«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнестің берекесін келтірген әйелдер

2016 жылғы 26 Желтоқсан
- Жетісу облысы
7112 просмотров

Панфилов ауданындағы әйелдердің 30%-ы кәсіпкерлікпен айналысады

Іскер әйелдер қауымдастығы мен Алматы облысы Іскер әйелдер кеңесі бірлесе отырып жыл қорытындысын жасады. Панфилов ауданының орталығы Жаркент қаласында өткен бизнес-ханымдардың форумына барлық қауымдастықтар мен кеңестердің қалалық, аудандық филиалдарынан өкілдері қатысты. Өңірдегі белсенді әйелдер жұмыс жоспарының орындалу барысын талқылап, жүйелі түйткілдерді ортаға салды, келесі жылдың мақсат-міндеттерін айқындады.

Панфилов ауданының әкімі Бердәулет Абдулдаев әйелдердің кәсіпкерлік қауымдастығы аудан экономикасының дамуына зор үлес қосқанын атап айтты. Бүгінде аудандағы бизнес-ханымдар ауыл шаруашылығында, фармацевтикада, білім саласында белсенді жұмыс жасап жатыр. Бизнес-құрылымдардың салық төлемдері аудандық бюджеттің 45%-ын құрап отыр, 22 мың адам жұмыспен қамтылған.

Өңірлік кеңестің, Алматы облысы Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Римма Салықова кәсіпкер әйелдерге атқарған жұмыстары үшін алғыс білдірді, осы бағытта белсенді қызмет атқара беруге шақырды.

Қазіргі таңда Жаркент өңірінде 62 мың әйел бар, олардың 30%-ы бизнеспен шұғылданады. Панфилов ауданының Іскер әйелдер қауымдастығы мен Іскер әйелдер кеңесінің филиал басшысы Суриям Ізімованың айтуынша, аудандағы әйел кәсіпкерлер жыл өткен сайын көбейіп келеді.

«Біздің әйелдер осы жылдар ішінде аудан экономикасына 1,5 млрд теңге табыс түсірді, жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындары ашылды. Мәселен біздің әріптесіміз Махинұр Аюпова жаңа наубайхана ашты, наубайханасы заманауи техникамен жарақталған. Бануля Разиева мемлекеттік бағдарлама арқасында мал шаруашылығын дамытып отыр. Балшекер Жәпішева бизнесін кеңейтіп, жаңа дәмхана ашты. Мұндай мысалдар жетіп артылады», – деді Суриям Ізімова. Кәсіпкер Ұлболсын Аманбаева «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастық халықаралық орталығы аумағында сауда жасап жүр. Айгүл Әлімжан Қытайдан инвестор тауып, жүн өңдеумен айналысуды көздеп отыр.

Бизнестен бөлек, әйелдер әлеуметтік жауапкершілікті де арқалап келеді. Тұрғындар наубайхана иесі Махинұр Аюпова мұқтаж жандарға тегін нан тарататынын біледі. Екі көпбалалы отбасыны Урият Семятова бағып отыр, ол мереке сайын балаларға сыйлық жасап, мектеп құралдарын алып береді. «Здоровье» ЖК директоры Роза Хайбуллинаны балалар үйінде «өкіл ана» деп атап кеткен. Ол ай сайын балаларды туған күнімен құттықтап барады. Жетім балалар мен ата-анасының қолдауынсыз қалған балаларға мейлінше қамқорлық жасайды.

Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Мамила Мұсабекова ауылдағы жұмыссыз әйелдерді қолдаудың маңызына тоқталды. Ол үшін кеңес түкпірдегі аудандарға барып, ауыл әйелдеріне семинарлар өткізді.

«Іскер әйелдер кеңесі әйелдер бизнесін талқылауға, түйткілдерін шешуге арналған 30-дан аса кездесу, жиналыс, форумдар мен семинарлар ұйымдастырды. Қызмет көрсету аясында әйелдерге арнап 1500-ден астам кеңес берілді. ӨКП қолдауымен әйел кәсіпкерлердің инвестициялық жобалары арқасында 615 млн теңге игі істерге жаратылды», – деді Кеңес басшысы.

Мерекелік шара аяқталысымен Римма Салықова аудан басшыларына кәсіпкерлікті қолдағандары үшін алғыс айтып, Бердәулет Абдулдаевқа Алматы облысы Іскер әйелдер қауымдастығының «25 ізгі істің керуені» мүсінін сыйға тартты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер