«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кооператив құру тәжірибесі – бір кітапта

2017 жылғы 23 Қаңтар
- Жетісу облысы
8866 просмотров

Палата ғалымдармен бірлесе отырып, ауылшаруашылық кооперативтерін құру жөнінде әдістемелік оқу құралын шығарды

Қазақ тіліндегі «Ауылшаруашылық кооперативтерін құру негіздері. Тәжірибелік ұсыныстар» кітабын облыстық Кәсіпкерлер палатасы мен өңірдің жетекші ғалымдары бірге құрастырған. Әдістемелік құрал тегіннен шығарылған жоқ. Мұндай кітап жазу туралы ой «Атамекен» ҰКП Агробіліктілік орталығы шаруа қожалықтарына арнап, жазғы семинарлар ұйымдастырған кезде туған. Мәселен, Ескелді ауданында қызылша шаруашылығы бойынша өткен семинарлардың бірінде, қатысушылар ұйымдастырушыларға өткізілген курс туралы кәсіпкерлерге жолнұсқаушы болатын қазақ тілінде әдістеме құрал шығару туралы ұсыныс білдірген еді. Бұл ойды Палата қызметкерлері де қолдап, ғалымдарға бірлесіп кітап құрастыруды ұсынды.

«Бүгінде ауылшаруашылық кооперативтерін тиімді жүргізу туралы ақпаратты жеткізу өзекті әрі маңызды болып отыр. Қазақстан ЕАЭО-ға, ДСҰ-ға мүше, сыртқы экономикада ынтымақтастық орнатып келеді. Сондықтан агроөнеркәсіп кешені салаларына отандық және шетелдік ғалымдардың  заманауи және озық зерттеулерін енгізу қажет. Бірақ бұған ұсақ тауар өндіру, бизнес пен ғылым арасындағы өзара байланыстың әлсіздігі кедергі келтіріп отыр. Осыған байланысты ұсақ шаруашылықтарды біріктіріп, ауылшаруашылық кооперативтерін құруымыз қажет. Бұл кітап осы бағытта тәжірибелік кеңестер береді. Ол көптеген кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап беріп, көмектеседі деген үміттеміз», – деді авторлық топтың жетекшісі, экономист Серік Шәріпов.

Экономика ғылымдарының докторы, Халықаралық ақпараттандыру академиясының мүшесі, ауыл шаруашылығында тәжірибесі мол, кәсіпкерлік қауымдастықта абыройлы сарапшы атанған Серік Шәріпов қызылша өсіру шаруашылығы бойынша дәріс оқыған еді.

Сондай-ақ авторлар тобында Ө.Жолдасбеков атындағы Экономика және құқық академиясы Қаржы кафедрасының доценті Сәуле Күлшенбаева мен Экономика және құқық кафедрасының аға оқытушылары Жанна Бейсенбаева мен Шынар Нұрбековалар бар.

Кітапта 34 тақырып қамтылған. Авторлар қазақстандық және шетелдік тәжірибе туралы сөз қозғап, оларды өзара салыстырады, сондай-ақ кооператив жүргізу бойынша келелі кеңестер беріліп, қажетті құжаттардың түрлері мен формалары ұсынылған. Оқырмандар «Ауылшаруашылық кооперативтері туралы» заңмен танысып, салық режимін пайдалану, бухгалтерлік есеп дайындау бойынша мағлұматтар ала алады.

Кітапта нақты құжаттар мен кооператив жүргізу үлгілері келтірілген. Мәселен, мысал ретінде Ескелді ауданындағы ірі әрі табысты кооперативтердің бірі – «Тельман» ауылшаруашылық кооперативі алынған. Аталған шаруашылық негізінде есеп-қисаптар, өнімдерді өткізу жоспары көрсетіліп, шығындар есептелген, тіпті шаруашылықтың 2016 жылға арналған есеп-қисаптары мен жоспары ұсынылған.

Әзірге 100 данамен ғана шыққан кітап кәсіпкерлер тарапынан оң баға алып үлгерген.

Кәсіпкерлер палатасы мен кітап авторлары Агробіліктілік орталығына оқу құралын биыл өткізілетін семинарларда ұсынылатын кітаптар тізіміне қосу туралы кеңес берді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер