«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жетісу өндірушілері Қытай сауда алаңына шықты

2017 жылғы 19 Шілде
- Жетісу облысы
8388 просмотров

Jumore платформасына 6 компания тіркелді

Алматы облысының кәсіпкерлері Қытайдың Jumore электронды платформасына қадам басты. Бұл электронды алаң трансшекаралық электронды сауда мәселелерімен айналысатын бірден бір компания. Jumore қазақстандық өндірушілерге қытай нарығына шығуға жаңа мүмкіндік береді.

Бүгінде Алматы облысындағы 6 компания алғашқылардың бірі болып осы алаңға тіркелді. Атап айтқанда «Пауза Продукт», «Лепсі өнімі», ТОО «RG Brands», «Сырат», «Aluminium of Kazakhstan» мен «Алматинские конфеты» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қытай нарығына шығуға қадам жасады.

«Біз өндіретін бал бірқатар шет елде сұранысқа ие, оның ішінде Қытай нарығы да бар. Бұл даму үшін ауқымды нарық екені анық, оған экологиялық таза өнімге деген сұраныс пен қызығушылық зор. Jumore сату жолдарын кеңейтудің жаңа алаңы», – деп атап өтті. «Лепсі өнімі» ЖШС директоры Фархат Абузяров.

Айта кетейік, Jumore электронды сауда алаңы кездсейсоқ таңдалған жоқ. Мәліметтерге сүйенсек, халықаралық сауда алаңына Қытайдың 60 мыңнан астам кәсіпорны қатысуда, 2016 жылы сауда айналымы 160 млрд долларды құраған. Биыл бұл көрсеткішті 800 млрд долларға жеткізу жоспары тұр.

Бұған дейін, Шанхайда Қазақстан Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР мен ҚХР арасындағы индустриалды-инвестициялық әріптестікті дамыту сауалдары бойынша өткен дөңгелек үстел аясында «Атамекен» мен Jumore электронды сауда алаңы арасында өзара байланыс жүргізу жөнінде меморандумға қол қойылған болатын.

Сонымен қатар, Астанада «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев Jumore президенті Ли Хунсян мырзамен кездесу өткізген болатын. Jumore басшысы Астанада логистикалық хаб, тараптар арасында транзакцияны қамтамасыз ететін қаржылық орталық пен сауда үйі кіретін көпфункционалды сауда-логистикалық кешен ашуға ниетті екенін білдірді. 

Қазіргі таңда сауда алаңында 15 қазақстандық кәсіпорынның 31 тауар түрі шығарылған. Биыл жыл соңына дейін «Атамекен» Jumore-ға 100 тауар түрін шығаруды жоспарланып отыр.

«Қол қойылған келісімге сәйкес қазақстандық кәсіпкерлер 2017 жылдың соңына дейін электронды алаңда тегін түрде тіркеле алады. Онда шикізаттан бастап дайын өнімге дейін кез келген тауар түрін шығара алады. Келісім-шарт дайындау барысында Jumore қытайлық талаптар бойынша логистика, кедендік тазарту, өнімді сертификаттау бойынша қызмет көрсетуге жәрдемдесуге, ҚХР-дың өнімнің орамасына қойылатын және тағы басқа талаптарды түсіндіру мақсатында кеңестер беріледі», – дейді Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер бойынша орынбасары Әсет Шаяхметов.

Jumore алаңында үш электронды онлайн павильон жұмыс істейді. Оның ішіндегі ұлттық павильон Қытай және халықаралық нарыққа шығу, экономикалық және сауда байланысты кеңейту мен жеңілдетуге бағытталған. Қазіргі таңда онда онлайн түрде Қазақстанды қосқанда бес ұлттық павильон бар.

Анықтама: Jumore электронды сауда алаңында өнімді өткізу мен қызмет көрсетуге қызығушылық білдірген Алматы облысының кәсіпорындары Jumoreglobal.com сайтына тіркеліп, кәсіпорын туралы ақпаратты ұсына алады.

Кәсіпорынды тіркеу бойынша нұсқаулық.

Қосымша ақпарат алу үшін мына электронды мекенжай a.kaskarauov@palata.kz немесе  +7 7282 401 498 телефонына хабарласуға болады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер