«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Аккумуляторға сұраныс артуда

2016 жылғы 14 Желтоқсан
- Жетісу облысы
9507 просмотров

«Қайнар-АКБ» Қазақстан нарығын  толықтай дерлік отандық аккумуляторлармен қамтамасыз етіп отыр

Қазақстандағы аккумулятор шығаратын жалғыз отандық зауыт «Қайнар-АКБ» өзінің жұмысын қорытындылады. Кәсіпкерлер палатасында өткен брифингте Қадағалау кеңесінің төрағасы Қуаныш Әжмағанбетов, биылғы жыл компания үшін табысты әрі жемісті болғанын атап өтті.

«Біз биыл ҚХР-ға аккумулятор тасымалдауды жолға қойдық. Айта кетерлігі, Қытай нарығына шығу өте қиын екені бәрімізге белгілі. Алайда, біздің қолдан бұл іс келді және алдағы уақытта тасымалданатын өнім көлемін арттыруды көздеп отырмыз. Сонымен қатар, Польшамен өнімді сату жөніндегі келісімшартқа қол қойдық. Енді өз өнімімізді Еуропа нарығына да шығармақпыз. Ал, келесі жылы өкілдігімізді Германиядан ашуды көздеп отырмыз», – деді Қ.Әжмағанбетов. Сондай-ақ, оның айтуынша, кәсіпорын бүгінгі таңда Қазақстанның 90%-ын отандық аккумуляторлармен қамтамасыз етіп отыр екен. Оған деген сұраныс алдағы уақытта да өсе бермек.

«Бүгіннің өзінде Талдықорған жолдарында көлік көп, сәйкесінше, кептелістер орын алуда. Көлік сатып алушылар саны да өсіп жатыр және алдағы уақытта да автокөліктерге деген сұраныс артады береді деген ойдамыз», – деп атап өтті Қадағалау кеңесінің төрағасы Қуаныш Әжмағанбетов.

Биыл «Қайнар-АКБ» 1 млн 700 мыңнан астам аккумулятор шығарған. «Kainar» және «Bars» аккумуляторларын ребрендингтеу ісі жүзеге асырылған. Сонымен қатар, брифингте, компания басшысы қызметкерлердің жалақысы мен олардың әлеуметтік жағдайына баса назар аударылатынын қадап айтты. Осылайша, зауыттың қатардағы қызметкері 150 мың теңгеге жуық еңбекақы алады екен. Бұл Талдықорған өңірі үшін айтарлықтай жоғары жалақы дейді компания өкілі. Сонымен қатар, кәсіпорын жанынан қызметкерлерді оқытып, біліктілігін арттыратын оқу орталығы да ашылған.

Маркентинг бөлімінің маманы Айдана Ратаева, компанияның экологияны дамытуды белсенді түрде қолдайтынын жеткізді.

«Біз «Engitec Technologies» бағдарламасын жүзеге асырып келеміз. Оның аясында «Экологиялық таза қала» жобасы іске қосылды. Зауыт аумағында оны пайдалану бойынша ауқымды акция іске асырылуда», – деді спикер.

Қадағалау кеңесінің төрағасы Қуаныш Әжмағанбетов, «Ұлы дала елі» брендінің аталған мекемеге табысталуы биылғы жылдың басты жетістігі екенін атап өтті. Айта кетер жайт, аталған марапат жыл сайын елдің үздік экспорттаушыларына табысталады.

«Әрине, біз мұндай сыйға ие боламыз деп ойламаған едік. Десе де аталған аталымға лайық болу біз үшін үлкен мәртебе. «Ұлы дала елі» мәртебесі – ол өнім сапасы мен компания жұмысына берілген баға. Бренд имиджді жақсартып, Қазақстанның әлемге танылуына жол ашады», – деді ол.

Қайнарлықтар сондай-ақ, ел Тәуелсіздігінің 25 жылында қол жеткізген 25 жетістік туралы ой бөлісті. Кәсіпорын «Қазақстан темір жолы» мен «Қазақтелекомға» қажет, бұрын-соңды Қазақстанда шығарылмаған стационарлы индустриалды аккумуляторлар құрастыра бастаған. Осы арқылы компания, ТМД елдерінің телекоммуникация және теміржол саласындағы тұтынушыларын тартуды көздеп отыр.

Келер жылы «Қайнар-АКБ» Қазақстан мен әлем бойынша өз филиалдарын кеңейту ісін жалғастырмақ. Қазіргі таңда, Қазақстанда  29 дилерлік орталық пен 2 филиал (Астана, Алматы) жұмыс істейді екен. Компанияның экспорт бойынша Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Беларусь және Қытай сынды елдерде 21 серіктесі бар. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер