«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ләззат Шыңғысбаева: «Бизнесте ең бастысы – еңбек пен тәртіп»

2016 жылғы 14 Қазан
- Жетісу облысы
6769 просмотров

Кәсіпкерлер палатасының басшылығы мектеп оқушыларын арнайы кәсіптік-техникалық мамандықтарды игеруге шақырды

Ләззат Шыңғысбаева «Ақылды бейсенбі» бағдарламасының аясында Назарбаев зияткерлік мектебінде қонақта болып қайтты. Назарбаев зияткерлік мектебінде өңірдегі танымал және табысты адамдармен әр бейсенбі сайын кездесу ұйымдастыру дәстүрге айналған. Бұл кездесуде Палата басшысы мектептептің жоғарғы сынып оқушыларына Ұлттық палатаның қызметі туралы, ұйымның басты бағыттары, жүргізетін жұмыстары, жүзеге  асыратын жоспарлары туралы бөлісіп, бизнес пен білімнің даму жолдары мен мәселелерін атап өтті. Сонымен қатар, ол, кәсіби-техникалық мамандықтарды таңдаудың маңыздылығы туралы баяндады.

«Қазіргі сәтте Алматы облысының кәсіпорындары 26 мыңнан астам маманға зәру. Бұлар негізінен кәсіби-техникалық мамандықтар. Бұл біздің осы күнге дейін гуманитарлық бағыттағы мамандарды көп дайындап келгенімізді білдіреді. Кәсіпкерлер палатасы құрылғаннан кейін оқушыларға кәсіби бағдар беру жұмысын қолға алды. Техникалық мамандықтар әрқашан сұранысқа ие. Өйткені бізде күн сайын жаңа кәсіпорындар пайда болып жатыр. Жұмыс әрқашан да табылады», – деп атап өтті ол.

Сондай-ақ, оның айтуынша, мамандық жүрек қалауымен таңдалып, шығармашылық және зияткерлік мүмкіндіктерімен сәйкес келуі керек. Кездесу барысында оқушылар бизнесті қалай және неден бастау керектігін сұрады.

«Бизнеске келудің арнайы жолы жоқ. Әрбір кәсіпкер өзінше бастайды. Әрқайсысының өз тәсілі болды.  Мысалы, бір кәсіпкер мейрамхана ашты. Өйткені дәмді тамақ ішкенді жақсы көрді. Кейбіреуі осындай табысты маусымға тап келді.  Алайда көп кәсіпкерлермен араласа келе, мен өзім үшін маңызды түйін жасадым. Бизнесте ең бастысы – еңбек пен тәртіп. Қатаң тәртіп  болған жерде ғана нәтижеге қол жеткізуге болады.  Мен де таңдау еркіндігі болатын болса, бизнесті таңдар едім. Менің ойымша, біз бизнеспен айналысу арқылы арманымыз бен үмітімізді жүзеге асырамыз. Егер сіз агроном болсаңыз, өз шаруа қожалығыңызды аша аласыз, немесе мұғалім болсаңыз арнайы курстар, балабақша немесе мектеп ашасыз», – деп бөлісті Л.Шыңғысбаева.

Алматы облысы  Палатасының басшысы  өз сөзінде кәсіпкерлікке қатысты екі оқиғаны әңгімелеп берді. Бірінші оқиғаның қаһарманы – Бауыржан Оспанов және оның спорт, өнер, денсаулық сақтау саласындағы еңбегі. Ал екінші әңгіме Жамал Оқаева есімді қайсар еңбекқор әйел туралы. Іскер әйел  балдақпен жүрсе де мүгедектерді жұмыспен қамтуға көмектесіп, жеке балабақша мен шаруа қожалығын ашты, сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық қызметтерге белсене араласады.

Кездесу соңында оқушылар қонаққа өз сауалдарын қойды. Оқушыларды ӨКП директорының жеке өмірі ғана емес, ішкі туризм, халықаралық жобаларды жүзеге асыру, патриотизмді дамыту мәселелері қызықтырды.  Кездесу соңында ең үздік үш  сұрақ қойған балаларға Ләззат Шыңғысбаева «Шағын бизнес үшін 100 жоба» бизнес-анықтамасын табыс етті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер