«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жас кәсіпкерлер жаңа жобалар ұсынбақ

2016 жылғы 15 Қараша
- Жетісу облысы
8483 просмотров

Жас кәсіпкерлер мектебінің оқу курстарын тағы бір топ аяқтады

Облыста Жас кәсіпкерлер мектебіндегі оқыту курстары аяқталды. Естеріңізде болса, оқыту 31 қазанда басталған еді. Айта кетерлігі, оқыту барысында, тыңдаушыларға бизнесті жүргізудегі құқықтық, экономикалық және әлеуметтік аспектілер, маркентинг, менеджмент және бизнес-жоспар құрудың қыр-сыры үйретілген.

Бес күндік оқу курсын тәмамдағанын айғақтайтын сертификаттар 40 адамға табысталды. Олардың көпшілігі кәсібін енді ашып жатқан кәсіпкерлер мен студенттер. Курсты тәмамдаушы азаматтардың бизнес-жоспарлары кәсіпкерліктің барлық салаларын қамтыған.

«Жоба жастар бизнесін дамытуға және оны қалыптастыруға қолдау көрсетуді көздеп отыр. Олар ерекше назар мен тиянақтылықты талап етеді. Сондықтан жастарға мамандық таңдауға көмектесіп, бизнес жүргізу жолдарын көрсетуге тиіспіз. Бұл мақсатта, «Жас кәсіпкер мектебі», «Бизнес-кеңесші», «Бизнес-Өсу» және т.б. құралдар қарастырылған», – дейді бизнес-тренер Қайрат Оңғаров.

Сондай-ақ, ол барлық түлектер, бірден бизнес ашады деген пікір қате екенін алға тартты. 

«Мектепте біз кәсіпкерлікке қатысты базалық білімді бердік. Тағы бір айта кетерлігі, барлық қатысушылардың барлығы дерлік осы салаға қатысты тың дүниелерді білуі үшін келгендіктерін ескерген жөн. Алайда, бұл оқу курстарын бітіре сала, барлығы тең мүмкіндікке ие болып, бір уақытта бизнес ашып кетеді деген сөз емес. Бастысы, олардың бизнес туралы түсінігі бар, ал одан әрі таңдау жасау өз қолдарында. Бірақ, олар қандай жағдай болса да, кеңес алу мақсатында, Палата көмегіне жүгіне алады. Біздің мамандар мәселелерді шешудің ең тиімді жолдарын ұсынады», – дейді Оңғаров.

Жас кәсіпкер мектебінің түлектері енді Кәсіпкерлер палатасының байқау комиссиясы алдында өтетін жоба таныстырылымына дайындалуда. Онда үздік бизнес-жоспарлар таңдалады деп жоспарланып отыр. Аталған жобалар, сонымен бірге, «Идеялар жәрмеңкесі» байқауында таныстырылатын болады. Ал, жәрмеңкеге қатысушылар «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында мемлекеттік грант ұтып алу мүмкіндігіне ие болмақ.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер