«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Дәрі-дәрмек өндірісі неге дәрменсіз?

2016 жылғы 28 Қазан
- Жетісу облысы
6452 просмотров

Компаниялар саланың өзекті мәселелерін ортаға салды

Фармацевтика саласының түйткілді мәселелері Алматы облысы бойынша Жергілікті құрамды мониторингілеу және отандық өндірушілерді ілгерілету жөніндегі комиссияның кезекті отырысында қаралды. Талқылаудан бұрын, Комиссия күн тәртібіне қойылған жұмыс комиссиясының құрамына Машина жасаушылар, жиһаз және ағаш өңдеуші кәсіпорындар қауымдастығының өкілдерін енгізу туралы ұсынысты тыңдады. Жұмыс тәртібі бойынша аталған мәселе Өңірлік кеңестің отырысында қаралады, онда бекітілген талаптар мен өлшемдер ескеріле отырып, шешім қабылданады.

Денсаулық сақтау басқармасы басшысының емдік-алдын алу және лицензиялау жұмыстары жөніндегі орынбасары Ержан Сүлейменов денсаулық сақтау басқармасының сатып алулар жоспары туралы айтып берді. Сонымен, ол ұсынған мәліметтер бойынша, «СҚ-Фармация» бірыңғай дистрибьютері отандық тауар өндірушілермен 28-ден астам дәрілік заттар мен дәрілік бұйым түрлерін жеткізу жөніндегі бес ұзақмерзімді шарт жасасқан. Айта кетерлігі, аталған компаниялардың барлығы дерлік Алматы облысының бизнес-орта өкілдері. Атап өтсек, олардың қатарында «ЭЛЕАС» ЖШС, «Kelun-Kazpharm» ЖШС, «Аксель и А» ЖШС, «Dolce» ЖШС және «Әлмерек» ЖШС бар. Қазіргі таңда басқарма жалпы сомасы 485 млн 200 мың теңгеге тауар сатып алған.

Е.Сүлейменов айтып өткендей, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңды түсіндіру мақсатында үйлестіру штабы құрылған. Комиссияның тең төрайымы, ӨКП директоры Ләззат Шыңғысбаева сақтандыруды енгізумен айналысатын нарық қатысушыларымен кездесу өткізу қажеттігін тілге тиек етті. Оның айтуынша, сату жөнінде бизнес өзінің ұсыныстарын ортаға салуы қажет.  

Өндірушілер компаниялар фармацевтикалық саланың ағымдағы және жалпы жүйелік мәселелерін қозғады. «Sintez-KZ» медициналық холдингі» ЖШС директоры Игорь Рыбин компаниялардың мемлекеттік органдарға, негізінен, денсаулық сақтау басқармасы мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармаларына жолданған сауалдардың жауапсыз қалғанын айтып өтті. Компания мүгедектерге арналған оңалту-жаттығу құрылғыларын, көмекші құралдар шығарумен айналысады. Ләззат Шыңғысбаева мұнымен мемлекеттік органдардың заңнаманы бұзғанын атап өтіп, аталған мәселенің ерекше бақылауға алынатынын айтты. Өз кезегінде басқарма өкілдері кәсіпкердің өтініші бойынша қажетті шаралар қолданылатындығына сендірді.

«ЭЛЕАС» өндірістік-фармацевтикалық компаниясы» ЖШС өкілі Эльвира Конькова Палатадан және облыс басшылығынан компания мен «СҚ-Фармацияның» арасында туындаған мәселені шешіп берулерін сұрады. Сондай-ақ компаниялардың өкілдері газбен, электр энергиясымен жабдықтауға, кеденге қатысты мәселелерді сөз етті.

Бұдан бөлек, фармацевтикалық компаниялар облыс басшылығы мен Өңірлік палатаға отандық тауар өндірушілерге көрсетіп жатқан көмектері үшін алғыс білдірді. Олардың айтуынша, Қазақстанның өзге өңірлерінде отандық өндірушілер үшін қолайлы жағдайлар жасалмағандықтан, олардың нарыққа шығулары оңай емес екен.

Кездесудің негізгі бөлігі аяқталған соң, дәстүр бойынша жиынға қатысушыларға компаниялардың тауарлары мен қызмет түрлері таныстырылды. Бұл жолы «Dolce» компаниясының таныстырылымы өтті. Айтпақшы, бұл компания «Қазақстанның үздік тауары-2016» байқау-көрмесі өңірлік кезеңі «Халыққа арналған үздік тауар» аталымының ІІ дәрежелі дипломанты. Компанияның сапа жөніндегі директоры Маржан Омарова кәсіпорынның 1998 жылы құрылғанын және медициналық мақсаттағы бір реттік бұйымдарды, аурухана ішіндегі инфекциялардың алдын алуға және медицина қызметкерлерін қорғауға арналған бір реттік киім-кешектерді, дәрі-дәрмектерді шығарумен айналысатын Қазақстандағы ірі өндірушілердің бірі екенін әңгімеледі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер