«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Агроөнеркәсіп комитеті құрылды

2016 жылғы 02 Қараша
- Жетісу облысы
6437 просмотров

Талдықорған қаласындағы кәсіпкерлер кеңесінің жиынында консультативтік-кеңес беру органдары құрамдарын жаңғырту жайы талқыланды

Кездесу Кәсіпкерлер палатасында өтті. Айта кетейік, тамыз айында Талдықорғанда Кәсіпкерлер кеңесі жарғысының тұсаукесері өткен болатын.  

«Кеңестің осы қалада құрылғаны кездейсоқтық емес. Талдықорған – облыс орталығы. Мұнда көптеген бизнес өкілдері жұмыс жасап жатыр. Сондықтан проблема да аз емес. Сіз бен біз кәсіпкерлерді алға сүйрейтін көшбасшы болуымыз керек. Сондықтан әрқайсысымыз өз саламыздың сарапшысы саналамыз. Сол саланың кем-кетігін сіздерден артық ешкім білмейді. Сол үшін кәсіпкерлер Қалалық кеңеске арқа сүйейді», – деп атап өтті Талдықорған қалалық Кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Баниямин Файзулин.

Кеңес басшысының айтуынша, қала әкімі Бағдат Қарасаев кеңес жұмысына қолдау көрсетіп, өзара серіктес болуға ниет білдірген. Әкім келесі отырыстардың біріне қатысуды жоспарлап отыр екен.

Б.Қарасаев қалалық кеңес алғаш жұмыс бастағанда, әкімдік кәсіпкерлермен қоян-қолтық жұмыс істеуге дайын деген еді. Сол сөздің дәлелі – осы жиынға Кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ғафур Құзыбаев қатысып, қалалық кеңеспен тығыз қарым-қатынас орнатпақ екенін мәлімдеді.

Кеңес мүшелері ортақ жұмыс мерзімін бекітіп, салалық комитеттер жасақтамақ. Сондай-ақ қалалық кеңес жанынан агроөнеркәсіп кешенін дамыту комитеті құрылды. Талдықорғанда 238 фермерлік шаруашылық бар. Мұндай комитеттің құрылуы агробизнес үшін өте өзекті болып тұр. Сауда саласындағы кәсіпкерлердің көптігінен жуырда сауда комитеті де пайда болмақ. Сонымен қатар Кеңес мүшелерінің ұсынысымен қызмет көрсету комитеті, өндіріс және құрылыс комитеті құрылады.

Кеңес мүшесі Рустам Хәкімовтің айтуынша, кәсіпкерлердің өзі де қала экономикасын дамыту жұмыстары мен жоспарын жасауға белсенді қатысуы керек. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда осы бағытта кәсіпкерлердің пікіріне ешкім құлақ аспауда.

Қатысушылар жиында консультативтік-кеңес беру органдарының (ККО) құрамын қайта жасақтау мәселесін көтерді. Бүгінгі таңда Талдықорған қаласы әкімдігінде 8 ККО бар. Олардың құрамына бизнес-қауымдастық мүшелері де кірген. Кәсіпкерлер палатасының Алматы облысы бойынша Өңірлік кеңесінің төрайымы Римма Салықованың айтуынша, аталмыш органның тиімділігіне мониторинг жасау қажет.

«Бүгінгі таңда ККО белсенді түрде жұмыс істеп жатқан жоқ. Сондықтан оның құрамын қайта жасақтағанымыз жөн. Өйткені, арасында біздің кәсіпкерлер де бар. ККО үнемі өзара пікір алмасып отыруы тиіс. Кеңес беріп, ұсыныс айтып, хаттама толтырып, оның бәрін жергілікті атқарушы органдардың интернет-ресурстарында жариялап отыруы қажет. Сонда біз олардың нақты немен шұғылданып жүргені туралы хабардар боламыз», – деді Өңірлік кеңестің басшысы Римма Салықова.

Бұл мәселе келесі отырыста егжей-тегжей қарастырылмақ. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер