«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жас аналарды бизнеске баулиды

2016 жылғы 21 Қазан
- Жетісу облысы
7273 просмотров

Аналар үйінің тұрғындарына мемлекеттік қолдау шаралары түсіндірілді

Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы және Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері Талдықорған қаласындағы Аналар үйінде болып қайтты. Естеріңізге сала кетсек, бұл жобаны «Технодом» компаниясы қолдап отыр. Сонымен қатар, басқа да жанашыр адамдар Аналар үйіне азық-түлік тауарларын, киім-кешек, басқа да керекті заттарды жеткізуде.

Іскер әйелдер Аналар үйімен бұрыннан бері белсенді араласып келеді. Мысалы, «Раушангүл» ЖШС директоры Атлас Молдахметова Аналар үйінің тұрғындарына киім тігуді үйренуі үшін мата жеткізеді. Және де оларға кеңес беріп, жақын арада аналардың бірін жұмысқа алуды жоспарлап отыр. Талдықорған сервис және технология колледжінің директоры Сәуле Қарамулдинова жас аналарды шаштараз, аспаз, IT-технология мамандықтары бойынша оқытып жатыр. Колледж ұстаздары бос уақытында Аналар үйіне келіп, сабақтарын жүргізеді. Аналар бұл үйде өмір бойы тұра бермейтіні рас. Олар әлеуметтік нысаннан шыққаннан кейін, өздігінен жұмыс істеп, балаларын асырауы үшін осындай білім алуы қажет . 

Ал «Intellecity» балаларға білім беру және дамыту орталығының директоры Маржан Ахметжанова өз мамандарымен бірге жас аналарға баланы жан-жақты дұрыс тәрбиелеу әдістемесін үйретуде.

Кәсіпкерлер палатасының бизнесті қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Ерлан Датқаев, барлық жандарды «Бизнес-кеңесші» жобасының курстарынан өтіп, Жас кәсіпкерлер мектебіне қатысуға шақырды. Соның арқасында жас аналар грант байқауларына қатысып, өз істерін сенімді бастай алады. Сонымен қатар сарапшы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша мемлекеттік қолдау шараларын түсіндірді. «Green Spa» кешенінің директоры Қарлығаш Жұмабаева жас аналарды өз компаниясына жұмысқа орналастыру үшін оқытуға көмектескісі келетін ниетін білдірді.

«Нұр» мейрамханасының директоры Ғалия Хәкімова Аналар үйін паналап отырған әрбір нәзік жанның есімін жатқа біледі. Ғалия Хәкімова осы кездесуге қамыр алып келіп, барлығымен бірге дәмді бәліш дайындады. Жай дайындап қоя салған жоқ: бұл бүтін бір шеберлік сыныбына айналды!

«Өздеріңіз де білесіздер, бұл қиындықтардың барлығы уақытша. Әр жағдайдың бір жақсылығы бар. Сендер өз сәбилеріңді тастап кеткен жоқсыңдар. Соның өзі құрметке лайық екендеріңді білдіреді. Біз сендерге тек сәттілік пен табыс тілейміз. Өздеріңе  әрдайым қолдау білдіретін боламыз», – деп атап өтті Алматы облысы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Мамила Мұсабекова.

Аналар үйінің үйлестірушісі Бақтыгүл Жексенбаеваның айтуынша, олар бұл жерде аналарға медициналық, әлеуметтік және психологиялық қолдау көрсетеді.

«Біздің үйде 59 әйел болды. Қазір алты жас ана тұрады. Олар осы жерде жүрген кезде, қандай да бір қажетті дүниені үйретуге тырысуымыз керек. Осы жерден шыққаннан кейін өзін және баласын асырай алатын халге жетуін қамтамасыз етеміз. Сол себепті кәсіпкерлік қызметіне үйрететін семинарлар мен кеңестерді ұйымдастыру әрқашан да маңызды және аса қажет», – деді ол.

Аналар үйі – баласымен жалғыз қалған әйелдерді уақытша паналататын орын. Сол себепті бұл жағдайға бей-жай қарамайтын қазақстандықтар осы жобаға қолдау көрсете алады. Анықтамалар мына телефон нөмірі бойынша: +7 747 311 40 23, Бақтыгүл Жексенбаева немесе e-mail: taldyk@dom-mamy.kz.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер