«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шаруаларға шарапаты мол шара

2016 жылғы 10 Қараша
- Жетісу облысы
6139 просмотров

2 мыңнан аса фермер егістік басындағы оқуға қатысты

Облыста «Атамекен» ҰКП Агробіліктілік орталығының семинарлары аяқталды. Өңірдің ерекшелігін назарға ала отырып, көкөніс, бақша дақылдарын өсіру, қой, жылқы бағу, омарташылық, малды асылдандыру, бордақылау алаңдарын ашу, ет және ет өнімдерін өңдеу, аквамәдениет туралы оқулар ұйымдастырылған еді.  

Төрт ай бойы 135 оқу семинары өткізілді, оларға 2124 шаруа қожалығы иесі мен кәсіпорын жұмысшылары қатысты. Семинар тақырыптары әр аудан мен арнаулы бағытқа сай жеке-жеке іріктелді. Семинарға қатысқан әр адамға сертификат берілді.

«Бұл семинарлардың басты артықшылығы – оқу сабақтарының өңірдегі ең ірі әрі жетістікке жеткен кәсіпорындар мен шаруа қожалықтарында өтуі, сарапшы ретінде өз ісіне бекем тәжірибелі кәсіпкерлер таңдалды. Лекторлар қатарында тек отандық ғалым-агрономдар ғана емес, Франциядан, Ресейден, Венгриядан келген шетелдік сарапшылар да болды. Әр семинар өзіндік инновациялық тәсілмен өзгешеленді. Түпкілікті  мақсат – білім мен дағдыны бизнесті жүргізу мен дамытуға пайдалану», – деді Кәсіпкерлер палатасы агроөндірістік даму бөлімінің сарапшысы Дана Жамболатова.  

Семинарға келушілер мемлекеттік қолдау шараларымен танысты, жеке онсультациялар мен кеңес алды.  

Сондай кәсіпкердің бірі – тәжірибелі омарташы, Қарасай ауданының тұрғыны Бақтияр Бейсебаев. Оның айтуынша, семинардың пайдасы мен өнімділігі мол болды. «Өзім бұрыннан омарташы болсам да, семинар кезінде қаншама тың жаңалық алдым. Өнімді сатып өткізу жөніндегі сарапшының айтқандары өте пайдалы болды. Қандай құтыға салып сатқан тиімді екенін айтты, қандай жапсырма қағаз жасатқан дұрыс, бір сөзбен айтқанда бизнестің тиімділігін арттырудың қыр-сырымен бөлісті. Білгенімнің бәрін енді өз тәжірибеме енгіземін», – деп бөлісті кәсіпкер.

Ескелді ауданынан келген «Шығыс» шаруа қожалығының иесі Максим Ким де дәл осындай пікірде екен. Ол семинарға бірінші рет қатысып тұр.

«Семинарға келіп, өзімнің жіберген қателіктерім мен есепке алмаған тұстарымды анық байқадым. Осы жерден үйренген әдістерді енді өзімнің шаруамда келесі жылы  қолданам. Мемлекеттің бизнеске осылай қолдау көрсеткеніне көп рақмет. Семинардың өтуі біз үшін жаңалық, былайша айтқанда мереке, өйткені біз көп уақытымызды егін басында өткіземіз. Мұндай оқуларға қатысуға мүмкіндік бола бермейді», – деп айтты Максим Ким. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер