«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Болашақ табысты мамандыққа бейімдеу

2016 жылғы 14 Қазан
- Жетісу облысы
7879 просмотров

Педагогтар мен ата-аналар қауымы оқушыларды кәсіби бағдарлау мәселесін талқылады

Кәсіпкерлер палатасының бастамасымен Талдықорған қаласындағы Оқушылар сарайында оқушылардың кәсіби дәрежесін дамыту тақырыбына арналған дөңгелек үстел өтті. Қалалық және аудандық білім бөлімдерінің өкілдері, ата-аналар қоғамдастығы, білім беру ұйымдарының басшылары мен қызметкерлері аталған мәселелерді шешу жолдарын талқылады.

Атап өтерлігі, мамандықтар мен білім нарығындағы жағдай өте тұрақсыз. Дәстүрлі мамандықтарға деген сұраныс азайып, жаңа мамандықтар пайда болуда, олардың атаулары да түрлі фирмаларда түрліше қызметтерге сәйкес келіп жатады. Оқу шарттары өзгеруде, бұрынғылар жабылып, жаңа білім беру мекемелері пайда болды. Жеткіншек таңдаған мамандық ол оқуды бітіргенше әбден ескіруі мүмкін. Өзекті мәселелердің бірі – білім беру мекемелеріндегі кәсіби бағыт-бағдар беру жұмыстарының тиімсіз жүргізілуі.

«Өкінішке қарай, қазіргі таңда мамандарға деген сұраныс, еңбек нарығындағы жалпы жағдай есепке алынбайды. Талдау және мемлекеттік тапсырыстарды бөлу жөніндегі комиссия жұмысына қатысу барысында біз «Есептеу техникасы және ақпараттық қамтамасыз ету» мамандығының мемлекеттік тапсырысын 38%-ға азайттық. Жыл сайын бізге 700-800-дей бағдарламашылар дайындап береді, кейін олар жұмыс таба алмайды. Алайда олар оқуға қуана-қуана барады, дегенмен олардың көбі өзінің болашақ жұмысының мазмұны мен еңбек жағдайын біле бермейді, кәсіби тұрғыдан маңызды қасиеттер туралы, кәсіпті алу жолдары, оның нарықтағы сұранысы туралы да білетіндері шамалы», – деп атап өтті жиналыстың модераторы, адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Алмагүл Оңғарбаева.

Алматы облысы Білім басқармасының тәрбие жұмыстары бөлімінің басшысы Айнагүл Үшкемпірова берген ақпаратқа сәйкес, барлық мектептерде кәсіби бағыт-бағдар беру кабинеттері бар және сол кабинеттерде ақпараттық стендтер ілінген.

«Кәсіпті таңдау үшін мектеп барлық мүмкіндіктерді жасауда. Алайда ата-аналар басқаша ықпал етеді. Ата-аналар балаларына қандай да бір мамандықты мемлекеттік грантты алу мақсатында таңдауға немесе отбасының қаржылық мүмкіндіктерін ескеруге кеңес береді. Осылайша оларды өзіміз адастырамыз», – деп атап өтті ол.

Ата-аналардың балалар тағдырындағы рөлі туралы «Алматы облысының ата-аналар комитеті» қоғамдық бірлестігінің басшысы Дания Қыдырбаева айтып өтті.

«Біздің кезімізде мұндай кәсіби бағыт-бағдар беру жұмыстары жүргізілген жоқ. Мен ата-анамның кеңесімен нархозды бітіріп, 20 жыл банк жүйесінде жұмыс істедім. Бірақ әрдайым педагогтік ортада болғым келетін. Жанымның қалауымен қазірде мен қоғамдық қызметпен айналысып жүрмін. Мен өз тәжірибемнен болашақ мамандықты дұрыс таңдаудың қаншалықты маңызды екенін түсінемін. Ата-аналар жиналысында біз баланың бағалары немесе тәртібі туралы ғана айтамыз, баланың болашақ мамандығы туралы сөз етпейміз», – деді облыстық ата-аналар қоғамдастығының басшысы.

Кейбір оң нәтижелерге қарамастан, қазіргі жағдайларда кәсіби бағыт-бағдар беру өзінің басты мақсаттарына жете қойған жоқ. Осыған байланысты аталған мәселені шешу үшін Кәсіпкерлер палатасының бастамасымен Алматы облысының ата-аналар комитетінің және Талдықорған қаласы Оқушылар сарайының қолдауымен Didakt-kz кәсіби бағыттау және мансапты жоспарлау орталығы ашылды. Орталық мектеп қабырғасынан бастап бүкіл өмір бойы кәсіби тұрғыдан өзін-өзі сүйемелдеу мен тұлғаны дамыту үшін құрылған. Орталықтың басшысы Гүлбарам Адамбаева мамандар кәсіби тұрғыдан өзін-өзі анықтау, жеке тұлғалық қасиетін дамыту мәселелері бойынша кеңестер беріп, тренингтер өткізетіндігін айтты.

«Болашаққа бағыт-бағдар беру жұмысы кәсіби бағыттау әдістерін кеңінен пайдалану арқылы жекелей бағдарлау тәсілі негізінде жүргізіледі. Жұмыс жекелей немесе топпен жүргізіледі. Орталықтың жанынан «Кәсіби навигатор» клубын аштық. Ол жақта да оқушылар мен ата-аналарға өңірдегі және республикадағы кәсіби білім беру ұйымдары туралы, сол оқу орындарына түсу ережерелі туралы ақпараттар беріледі», – деді Г.Адамбаева.

Жақында Орталықта үздік эссе жазуға арналған дистанциялық облыстық байқау және ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, дөңгелек үстелге қатысушылар өңірде кәсіби бағыт-бағдар беру жұмыстарын жүргізу жөніндегі жауапты тұлғаны тағайындау және оқу процесінің басында кәсіпорындарға топсеруендер өткізу туралы ойларын ортаға салды. Олардың айтуынша, бизнес өкілдерінің қатысуымен өтететін шараларды қыркүйек айының басынан бастап-ақ өткізе беру керек, өйткені сол уақытта оқушылардың таңдау жасауға мүмкіндіктері мен уақыттары болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер