«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Балық өсіру де өнер

2016 жылғы 05 Қазан
- Жетісу облысы
10566 просмотров

Алматы облысында балық шаруашылығы жандануда

«Tengry Fish» ЖШС – тұщы суды мекен ететін балықтарды өсірумен айналысатын аудандағы ғана емес, облыстағы бірегей кәсіпорындардың бірі. Цех құрылысы өткен жылдың сәуір айында басталған. Ал қазан айында серіктестіктің жұмысы іске қосылды. Кәсіпорында цихлид тұқымдас балықтар (телапия) және африкалық жайын өсіріледі. Өңір үшін бұл бизнестің жаңа түрі. Жоба Алматы мен Қазақстанның басқа да өңірлерін бағасы арзан, жоғары сапалы, экологиялық жағынан таза отандық өніммен қамтамасыз етуге бағытталған. ЖШС басшылығының пікірінше, елдегі балық саласы үшін бұл инновациялық жоба, өйткені ел ішінде балық өсіретін мұндай заманауи шаруашылық жоқ.

Басқарушы директор Ялкун Юнусовтың айтуынша, өткен жылдан бері цехқа 100 мыңнан астам балық әкелінген. Бүгіннің өзінде алғашқы нәтижелер бар. Кәсіпорын аудандағы мейрамханалар мен дүкендер желісіне өнімдерін жеткізе бастаған.

«Балықтардың алғашқы топтамасын біз Түменнен әкелдік, қазір Тайландтан жеткіземіз. 200-ден 350 граммға дейінгі балықтар дайын өнім ретінде саналады. Сатылымды біз осы жылдың наурыз-сәуір айларынан бастадық. Жалпы, балықты 8-9 ай баптап, содан кейін сату керек. Қазіргі таңда аптасына 10 келідей балық сатамыз», – дейді Я. Юнусов.

Кәсіпорында балық өсіруге арналған барлық заманауи жағдайлар жасалған. Ұйғыр ауданындағы ыстық су көздерінің арқасында суды қосымша жылытудың қажеті жоқ, ол электр энергиясын үнемдеуге сеп болады.

Бүгінде балықтарға 10 адам қарайды. Алайда кәсіпорынның дамуына байланысты цихлид тұқымдасының жайын білетін сауатты ихтиологқа деген қажеттілік туды. Өңірде балықтың осы түріне маманданған және жабық орындарда жұмыс істейтін маман жоқ болып шықты.

«Балық шаруашылығында азықтың маңызы зор. Өкінішке қарай, отандық азықтардың сапасы төмен болғандықтан, балықтарымыз қырылып қалды. Қазіргі таңда шетелде шығарылатын азықтарды пайдаланудамыз. Сондықтан кәсіпорында азық цехын салуды жоспарлап отырмыз», – деп жоспарларын ортаға салды кәсіпорынның басқарушы директоры.

Осылайша, ЖШС жақын болашақта өндіріс көлемін жылына 300 тоннаға дейін арттырып, балық өңдеу саласына көшуді жоспарлауда.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер