«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қазақстанда кластерлерді дамыту қолға алынады

2016 жылғы 06 Қыркүйек
- Жетісу облысы
12150 просмотров

2016 жылдың қазанында республика бойынша пилоттық кластерлерді іріктеу байқауы басталады

Қазақстанда кластерлік даму бағдарламасы қайта жаңғырмақ. Осы жолы Қазақстан индустрияны дамыту институты (ҚИДИ) жанындағы Кластерлік даму орталығы аталған мәселені қолға алуға ниетті. Орталық өкілдері алдыңғы әріптестерінің сәтсіз тәжірибелеріне қарамастан, Өңірлік кәсіпкерлер палатасының қолдауымен алға қойған мақсатқа жетуге болатынына сенім білдіріп отыр.

«Кластерлік тәсілдерді іске асыру –кәсіпкерлікті бірлесіп дамытудағы, ел экономикасының тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы маңызды құрал  болып табылады. Мемлекеттік индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасы аясында Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында алғашқы ұлттық кластерлерді  қолдау қарастырылып жатыр. Бұл мұнай және газ өңдеу, мұнай-газ химиясы, мұнай-газ химиялық машина жасау, мұнай-газ өнеркәсібі үшін қызметтер көрсету бойынша жүргізіледі»,– деп атап өтті Орталық директоры Тимур Шалабаев.

Оның айтуынша, басқа өңірлерде алтыдан кем емес аймақтық пилоттық кластерлерді дамыту қарастырылып жатыр. Олар шикізаттық емес секторларды (жеңіл және тамақ өнеркәсібі, құрылыс, туризм, фармацевтика, өңдеу өнеркәсібі және т.б.) ұсынуы тиіс. Ал бағдарламаны тиімді жүзеге асыру мақсатында, бастамашылар компания үшін оқыту жұмыстарын жүргізіп, кластерлік жүйенің артықшылықтары туралы әңгімелеуге ниетті. Сондай-ақ, сарапшылар жоғары деңгейдегі бизнес-мектептердің профессор-оқытушылары құрамының атынан экономика кластерлері, салалық талдау, коммуникациялық стратегиялық басқару және т.б. байынша дәріс жүргізуді ойластырып отыр.

Келесі айдан бастап республика бойынша пилоттық кластерлерді іріктеу байқауы басталады. Өтініштерді бағалаудан кейін алты пилоттық кластерді іріктеу туралы шешімді Үкімет жанындағы Өнеркәсіптік даму комиссиясы шығарады. Одан кейін шетелдік және ҚИДИ сарапшылары қадағалауды жүзеге асырып, кластерлік қызметке жетекшілік етеді. Сондай-ақ іс-шаралар жобасын құрып, оларды қолдау механизмін жасап шығарады.

Бастамашылар Италияның тәжірибесі бойынша кластерлік саясатты жүргізуді ойластырып отыр. Мысалы үшін, Манцано өнеркәсіп ауданы Италиядағы орындықтардың 80%-ын және Еуропа одағында 50%-ын  өндіреді. Өндіріс Манцано, Сан-Джованни және Натизоне сынды қалаларда шоғырланған. Осы үш қалада орналасқан 1200-ге тарта компанияда 15 мың жұмыскер қызмет етеді.

Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының экономикалық мәселелер жөніндегі директорының орынбасары Әсет Шаяхметов, Өңірлік кәсіпкерлер палатасы аталған жүйеге қызығушылық танытқан кәсіпкерлерге қолдау білдіретінін атап өтті. Палата тарапынан нарық сұранысына талдау жасалып, жобаларға қолдау көрсетіледі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер