«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жас кәсіпкерлерге жол нұсқады

2016 жылғы 31 Қазан
- Жетісу облысы
6524 просмотров

Жас кәсіпкер мектебі өз жұмысын бастап кетті

Бірден айта кетерлігі, жоба «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау және дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде жүргізіліп жатыр. Жас кәсіпкер мектебі жастардың инновациялық және кәсіпкерлік әлеуетін ашуға көмектесуге бағытталған.

Талдықорған қаласындағы оқу 25 адамнан құралған екі топқа өткізіліп жатыр. Бірінші сабақта қатысушылар бизнестің заңнамалық алғышарттарымен танысты. Бизнес-тренерлер Александр Кузнецов пен Қайрат Оңғаров жастарға жеке кәсіпкерлік, ЖШС, шаруа қожалығын ашу тәртібі мен бизнес жүргізудің қиындықтары мен ерекшеліктері туралы айтып берді.

«Жас кәсіпкер мектебіне студенттер мен жас кәсіпкерлер жиналған. Бұл курстың бірегейлігі – біз беретін кеңестердің кәсіпкерлік саласындағы нақты мысалдарға негізделгендігінде», – дейді Қ.Оңғаров.

Жобаға қатысушылардың бірі – Бағжан Сапиров. Жас кәсіпкер бір жыл бұрын өзінің жеке кәсіпкерлігін ашып, жарнамалық өнімдерді әзірлеумен және шығарумен айналысады. Мектепке қабылдау жүргізіліп жатқандығы туралы әлеуметтік желіден біліпті. Оның айтуынша, Жас кәсіпкер мектебі –  дағды мен білімді жетілдіруге берілген тағы бір мүмкіндік.

Жас кәсіпкер мектебіне оқуға келгендердің енді бірі – Айнұр Рыспекова. Дүниеге сәби әкелген соң, оған бизнеспен айналысу туралы ой келіпті. Біліктілігін жетілдіріп алғаннан кейін, жас бизнес-ханым балалар киімін шығаратын отандық бренд әзірлегісі келеді екен.

«Жарты жыл бұрын балалардың тоқыма киімдеріне тапсырыс ала бастадым. Балалар киіміне сұраныс өте жоғары болғанымен, нарықта балаларға арналған киімдердің қазақстандық бренді жоқ болып шықты. Қазіргі кезде  маркетинг мәселесі туындап тұр. Курста осы тақырып бойынша білімімді жетілдіруді ойлап отырмын», – дейді ол.

Сонымен бірге, оқытушылар Кәсіпкерлер палатасының және Кәсіпкерлікті қолдау орталығының қызметі туралы айтып берді.

Сондай-ақ, алдағы уақытта Жас кәсіпкер мектебінде сарапшылар мен білікті кәсіпкерлердің дәрістерін өткізу жоспарланып отыр.

Оқу аяқталған соң, бизнес-жоспарларын сәтті қорғап шыққан қатысушыларға сертификаттар табыс етіледі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер