«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Балабақшалардың болашағы бұлыңғыр...

2016 жылғы 21 Желтоқсан
- Жетісу облысы
8557 просмотров

Заңнаманың шикілігінен мектепке дейінгі мекемелер жабылып қалуы мүмкін

Қазақстанның мектепке дейінгі білім беру қауымдастығының Алматы облыстық бөлімінің өкілдері мен мемлекеттік органдар облыстағы мемлекеттік-жекеменшік серістестік мәселелерін талқылады. Проблемалар мен қиындықтар жиналып қалған екен. Облыстағы мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің белсенді дамуына қарамастан, көптеген мәселе шешілмей жатыр дейді кәсіпкерлер.

Бүгінгі таңда бизнес заңнаманың жетілмеген тұстарымен бетпе-бет келуде, қадағалау органдарының ұшы-қиыры жоқ тексерістері бітер емес. Балабақшаның қызметіне білім басқармасымен және оның бөлімдерімен арадағы байланыстың нашарлығы да әсер етіп жатыр.

Қауымдастықтың Талдықорған қалалық филиалының директоры Маржан Ахметжанова өңірде мектепке дейінгі мекемелердің білім беру және тәрбие жұмысына бөлінген мемлекеттік қаржының игерілуін тексеру тым жиілеп кеткенін айтты. Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына (№387 – 21.08.12) сәйкес, әдістемелік кеңестерде мектепке дейінгі білім беру мен тәрбие ісіне жоспарлаған қаржылық есебінде, сабаққа 1-2 күн себепсіз келмей қалған баланың ақшасы қарастырылмаған, сондықтан бұл ақша ұсталып қалады не қайтарылады.

«Республика бойынша осындай жағдайлар өте көп, нәтижесінде көптеген мектепке дейінгі мекемелер жұмысын тоқтатып жатыр, кейбірі мемлекеттік органдардың ақшаны қайтару туралы шарттарымен келіспей, мемлекеттік тапсырыс аясындағы келісімге қарсы келіп, 1-2 күн келмей қалған баланың ақшасын қайтармау үшін соттасып жатыр. Қызылордада осындай жағдай орын алып, сот жергілікті мемлекеттік органның шағымына қарсы шешім шығарып, сабаққа аз күн келмей қалған баланың орны сақталды, өйткені бала сабақта болмағанымен, мекеме толық жұмыс күнін атқарады, сондықтан мемлекеттік органның талабы негізсіз деп табылды. Оның үстіне медициналық мекемелер 1-2 күн үшін анықтама бермейді», – дейді М.Ахметжанова.

Қауымдастық БҒМ осы нормативтік құқықтық актінің жемқорлыққа ілік болмауын қадағаласа екен дейді. Кәсіпкерлік қауымдастықтың шағымынан кейін министрліктегілер қазіргі таңда өзгерістер енгізіп жатқан көрінеді, сол өзгерістерге сай ата-анасының өтінішімен балабақшаға үш күн бойы келмеген баланың ақысы мектепке дейінгі мекемелерге төленетін болады. Оның үстіне жекеменшік балабақшалардың басшылары мемлекеттік тапсырыс арқылы тәрбиеленетін балалардың ата-аналар төлейтін ақының мөлшеріне наразы. Жыл сайынғы ақыны өңірлік әкімдік белгілейді.

«Ата-аналар төлейтін қаржыға Санитарлық ережелер мен нормалар бойынша тамаққа жұмсалатын ақша ғана емес, кәсіпкердің несиелік төлемі, балабақшаны дамыту мен қамтамасыз ету шығындары кіреді. Егер бизнестің инвестициялық тартымдылығы болмаса, ондай бизнес кімге керек? Кәсіпкердің Конституцияда көрсетілген кәсіпкерлік құқығына нұқсан келеді, осыдан кейін кәсіпкер мекемесін жабуға немесе мемлекеттік тапсырыстан бас тартуға мәжбүр болып, ақырында ата-аналардан алатын ақыны қымбаттатуға тура келеді, ал кейбір балабақшалар «бармақ басты, көз қыстымен» жұмыс жасай бермек», – дейді Мектепке дейінгі білім беру қауымдастығының Алматы мен Алматы облысы бойынша филиалының директоры Күләнда Батырбекова.

Кәсіпкерлердің ойынша, мемлекеттік тапсырысты жекеменшік балабақшаларға берудің тетіктерін тағы бір рет қарастыру керек, сосын Мектепке дейінгі білім беру қауымдастығының өкілдерін қабылдау комиссиясының құрамына, аттестация комиссиясының, мемлекеттік білім беру тапсырысының қаржысын есептейтін және бөлетін бюджеттік комиссия құрамына байқау арқылы кіргізу қажет делінді. Ережеге қарамастан балабақшаларда бірдей есептік бағам әлі де жоқ.

Бейнеконференция арқылы осы жиынға қатысқан аудандардағы жекеменшік балабақшалардың басшылары да өз пікірлерін жеткізді. Кәсіпкерлердің сауалдары мен ұсыныстарына прокуратура қызметкерлері, білім басқармасы мен мемлекеттік кіріс департаменті өкілдері жауап берді, олар бизнес-қауымдастықпен әрдайым бірге жұмыс істеуге дайын екендіктерін жеткізді. Қатысушылар қордаланып қалған өзге мәселелерді талқылау үшін, келесі жылы тағы бір кездесу өткізетін болып тарқасты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер