«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Тексерістердің қауіпсіздігіне кім кепіл?

2016 жылғы 15 Қыркүйек
- Астана қаласы
5823 просмотров

Ақша айырбастау орындарының қожайындары Ұлттық банктен тексеріс жайлы алдын ала ескертулерін сұрап отыр. Бұл өтініш орын алуы ықтимал қауіптердің алдын алу мақсатында жасалған

Бұл туралы кәсіпкерлер Астанада өткен «Кәсіпкер және шенеунік» акциясы барысында хабарлады.  Оған Кәсіпкерлер палатасы мен құқық қорғау, тергеу және жергілікті атқарушы органдары өкілдері қатысты. Ойын-сауық орталығында өткен кәсіпкерлермен ашық пікір алмасу барысында, олар кәсіпкерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға қатысты сауалдарға жауап берді.

Осылайша, сауалдардың бірі Ұлттық банктің ақша айырбастау орындарын тексеруі жөнінде болды. Валюталық бизнес қожайыны бұл тексерістер қандай да бір ескертусіз орындалатынын жеткізді. «Мұның бәрі қауіпті. Бізге, Ұлттық банк қызметкерімін деп қызметтік куәлігін көрсетіп, есікті ашуымызды сұрайды. Алайда, шындығында, куәліктің жалған емес екенін біз қайдан білеміз? Ұлттық банктің барлық қызметкерлерін тани бермейміз ғой. Сол себепті, біз өз мүлкімізге қауіп төндіреміз», – деді кәсіпкер.

Сондай-ақ, тіпті, 5 минутқа кешіккен күннің өзінде, Ұлттық банк қызметкерлері олардың қызметіне қарсы келді деген акт толтырады екен.

Есіл ауданы прокуроры Талғат Әлібаев Ұлттық банк тексеру қызметін жүргізуге құқылы, алайда, олар тәуелділіктерді басқару жүйесіне енбегенін алға тартты. «Қазір бұл мәселені Бас прокурор Ұлттық банкпен бірлесе отырып қарап жатыр. Жақын арада олар бұл жүйеге толығымен енетін болады, сол кезде лицензиясы бар қызметпен шұғылданып келе жатқан кәсіпкерлерді тексеруге байланысты бір жылдық жоспар бекітіледі. Сол уақыттан бастап, тексерістер алдын ала ескерту жіберілгеннен кейін жүргізілетін болады», – деп хабарлады Талғат Әлібаев.

Өкілетті органдар өкілдерінің атап өткеніндей, бұл кездесу прокуратура, Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы және өкілетті органдардың кәсіпкерлер құқығын қорғау мақсатында құрған жедел тобы жұмысының бір бөлігі. 2016 жылдың басынан бастап, жедел топтың сенім телефонына 14 өтініш келіп түскен. Оларды тексеру барысында, шағын және орта бизнес субъектілерінің қызметіне қатысты екі заңбұзушылық дерегі анықталған.

«Құрметті кәсіпкерлер, сіздердің құқықтарыңызды қорғау және түсіндіру жұмыстарына байланысты көмек көрсетуге әрдайым дайынбыз», – деді Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Серік Мұжықов.

Шара барысында кездесу қатысушылары заңды тұлғаларды тіркеу, тексерістер кезінде коммерциялық құпияны сақтау және адамдар көп жиналған орындарда жұмыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша  заңнаманың сақталу мәселелерін талқылады. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер