«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ескелді филиалы есеп берді

2017 жылғы 25 Қаңтар
- Жетісу облысы
7237 просмотров

Филиал басшысы БАҚ өкілдеріне арнап брифинг өткізді

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Кәсіпкерлер палатасының Ескелді аудандық филиалының директоры Әбен Тайжанов, журналистер алдында филиал жұмысының нәтижелерімен бөлісті. Айта кетерлігі, бұған дейін, Текелі қалалық филиалының директоры Тұрысбек Жұмәділов те дәл осылай бизнес-қоғамдастықтар, жергілікті атқарушы және мемлекеттік органдар үшін есептік кездесу өткізген еді.

Ескелді – қызылша өсірумен айналысатын, барлық өңірді ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз етіп келе жатқан аудан. Жалпы, аудан бойынша 2781 кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істейді. Олардың ішінде: шағын бизнес өкілдері – 263, орта бизнес өкілдері – 55, жеке кәспкерлер – 931, шаруа қожалықтары – 1532. Әбен Тайжанов атап өткендей, былтыр Палата филиалына Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөнінде 6 өтініш түсіп, олардың барлығы оң шешім тапқан. Өтініштердің басым көпшілігі жер мәселесіне қатысты болған.

«Бизнеске сервистік қызмет көрсету бойынша (мемлекеттік бағдарламалар, бухгалтерлік, заңнамалық мәселелер бойынша тегін кеңестер) 610 адамға тегін кеңес беріліп, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу үшін 68 бизнес-жоспар әзірленді. Палатаның атсалысуымен, 47 кәсіпкер «Бизнестің жол картасы-2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020», «Сыбаға», «Құлан» және басқа да мемлекеттік бағдарламалар бойынша жалпы көлемі 134,4 млн теңгені құрайтын несиге қол жеткізді. Мысалы, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында «Шалова» ЖК жылыжай құрылысын салу үшін 18 млн теңге, «Жұмаш» ЖК мейрамхана ашу мақсатында 10,7 млн теңге несие алды. Ал, Оңалхан Қазиз атты кәсіпкер ауданда жиһаз орталығын ашу үшін, 3 млн теңге көлеміндегі несиеге қол жеткізді», – деп атап өтті ол.

Сонымен қатар, Ескелді ауданы тұрғындары, «Атамекен» ҰКП «Бизнес-өңірлер» шағын несиелеу пилоттық бағдарламасын ұтымды пайдаланған. Осылайша, «Атамекен» арқылы бөлінген 300 млн теңгенің 240 млн теңгесі қызылша өсіруші фермерлерге беріліпті.

«Палата фермерлердің біліктілігін арттыру мәселесін де назардан тыс қалдырған емес. Сол себепті, шілде айынан бастап «Атамекен» ҰКП-ның Агробіліктілік орталығы аудандағы 122 шаруа қожалықтың өкілдеріне арналған 4 оқу семинарын өткізді. Оқу «Хельниченко и К» қожалығында өтіп, онда қызылша өсірушілерге әр гектардан 600-700 центнер өнім алуға болатын озық технологиялар әдісі оқытылды. Ал, «Райманова» базалық шаруашылығында генетикалық өнімділік әлеуеті жоғары сүтті малдарды семіртудің қыр-сыры үйретілсе, «Бимұратов А.Е.» қожалығында фермерлік қожалықтарды дамытудың технологиялық процестері туралы білім берілді. Сол сияқты, «Тайжанов А.Б.» шаруа қожалығында қыс уақытында мал семіртудың тың әдістеріне қатысты семинар өткізілді», – дейді филиал басшысы.

Палата, сондай-ақ, өңірдегі туризмді дамытуға қатысты бірқатар жұмыстарды қолға алуда. Осылайша, Палата бастамасымен Бурхан Бұлақ сарқырамасы, Қора өзені мен орман шаруашылығы жанында орналасқан «Тау Бастау» демалыс аймағына апаратын жол жөндеу мен көпір құрылысы жұмыстары басталған. Қазіргі таңда көпір құрылысы толығымен аяқталып, ұзындығы 10 шақырым қашықтықты құрайтын жол бойына жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұдан бөлек, Сырымбет ауылында ерекше спорт түрлеріне арналған демалыс орнын ашылмақ. Сондай-ақ, Палата мамандары бүгінде бұдан басқа тағы үш жобаны сүйемелдеп отыр.

Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы жобасы да оң нәтиже берген. Осылайша, аудан атынан екі жоба іріктеліп алынып, Палата сарапшылары бүгінде оларға инвестиция тартуға қатысты келіссөздер  жүргізіп жатыр. Жақын арада ауданда тірек-қалқа құралдарын шығаратын «APS Engineering» зауыты ашылады деп жоспарланып отыр. Жоба құны – 270 млн теңге. Сонымен бірге, халықаралық «Тау бұлақ» экотуристік лагерін кеңейту мақсатында бюджеттен 245 млн теңге бөлінбек.

Мамандарды даярлау мәселесіне қатысты, Палата мен Көксу ауыл шаруашылығы колледжі арасында АӨК саласы мамандарын даярлау туралы меморандумға қол қойылды. Ал, биыл колледж алғаш рет «ТАТЭК» акционерлік қоғамына арнап арнайы мамандар даярламақ. Бұған дейін кәсіпорын мамандарды қайта даярлаудан өз күшімен жүргізіп келсе, енді бұл істі мекеме колледжге тапсырмақ. Кәсіптік бағыт-бағдар беру жұмыстары аясында, аудандағы шаруашылықтар мен кәсіпорындарға арнайы саяхат ұйымдастырылып, белгілі кәсіпкерлердің қатысуымен шеберлік сағаттары өткізілген.

Брифингте сондай-ақ, облыстық Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Әсет Шаяхметов, тілшілерге филиал жетекшілерінің есеп беру рәсімі жаңа форматқа өтетінін мәлімдеді.

«Біз үнемі мемлекеттік органдармен, кәсіпкерлік қоғамдастықтармен бірге жалпы жұртшылықпен байланыс жасаудың жаңа түрлері мен әдістерін іздеп келеміз. Сол себепті бүгін біз Ескелді аудандық филиалы директорының қатысуымен арнайы брифинг ұйымдастырып отырмыз. Бір апта бұрын Текелі филиалы өз есебін кездесу форматында берген еді. Енді атқарылған жұмыс қорытындыларына арналған конференциялар мен пресс-турлар өткізуді жоспарлап отырмыз», – деп түсіндірді Әсет Шаяхметов.

Сонымен қатар, ол тілшілер назарына Палата мен ғалымдардың мұрындық болуымен жарыққа шыққан,  ауылшаруашылық кооператив құру мен оны жүргізуге арналған «Ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру негіздері. Тәжірибелік ұсыныстар» атты кітапты ұсынды.

Естеріңізге сала кетейік, Кәсіпкрерлер палатасының Ескелді аудандық филиалы 2014 жылдың 20 мамырында құрылған болатын.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер