«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Төл туынды табыс әкелсе

2016 жылғы 02 Желтоқсан
- Жетісу облысы
10270 просмотров

Жас ғалымдар кәсіпкерлікке жұмылса игі

Кәсіпкерлер палатасы Әділет департаментімен бірге, осымен екінші жыл қатарынан жас өнертапқыштарға арналған «Шапағат» байқауын ұйымдастырып келеді. Биыл байқау «25 игі іс» республикалық акциясы аясында өткізілді. «Шапағат» өнертапқыштарды насихаттауға және қолдауға, ізденімпаз жастарды зияткерлік-шығармашылық тұрғыдан ынталандыруға, келешегі жарқын өнертабыстарға қолдау көрсетуге бағытталған.    

Биыл байқауға қалалық мектептер мен лицейлердің оқушылары қатысты. Оқушылар өз қолымен жасаған роботтардан бастап қағаздан ойып жасаған дүниелеріне дейін назарға ұсынды. Қатысушылардың айтуынша, әр жобаны іске асыру үшін, үш ай мен бір жыл аралығында мерзім қажет болған. Жұмыстарды Әділет департаменті, Кәсіпкерлер палатасы, «Жас техник бекеті» үйірмесінің өкілдері бағалады. Әділ-қазылар жүлдегерлерді өнертабыстардың инновациялық тиімділігіне, жаңашылдығына қарап анықтады.

«Білім инновация лицейінің» оқушысы қолда бар заттардан ұшқышсыз ұшу аппаратын құрастырған, ол шетелдік балама құрылғыдан әлдеқайда арзанға түседі екен. Арақашықтықтан басқарылатын кран төтенше жағдай кезінде апат болған жерді қалдықтардан аршып, адам іздестіруге көмектеседі дейді өнартапқыш. Телефонға арналған ерекше аккумулятор қатысушылардың бәрін таң қалдырды. Бұл қуаттандырғыштың басқа құрылғылардан сыртқы түрі жағынан ешқандай айырмашылығы жоқ, бірақ телефонды электр қуатымен емес, жай батарейкамен қуаттандырады. Сайысқа қатысушыларға тек қазылар ғана емес, залдағы оқушылар, мұғалімдер мен кәсіпкерлер де сұрақ қойды.

Байқаудың нәтижесі бойынша №24 мектептің, №1 мектептің және «Білім инновация лицейінің» оқушылары жасаған үш жоба үздік деп танылды. Жас өнертапқыштар дипломдармен, қаржылай сертификаттармен марапатталды. Бас демеушілер – Орталық Азия Университеті мен «ТАТЭК» АҚ. Бұл байқауға кәсіпкерлердің қатысуы тектен тек емес. Жас ғалымдарды қолдай отырып, кәсіпкерлер, отандық технологияны дамытуға үлес қоспақ. Өйткені кәсіпкерлер қазіргі уақытта инновациялық жобаларды енгізуге қажеттілік туып тұрғанын жақсы түсінеді.    

Байқауда Кәсіпкерлер палатасы Адам капиталын дамыту бөлімінің басшысы Алмагүл Оңғарбаева сөз сөйлеп, оқушыларды кәсіпкерлік бастаманы одан әрі жетілдіре беруге шақырды.   

«Осында қатысып отырған бір қыздан жобасының келешегі туралы не ойлайтынын сұрағанымда, ол достары мен жақындарына сыйлайтынын айтты. Сыйлық деген, әрине, жақсы. Бірақ бұл жұмысты бизнеске айналдыруға болады. Өнертабыс – ол сіздің комерциялық өніміңіз, ары қарай оны сатып, өз ісіңізді ашуға болады. Бірақ бұны мектепте үйретпейді, осы мәселені қазірден ойластыруымыз қажет», – деді А.Оңғарбаева.   

Әділет департаментінің өкілдері де өнімді патенттеудің маңыздылығына тоқталды. Зияткерлік меншік құқықтары жөніндегі бөлім басшысы Алмазбек Айнақұлов зияткерлік меншікті қалай қорғау керектігі туралы айтып берді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер