«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Әуресі көп электронды шот-фактура

2016 жылғы 30 Қараша
- Жетісу облысы
7354 просмотров

Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Бухгалтерлер клубының екінші отырысында электронды шот-фактура енгізу мәселелері талқыланды

ӨКП директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Әсет Шаяхметов күнтәртібіндегі мәселелерді талқылауда мамандар белсенділігін сөз ете отырып, «клуб өзекті мәселелерді талқыға салатын, мемлекеттік органдардың өкілдеріне сұрақ қойып, жауап ала алатын алаңға айналғанын» жеткізді. Ол, сондай-ақ, басқосуға Мемлекеттік кірістер департаменті өкілдері қатысып, барлық сауалдарға қатысты түсініктеме беріп, ақыл-кеңес ұсынып отыратынын атап өтті.

Бухгалтерлер клубының екінші отырысына Талдықорған қаласы мен жуық маңдағы аудандардан 30-ға тарта маман келген. Сонымен қатар, Кәсіпкерлер палатасының Facebook-тегі парақшасында онлайн-трансляция арқылы клуб жұмысын облыс аудандары да тамашалай алды.

Негізгі дәріс оқушылар қатарында Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының жетекшілері болды. Осылайша, МКД түсіндіру жұмыстары басқармасының жетекшісі Жанболат Өксікбаев ескерту жасау реті, шетелден әкелінетін қаражат пен өзге де мүлік туралы айтып берді.

«Егер қызмет құқықтық көмек көрсету, кеңес беру, қоғамдық пікірді зерттеу және сауалнама жүргізу, ақпарат жинау, талдау және оны таратуға қатысты болса, Мемлекеттік кірістер департаментіне ескерту жіберіледі. Шетелдік қаражатты немесе мүлікті алғаны туралы мәліметті, келісімшарт жасасқан күннің ертеңінен бастап 10 жұмыс күні ішінде жолдау керек.  Алынған немесе жұмсалған қаражат туралы ақпарат есеп беру тоқсанынан кейін, екінші айдың  15-іне дейін ұсынылуы тиіс», – деп хабарлады Ж.Өксікбаев.

Клуб модераторы, Кәсіпкерлер палатасының жобаларды сүйемелдеу бөлімінің сарапшысы Анар Қалабаева қатысушыларға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру саласындағы соңғы өзгерістерді таныстырды.

«Енгізілген түзетулерге сәйкес, мемлекеттің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төлеу мерзімі 2017 жылдың 1 шілдесінен 2018 жылдың 1 қаңтарына шегерілді. Азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт бойынша табыс кіргізіп отырған жұмыс берушілердің, жеке кәсіпкерлердің, жекеменшік нотариустардың, жекеменшік сот орындаушыларының, адвокаттардың, кәсіби медиаторлардың, жеке тұлғалардың жарналары мен аударымдарын Қорға аудару уақыты 2017 жылдың 1 қаңтарынан 2017 жылдың 1 шілдесіне ауыстырылды. Қызметкерлер жарналарын,  жұмыс берушілер жұмысшылар кірісінің 5%-дық мөлшерін аударып отырады. Алайда бұл ереже 2020 жылдан бастап өз күшіне енеді. Осылайша, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап жарналар нысандарынан 2%, 2018 жылы 3%, 2019 жылы 4%, 2020 жылдан бастап 5% аударылатын болады», – деп түсіндірді сарапшы.

Сонымен қатар,  Анар Қалабаева былғары бұйымдарын таңбалаудағы өзгерістерге де тоқталып өтті. Аталған мәселе кәсіпкерлер үшін маңызды болып саналады. Себебі, заңда таңбалауға қатысты талаптарды орындамағаны үшін, кәсіпкерлерді әкімшілік жазаға тарту қарастырылған. Осылайша, 23 қыркүйектен бастап, ҚР Үкіметінің №539 «Былғарыдан жасалған киім бөлшектері, киім бұйымдары мен өзге де бұйымдар» тауар түрлері бойынша, тауарларға бақылау (идентификациялық) белгілерін енгізуге қатысты 2015-2016 жылдарға арналған пилоттық жобаны жүзеге асыру шаралары туралы» қаулысы өз күшіне енген. Сондықтан былғары бұйымдарын шығару, әкелу, сатумен айналысатын кәсіпкерлерге, бұйымдарды таңбалау ісін қолға алу қажет.  Сондай-ақ, пилоттық жобаны жүзеге асырып, оны іске қосудың басты талаптарының бірі, сауда бірлігінің жаһандық сәйкестендіру нөмірін (GTIN) алу болып отыр. Айта кетерлігі, оған «GS1 Қазақстан» қауымдастығына мүше болу арқылы қол жеткізуге болады.

Басқосуда қаралған басты тақырыптардың бірі электронды шот-фактураларды (ЭШФ) енгізу мәселесі болды.  Аталған мәселе бухгалтерлер клубының бірінші отырысында да қаралған еді. Алайда, ЭШФ төңірегінде әлі күнге дейін өз шешімін таппаған күрмеуі көп мәселелер жетіп артылады екен. Осылайша, Алматы облысы Мемлекеттік кірістер департаменті Кедендік одақтан және үшінші елдерден әкелінетін импортты басқару бөлімінің басшысы Жеңіс Ердәулетұлы, салық салушылардың ЭШФ толтыру реті туралы толық баяндап берді. Сондай-ақ, ол клуб қатысушылары арасында сауалнама жүргізу барысында туындаған бірқатар сұрақтарға да жауап берді. «Бостон» ЖШС бухгалтері ЭШФ жүйесінің әлі де толыққанды жетілдірілмегендігіне қатысты мәселе көтерді. Оның айтуынша, электронды жүйе күніне 200-ден астам шот-фактураны жүктеуге мүмкіндік бермейді екен. Бұл кәсіпорындағы жалғыз мәселе емес көрінеді.

Аталған мәселені шешу мақсатында,  Жеңіс Ердәулетұлы жеке қабылдауына шақырып, орын алған кедергілерді шешуге атсалысатынын жеткізді. Осыған байланысты, Бухгалтерлер клубының келесі отырысын Мемлекеттік кірістер департаменті алаңында өткізу жоспарланып отыр. Салық қызметі мамандары барлық сұрақтарға жауап беріп, ЭШФ-ны енгізуге қатысты оқыту өткізеді деп күтілуде.  

Естеріңізге сала кетейік, өзара тиімді жұмыс жасау әрі шұғыл жауап беру мақсатында Бухгалтер клубы қатысушыларының онлайн-чаты мен электронды поштасы – club.buh.ao@gmail.com іске қосылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер