«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Мемлекеттік мекемелер Кәсіпкерлік кодексінің талаптарын бұзып отыр

2016 жылғы 21 Желтоқсан
9325 просмотров

Заңдағы қайшылықтар кәсіпкерлердің апаттық-құтқару жұмыстарына қатысуына кедергі келтіріп отыр

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметімен келісімшарт жасау талабын алып тастау мәселесіне қатысты отырыс өтті. Кездесуді ҰКП Қоғамдық мониторинг және әкімшілік кедергілермен жұмыс жасау департаментінің директоры Ербол Өстеміров жүргізді. Жиналысқа ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті, ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комиеті, ҚР Өрттің алдын алу және  апаттық-құтқару қызметі қауымдастығы, Қазақстан жанармай қауымдастығы өкілдері мен өзге де мүдделі тұлғалар қатысты. Палата алаңында апаттық-құтқару қызметін ұйымдастыру ісін бәсекеге қабілетті ортаға беру туралы ұсыныс айтылды.

Айта кетерлігі, Ұлттық кәсіпкерлер палатасына ҚР ИДМ Индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті тарапынан кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметімен келісімшарт жасауға («ҚР Өрттің алдын алу және  апат-құтқару қызметі қауымдастығы» ЗТБ, «Өрт сөндіруші» ЖШС, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС) байланысты заңдағы қарама-қайшылықтар туралы шағымдар келіп түскен.  

Аталған мәселе биылғы жылдың сәуір айында «Атамекен» ҰКП жанындағы Сыбайлас жемқорлық және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысында қаралған еді. Кеңестің «Азаматтық қорғау туралы» заңнан «кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметі және оның қалыптасуы» түсінігін алып тастау туралы шешімі Инвестициялар және даму министрлігі басшылығы тарапынан қолдау тапқан екен. Алайда, аталған ұсынысты Ішкі істер министрлігі қолдамағанға ұқсайды. Сол себепті, заңға түзетулер әлі күнге дейін енгізілмепті.

Сонымен бірге, ҚР Кәсіпкерік кодексінің 143-бабының 3-тармақшасына сәйкес, тексеріс қағаздарында бекітілген талаптарға тексеру жүргізуге болатыны анықталған. Ал, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы тексеру қағаздарында «кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметімен келісімшарт жасау» туралы талап көрсетілмеген. Бұл ретте, Комитет және оның аумақтық департаменттері тексеру нәтижелері туралы актілер мен жарғыларда – «кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметімен келісімшарттың болмауын» заңбұзушылық деп қабылдайтын көрінеді.

Ал, «Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметі» РМК Индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетіне бағынышты мекеме болып табылады. Тиісінше, Комитет және оның аумақтық департаменттері тексеру қағаздарында белгіленбеген талаптарды кәсіпкерлерден талап ете отырып, Кәсіпкерлік кодексі ережелерін бұзған екен. Сондай-ақ, аталған орган өкілдері осы әрекеттерімен ведомствоға бағынышты кәсіпорынға қолдау көрсетіп отырғандықтарын аңғартқан. 

Осыған орай, «Атамекен» ҰКП ҚР Бас прокуратурасына тексеру қағаздарында бекітілмеген ережелерге, Комитет және оның құрылымдық бөлімдерінің талап ету ісіне құқықтық баға беру қажет және заңға қарама-қайшы әрекеттерге жол бермеу мақсатында прокурорлық қадағалау шараларын қолға алу керек деген сипаттағы хат жолдады. Алайда ҚР Бас прокуратурасы ҚР Үкіметіне жолданған ұсыныс аясында, аталған келеңсіздікті жоюға қатысты жұмыстар жүргізіліп жатқандығын мәлімдеген.

Кен өнеркәсібі кәсіпорындары қауымдастығының айтуынша, бизнесте мемлекеттік құрылымдар қызметінен сапалы әрі арзанға түсетін, жоғары деңгейдегі апаттық-құтқару бригадасын құруға болады екен. Мәселен, «Еуразиялық топ», «АрселорМиттал Теміртау», «KAZ Minerals», «Қазақмыс» сынды ірі компаниялар қазірден бастап-ақ аталған жұмысты қолға алуға әзір екендіктерін жеткізген. Десе де заңдағы олқылықтар мұны жүзеге асыруға кедергі болып тұр.

Сонымен бірге, жиналыста аталған қызметтер адам қауіпсіздігіне қатысты болғандықтан, саланы нарық қатысушыларына бере отырып, осыған сәйкес тиісті жағдай жасау қажеттігі туралы да сөз қозғалды.

Кездесуді қорытындылаған Ербол Өстеміров өңірдегі әріптестеріне апта соңына дейін көтерілген мәселе төңірегінде өз пікірлерін ұсыну туралы өтініш жасады. Бұл өз кезегінде, мәселені орталық аппарат қарауына ұсынып, оны одан да жоғары деңгейде қарауға мүмкіндік бермек.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер