«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Сырт көз – сыншы

2016 жылғы 22 Қараша
- Жетісу облысы
10276 просмотров

Канадалық сарапшы жиһаз құрастыратын кәсіпорынға кеңес бере бастады

Кәсіпкер үшін жан-жақты даму, жаңа технологияларды игеру, басқа да тәжірибелерімен бөлісу және алмасу өте маңызды. Алайда бұл шараларды іске асыру үшін барлығының бірдей мүмкіндігі мен ақшалай қаражаты бола бермейді. Осы істе «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында «Аға сеньорлар» жобасы кәсіпкерлерге көмектесіп келеді.

Шетелдік мамандардың сарапшылық көмегі мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асырылады. Бизнесмен бар болғаны Кәсіпкерлер палатасы арқылы өтініш білдірсе болғаны. Осы жылы жоба сарапшылары Талғар ауданының «Сырат» ЖШС-на, Көксу ауданының «Palm-EC» ЖШС-на консультациялық көмек көрсетті. Таяуда тағы бір маман – жетпіс жастағы канадалық сарапшы Рольф Хединг Жамбыл ауданының «Жетісу-Жамбыл жиһазы» ЖШС-на келді.

Жиһаз өндірі саласында Рольф Хедингтің тәжірибесі мол. Ол ұзақ уақыт жиһаз шығаратын кәсіпорынды басқарған. Бүгінгі таңда сарапшы ісін баласына тапсырған, ал өзі дүниежүзін шарлап, консалтингтік қызмет көрсетеді. Бұрынырақта ол Канаданың, Колумбияның, Австралияның және Африка елдерінің бірқатар компанияларына кеңес берумен айналысыпты.

Рольф Хедингтің Қазақстанға келуі бірінші рет емес және Ақтөбедегі фурнитуралық компания ұжымына өз кеңестерімен және нұсқаулықтарымен көмектесіп үлгерген болатын.

«Бұл менің Қазақстанға үшінші рет ат басын тіреуім. Әр келген сайын елде шағын және орта бизнестің қалай дамып жатқанының куәсі болам. Өзім зейнеткермін, сөйте тұра осы уақытқа дейін жиған біліміммен бөліскім келеді. Жиһаз өндірісі басқа бизнестер секілді ерекше ыждағаттылық пен мұқият стратегияны талап етеді. Осы жерде менің тәжірибемнің септігі тиеді деп ойлаймын», – дейді Хединг.

Сарапшы «Жетісу-Жамбыл жиһазы» кәсіпорны басшылары мен қызметкерлерінің назарын еңбекті ұйымдастыру әдісіне, материалдар мен құрылғыларды ұтымды пайдалануға аударды. Сонымен қатар қызметті жақсарту және өнімнің дизайны жөнінде іскерлік кеңестер берді.

Канадалық сарапшы ауданда тағы екі апта болады деп жоспарланып отыр. Ең соңында барлық кәсіпкерлер аға сеньорлар қызметін бағалай алады. Алдағы уақытта кәсіпкерлердің пікірі жобаны іске асыру кезінде ескерілетін болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер