«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіпкер жерін қайтарып алды

2016 жылғы 16 Қыркүйек
- Жетісу облысы
6051 просмотров

Прокуратура Кербұлақ ауданы әкімінің заңсыз шешіміне наразылық білдірді

Кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесі шаруаның мәселесін шешуге көмектесті. Белгілі болғандай, Кербұлақ ауданының әкімдігі кәсіпкердің жер телімін заңсыз пайдаланып келген. «Қарлығаш» шаруа қожалығының басшысы Байғазы Телеуовтың мәселесі бұған дейін Алматы облысы ҰКП Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің кезекті отырысында қаралған болатын. Сол кезде Кеңес мүшелерінің шешімімен аудан әкімшілігіне тексеру жүргізу туралы нұсқаулық берілген.

2012 жылдан бері кәсіпкер жалпы аумағы 769 га болатын жер телімін 49 жылға жалға алып  келген. Одан кейін Кербұлақ ауданы жер қатынастары бөлімімен жалға беру шарты жасалады. Алайда тексеру қорытындысы бойынша, осы жылдың 26 қаңтарында өткізілген байқау нәтижесінде жер телімінің 100 га аумағын басқа заңды тұлға иемденген. Бірнеше айдан соң, 20 сәуірде, тағы бір ұйымдастырылған байқаудан кейін аталған жер телімі аудан әкімінің шешімімен басқа өтініш берушінің иелігіне өтеді. Одан да сорақысы, 2016 жылдың 1 тамызында әкімнің қаулысымен жер телімін кәсіпкер Байғазы Телеуовқа беру туралы шешімі күшін жояды. Құжаттың күшін жоюға жер телімдеріне иденфикациялық құжаттарды дайындамау немесе өз мақсатында пайдаланбау себеп болып отырған жоқ. Анықталғандай, кәсіпкер құжаттарды алу үшін 148 872 теңге төлеген. Одан кейін Жер ресурстарын басқару агенттiгiнiң «Жер ресурстары және жерге орналастыру мемлекеттiк ғылыми-өндiрiстiк орталығы (МемжерҒӨО)» республикалық мемлекеттiк кәсiпорны жер телімінің шекараларын белгілеу және жобасын дайындау жұмыстарын жүргізеді.

«Жер кодексінің 48 бабына сәйкес, жер телімдерін уақытша пайдалану мерзімі өткен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдері егер жерді уақытша иеленуші жаңа келісімшартқа отырудан бас тартқан жағдайда ғана саудаланады. Әкімдіктердің белгілеген шешімдеріне қарамастан, жер телімдері екі рет берілген. Ал жеке шаруашылық жер телімдерінен бас тартпаған. Бұрынғысынша ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіру мақсатында пайдаланып келген», – делінген прокуратура наразылығында.

Заң бойынша, жер телімдерін жалға алушының рұқсатынсыз иемдену заңсыз болып табылады. Аталған заңсыздықтарды есепке ала отырып прокуратура Кербұлақ ауданының әкімінің заңсыз шешімінің күшін жоюды талап етті. Бүгінде әкімдік барлық құқық бұзушылықтарды ретке келтірді. Келесі аптада кәсіпкерге жер телімдерін пайдалану туралы мемлекеттік акт беріледі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер