясат бөлімі, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімінің өкілдері қатысты. Мемлекеттік органдар қызметкерлері тұрғындарға құқықтық мәселелер бойынша, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу және іске асыру бойынша сауалдар бойынша кеңестер берді.

«Кербұлақ ауданының бизнес-қауымдастығы «Атамекенім» республикалық акциясын алғашқылардың бірі болып қолдады. Қайырымдылық автокеруені кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігінің тағы бір жарқын көрінісі. Әрқайысысы өзіндік үлесін қосқысы келді. Бұл қайырымдылық шарасы басқа да кәсіпкерлер үшін жақсылық жақсауға түрткі болады деген сенімдеміз», - дейді Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының Кербұлақ ауданы филиалының директоры Болат Тастанбеков.

Алдағы уақытта «Шын жүректен» кәсіпкерлер автокеруені Кербұлақ ауданының басқа да ауылдық округтеріне жол тартпақ.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер