«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жетісуда демалғысы келетіндердің саны артып келеді

2017 жылғы 23 Қаңтар
- Жетісу облысы
6675 просмотров

Ақылы туристік қызмет көрсетудің көлемі 5,4 млрд теңгеден асты

Жүргізілген мониторинг деректері бойынша, 2016 жылы қалалар мен аудандарда көрсетілген ақылы туристік-сауықтыру қызметінің көлемі 5 477, 2 млн теңге болған, бұл өткен жылмен салыстырғанда, 126%-ға көп. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыстық туризм басқармасының сыртқы байланыстар, мемлекеттік қызмет көрсету және инвестициялық жұмыстар бөлімінің басшысы Бақытжан Оразбаев айтты.

Бөлім басшысы өңірді «ЕХРО-2017» көрмесіне дайындау мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталып өтті. Облыс бойынша шетелдік туристер саяхаттайтын 19 бағыт анықталған. Бұған дейін Қазақстанға туристерді тарту мақсатында Қытайдың 17 компаниясы үшін  арнайы ақпараттық тур өткізілген еді.

«Талғар ауданы мен Қаскелең қаласында тамақтандыру нысандарының қызметкерлеріне арнап оқу курстары және тренингтер өткізілді. 7-8-қазан күндері Талдықорған қаласында «Recommended by EXPO-2017» бағдарламасына қатысатын туристік нысандардың мамандарына арналған шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. Курсқа барлығы 65 адам қатысты, оларға тиісті сертификаттар табыс етілді. Облыс бойынша 2016 жылға MICE-күнтізбе бекітіліп, туризм басқармасының сайтына жарияланды», – деді Бақытжан Оразбаев, журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып.

Кәсіпкерлер палатасы Жобаларды сүйемелдеу бөлімінің сарапшысы Әйгерім Шәймерденова БАҚ өкілдеріне «Жетісу» ақпараттық порталының жұмысы туралы айтып берді. Туризм басқармасымен бірлесе отырып жасалған портал 2016 жылдың желтоқсан айында іске қосылды. almatyregion-tour.kz-ке қонақүйлер, демалыс аймақтары, курорттар, балалар лагерлері, шипажайлар, демалыс үйлері, демалыс базалары, аквапарктер, шаңғы тебу кешендері, топсеруендер ұйымдастыру туралы мәліметтер (атауы, орналасқан жері, бағасы, қызмет түрі) енгізілген.

«Сайттың басты артықшылығы – ақпараттарды қайтарымсыз негізде жариялау, мәліметтерді жиі жаңартып тұру, клиенттік базаны кеңейту, өнімді ілгерілету, мәліметтерді өзекті ету үшін жауапты қызметкерді бекіту, бұл кәсіпкер үшін өте ыңғайлы. Порталға ең көкейкесті, шынайы мәліметтер орналастырылады. Өйткені мәліметтерді кәсіпкердің өзі береді және сайт қызметкерлерімен тікелей байланыс бар. Порталды бір айда 3000 адам қарайтыны анықталды», – дейді Кәсіпкерлер палатасы Жобаларды сүйемелдеу бөлімінің сарапшысы Әйгерім Шәймерденова. Сайт үш тілде жұмыс істейді. Сондықтан ол қазақстандықтарға ғана емес, шетел азаматтарына да қолжетімді.

Баспасөз мәслихатында облыстық туризм және ақпараттық қызметтер орталығының директоры Нұрлан Байғабылов журналистерге Орталықтың ақпараттық-жарнамалық өнімдер дайындаумен айналысатынын айтты. Оның айтуынша, «EXPO-2017» халықаралық шарасы жақындаған сайын, ауылды жерлерде ақпараттық-жарнамалық баннерлер саны екі есе артқан. Сондай-ақ осы жылы Талдықорған қаласы бойынша топсеруен пайда болуы мүмкін екені айтылды.

«Өздеріңіз білетіндей, бұрын қаламыз бойынша топсеруен болмаған, сол себепті бізге топсеруен ұйымдастыру туралы көптеген ұсыныстар жасалды. Қазір Талдықорған қаласы бойынша үш бағытты дайындадық, енді оны іске қосамыз деп отырмыз. Сонымен қатар бізде облысымыздың интерактивті картасы бар, енді технологиялық картаны дайындап жатырмыз», – деп брифингті қорытындылады Нұрлан Байғабылов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер