«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіпкер көкжиегін кеңейтуде

2016 жылғы 18 Қараша
- Жетісу облысы
6081 просмотров

«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Кәсіпкерлік негіздері» бойынша оқыту аяқталды

Бұған дейін кәсіпкерлік қызметті жандандыруға бағытталған тегін оқытулар Алакөл, Сарқанд, Көксу аудандары мен Талдықорған қаласында өткізілген еді. Жалпы өңір бойынша 391 кәсіпкер оқыту курстарын тәмамдаған. Айта кетерлігі, білім алуға деген сұраныс еңбек өтілі көп кәсіпкерлер тарапынан болған. Олардың айтуынша, кәсіпкерлік негіздері бойынша оқу курстары істі жоспарлауда қайта қарап, жаңа білімге қол жеткізуге мүмкіндік береді екен. 

Курстарда заңға қатысты ерекшеліктермен бірге, бизнесті жүргізудің психологиялық әрі әлеуметтік қырлары туралы айтылды. Себебі, кәсіпкерлерді бәрінен бұрын өз бизнесін дамыту мәселесі көп толғандырады екен. Бизнес-тәлімгер, оқытушы Бақытжан Бектеновтың айтуынша, кәсіпкерлерге клиенттермен тиімді жұмыс жасау тәсілін жолға қою керек. 

«Кәсібін енді ашып жатқан кәсіпкерлер жіберетін көп қателіктердің бірі, олардың бизнестің болашағы – сату нарығы, клиеттер туралы ойламайтындығы болып отыр. Олар бірден бизнес ашуға асығып  тұрады. Алайда, бүгінде, клиенттермен жұмыс жасауға жауапкершілікпен қарап, ең алдымен, оларға басымдық беру жағын ойластыру керек. Мұндайда кәсіпкер өндірістің маусымдық екенін, оның қалыптылығын ескерген жөн. Сол себепті, мәселені зерделеп алғаннан кейін ғана істі бастаған абзал», – деді ол.

Бақытжан Бектеновтың айтуынша, кәсіпкерлер ноу-хау енгізгені үшін, ақы төлеу керектігін түсінуі тиіс.

«Көбі жаңа технологиялар жайлы айтып жатады, алайда іс жүзіне келгенде, олардың ешқайсысы оны енгізіп жатқан жоқ. Бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін, сарапшылар мен кеңесшілерді тарту керек. Егер кәсіпкерлер бизнесін одан әрі дамытамын десе, ол үшін қаржы шығаруы тиіс. Сондықтан, санамызда бір реттік келісімшарттан гөрі, тауарды сатылымға шығаратын  жаңа нарықтар табу сияқты ойларға басымдық бергеніміз жөн», – деді ол.

Сонымен қатар, курстарда кәсіпкерлерге клинеттердің көңілінен табудың қыр-сыры әңгімеленді. Мәселен, компанияда балаларға арналған орын болса, ол клиент назарын аударып, оның осы жерге қайта оралуына себеп болады екен. Бір қарағанда, қарапайым тәсіл болып көрінгенімен, мұндай әрекеттер клиенттің қызығушылығын арттырып, оның есінде қалары анық. 

Курста еңбекті ұйымдастыру мәселесі де сөз болды. Дәріс оқушылардың пікірінше, кәсіпкерлердің көпшілігі күнделікті жұмыс күндерін тиімсіз ұйымдастырады екен. Сарапшылардың сөзіне сенсек, егер кәсіпорынның өнімділік мөлшері төмен болса, бұл үшін жұмысшылар кінәлі емес. Ең әуелі, бұған кәсіпорын қызметін бір жолға қоя алмаған жұмыс берушінің өзі кінәлі дейді мамандар.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер