«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Сарапшылар мемлекеттік қызметтердің екінші тобын талдауға кірісті

2017 жылғы 27 Қаңтар
2529 просмотров

ҚР Парламенті Мәжілісінің қабырғасында кейбір үкіметтік қызмет түрлерін бәсекелестік ортаға беру жайлы сарапшылар тобының отырысы өтті

Кеңеске сарапшылар тобының жетекшісі Асқар Базарбаев, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов, Мәжіліс депутаттары, бірқатар министрліктердің вице-министрлері, өзге де қызығушылық танытқан тұлғалар қатысты. Бизнес тарапына өткізу көзделген қос топтағы мемлекеттік қызметтерді нарықтың қабылдау дайындығы, қыр-сыры мол істерді өзін-өзі реттеу ұйымдарының әрі қарай алып кетуі сынды өзекті мәселелер сараланған шараны Ұлттық экономика министрінің орынбасары Мәдина Әбілқасымова жүргізіп отырды. Сонымен қатар, аталған жиында, реттеуші әсерді талдау ақпараты назарға ұсынылды.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасындағы Заңнама және өзіндік реттеуді дамыту департаментінің директоры Айжан Бижанова, Ұлт жоспарының 97-қадамын жүзеге асыру аясында, 2016 жылы ауқымды жұмыстар көлемі атқарылғанын атап өтті.  

«Депутаттар мен құзырлы мемлекеттік органдардың және бизнес-қоғамдастықтың белсенді ұстанымы арқасында, Ұлттық палата өзіндік реттеу және мемлекеттік функцияларды беру мәселесін зерделеудің басты кәсіби алаңына айналды. Өткен жылдың тек екінші жартысында ғана Мәжілісте 60-қа жуық отырыс, «Атамекенде» 100-ден астам жұмыс кеңесі өтті. Бұл бизнестің тиісті реформаны іске асыруға барынша жұмылғанын білдіртеді. Қызметтердің 1-ші тобы бойынша іс-қимыл нәтижесінде, бәсекелестік ортаның өзіне мемлекет міндетін жүктеудің әзірлігін байқап көрдік. Оның қорытындысында, мұндай сынақ әрекетінің оң әсерімен қатар, жетілдіру қажет жақтарды да аңғардық. Бұл дегеніңіз, халықаралық тәжірибені біржақты зерттеу, қоғамдық тыңдалымдар жайлы ақпараттан мақұрым болу, мемлекеттік мекемелердің қызметтердің төлқұжаттарын толтыруға салғырт қарауы секілді кемшіліктер. Осыған байланысты, 2-ші топқа көше отырып, талдау үдерісін жетілдіруге, яғни Ұлт жоспарын сапалы жалғастыруға мүмкіндік туды», - деді ҰКП өкілі.

Бұл қызметтер тобының мазмұны тырнақалды қызметтер шоғырынан ерекшеленбек. Мәселен, алғашқы топ тұрғысында, өзіндік реттеу институтын енгізуге қатысты бағалау, аудит және экологиялық аудит секілді үш кәсіпкерлік саланың құқықтық сипаты таразыланған. Айжан Бижанова, салалық заңдарды қарастыра келе, жоғарыда келтірілген қызметтерде өзіндік реттеудің барлық көрінісі айқындалғанын айтты. Сондай-ақ, ең бастысы, аталмыш салаларда нарық субъектілерінің кәсіби коммерциялық емес ұйымдарға, яғни ықтимал өзіндік реттеу нысандарына міндетті түрде қатысу үлгісі заңнамалық деңгейде бекітілген екен. Бұл өз кезегінде болжамды белестерді бағындыруға сенімді нығайта түскен.

«Қызметтердің 2-ші тобында, барлығы 13 саланың коммерциялық емес ұйымдарға міндетті мүше болу қағидасы жоқ. Сәйкесінше, өзіндік реттеуге біртіндеп көшу, ерікті өзіндік реттеуді дамытуға ынталандыру құралдарын енгізу іспетті жұмыстарды жүргізген жөн. Мемлекеттік тапсырма, аутсорсинг, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс сынды өзге табыстау әдістерінде де айрықша тұстар нарық дайындығын талдауға ілігеді», – деп бөліскен Айжан Бижанова екінші топқа мемлекеттік мекемелердің 102 қызметі кіргенін мәлімдеді.

Осы орайда, ҰКП өкілінің пікірінше, субъектілері үкіметтік емес ұйымдар саналатын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыста, Азаматтық альянс пен Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің лайықты үн қосқаны абзал. «Атамекен» Заңнама және өзіндік реттеуді дамыту департаментінің директоры, мемлекеттік қызметтерді бизнеске беру үдерісін үзбей жыл сайын өткізіп отыру қажеттігін нұсқады.

Сөз соңында келтіре кетсек, мақсатты істің асығыс әрі үстірт жүруіне жол бермес үшін, «Атамекен» ҰКП реттеуші әсерді талдауға балама ретінде тың талдау үлгісін жасап шыққан. Бұл саналуан пікірлерді ескерген жағдайда, мұқият ой түюге, өзгерістердің мемлекет пен тұтынушыға, кәсіпкерге ықпалы мен шығын-табыстарды салмақтауға, бизнеске берілетін қызмет бағасын мемлекет қарауындағы бұрынғы құнымен салыстыруға, ағымдағы ахуалын анықтауға жол ашпақ.     

Жиынға қатысушылардың әлі де келіспейтін жерлері баршылық. Мәселен, Энергетика министрлігі, стратегиялық маңызды деп есептейтін мемлекеттік реттеу түрлерін өздерінде қалдырғанды қалайды. Мұндай қайшылықты сәттер алдағы сарапшылар отырысында егжей-тегжейлі талқыланбақ және заң жобасы жасалынбақ.

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер