«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бағдарлама төңірегіндегі пікірлер

2016 жылғы 16 Қараша
- Жетісу облысы
7174 просмотров

Текелі кәсіпкерлері жұмыспен қамту мәселелерін талқылады

Текелі қаласы Кәсіпкерлер палатасының бастамасымен «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында көрсетілетін қолдау шараларын түсіндіруге арналған дөңгелек үстел өтті. Палата, Жұмыспен қамту орталығы, кәсіпкерлік бөлім өкілдері кәсіпкерлерге әлеуметтік жұмыс орындарына қатысу, инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыру мүмкіндіктері туралы әңгімелеп берді.

Мемлекеттік бағдарламалардың белсенді түрде насихатталғанына қарамастан, кәсіпкерлер арасында аталмыш бағдарламалар туралы бейхабар адамдар жиі кездеседі екен. Салдарынан, олар жобаларды жүзеге асырудан тыс қалып жатады. Мәселен, биыл облыстың бірде-бір кәсіпорны еңбекақыны субсидиялау бағдарламасын пайдалана алмаған көрінеді. Бағдарламаға сәйкес, әлеуметтік жұмыс орындарымен қамтамасыз етілген жандарға ай сайын еңбекақы төленіп отырады. Бизнес өкілдерінің «қалт кеткен тұсы» туралы тек Палатаның Жұмыспен қамту орталығына жіберген өтінішінен кейін белгілі болды. Ал мемлекеттік орган өкілдерінің айтуынша, кәсіпкерлер аталған бағдарлама туралы білген.

Кәсіпкерлер сонымен қатар, «Жұмыспен қамтудың жол картасындағы» тағы бір тармақты пайдалана алмай отырғандарын жеткізген. Бұл ретте, кәсіпкерлер білікті қызметкерлердің жоғалған кірісінің үштен екісін субсидиялау туралы мәселені көтеріп отыр.  Ережеге сай, аталған қызмет жұмыскерлер саны 250 адамнан кем емес өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындарға көрсетіледі екен. Алайда, Текелі моноқала болғандықтан, көптеген кәсіпорындарда жұмысшылар саны қойылған талаптарға сай келмейді. Сол себепті, кәсіпкерлер бағдарлама ережелерін моноқалаларға лайықтап өзгертуді сұрап отыр. Олардың пікірінше, қолдау шараларын жүзеге асыру үшін, кәсіпорындарды салалық белгілеріне қарай біріктіру қажет.

«Талаптар мен ережелер азаматтар үшін де, бизнес үшін де барынша қолайлы болуы тиіс. Аталған фактор мемлекеттік бағдарламаның барлық бағыттарын тиімді түрде орындауға ықпал етеді», – дейді қалалық филиал директоры Тұрысбек Жұмәділов. 

Бұдан бөлек, дөңгелек үстелде кәсіпорындардағы маман тапшылығы сөз болды. Айта кетерлігі, қалалық Жұмыспен қамту бөлімі Кәсіпкерлерлер палатасының Текелі қаласындағы филиалымен бірлесіп, жыл сайын кәсіпкерлердің сұранысына сай мамандар туралы мәліметтер жинап, әзірлейді. 

Қызу пікірталастан кейін, шараға қатысушылар Кәсіби колледжге барды. Онда кәсіпкерлерге білім беру мекемесінің оқу жоспары мен материалдық-техникалық базасы таныстырылды. Сонымен қатар, бизнес өкілдерімен дуальді білім берудің Жол картасы бойынша әріптестікті одан әрі жалғастыру мәселелері талқыланды. Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Алмагүл Оңғарбаева, оқу орындары кәсіпкерлермен тығыз қарым-қатынас орнату қажет екендігін атап өтті.

«Бүгін әлеуметтік әріптестік туралы 300 келісімшартқа қол қойдық. Сонымен қатар, Германия, Қытай және Ресейдің оқу орындарында жұмыс істейтін шетелдік әріптестеріміз де көмектеседі. Сондықтан, болашақ мамандарды тәжірибе жүзінде оқытудың маңыздылығын кәсіпкерлерге түсіндірдік деген ойдамыз. Сондай-ақ, жалпы білім беру пәндерінің интеграцияланған оқу жоспарларын әзірлеу қажет», – деп кездесуді қорытындылады Алмагүл Оңғарбаева.

dkz.mzsr.gov.kz сайтындағы мәліметтерге сәйкес, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша, жыл басынан бері Алматы облысында 1500-ден астам қатысушысы бар 19 жоба жүзеге асырылуда.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер