«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Оқу орындары бизнес тәжірибесіне мұқтаж

2016 жылғы 01 Қыркүйек
- Жетісу облысы
6915 просмотров

Колледждер мен университеттер ұстаздары бизнес-қауымдастықты бірлесіп жұмыс істеуге шақырады

Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының өкілдері аймақтағы техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері қызметкерлерінің жыл сайын өтетін тамыз конференциясына қатысты. Биылғы конференция Жаркент гуманитарлық-техникалық колледжінің қабырғасында өтті.

Адам капиталын дамыту бөлімінің басшысы Алмагүл Оңғарбаева маман дайындау саласында халықаралық ынтымақтастықты ұйымдастырудың маңызын атап өтті. «Қазіргі таңда елімізде маман дайындау тәжірибесі қалыптасқан. Сол себепті мұғалімдердің біліктілігін арттырудың ең басты факторы халықаралық ынтымақтастықты ұйымдастыру болып отыр. Шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасу өзінің пән саласындағы кәсіптік білімін кеңейтуге, педагогикалық біліктілігін арттыруға ықпал етеді», – деді ол.

Бөлім сарапшысы Ардақ Қашқарова мұғалімдердің назарын  кәсіптік оқу орындары мен әлеуметтік серіктестердің өзара бірлесіп әрекет етуіне бұрды. Оның айтуынша, тиімді бірлесіп жұмыс істеу кезінде серіктестердің әрқайсысы білім беру процесінің барлық кезеңінде өз мүдделерін қорғай алады. «Бірінші кезекте, колледждегі оқыту бағдарламасының жұмысына тәжірибелі мамандар белсенді тартылу керек. Бұл оқу үрдісінің көп түрлілігі мен баламалылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондықтан, біз, жұмысшылар мамандығын даярлайтын әрбір колледжде, сол саланың даму мәселелері жөнінде, әлеуметтік серіктестерінің жетекші мамандары жүйелі түрде шеберлік дәрістері мен семинарларын өткізуі керек деп ойлаймыз», – дейді Қашқарова.

Сарапшы педогогикалық колледждердің серіктестерімен бірлескен жұмысы  тұрақты және жүйелі сипатқа ие болуы керек екенін атап өтті. Мысалы, бастапқыда білім беру нарығының қажеттіліктері, колледж кадр дайындап отырған ұйымдардың ауқымы, оның болашақтағы әлеуеті зерттелуі тиіс. Одан кейін барып, келісімшарт пен басқа да құжаттар түрінде қарым-қатынас орнатуға болады.

Қашқарованың айтуынша, білім беру мекемелері әлі де өздерінің жұмыс берушілерімен тығыз қарым-қатынас орнатуға мұқтаж болып отыр. «Оқыту мекемесі әлеуметтік тапсырыс берушілермен бірігіп, білім беру мазмұнын қарастырады. Жұмыс беруші – нені оқыту керек екенін анықтаса, мекеме – қалай оқыту керектігін ұйымдастырады. Сондай-ақ колледж тарапынан көрсетілетін серіктестіктің басты қызметі, бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу болып табылады. Әлеуметтік серіктес болашақ мамандарды кәсіби дайындау сапасын бағалайды. Мысалы, бағдарламалық-әдістемелік материалдарға баға береді, сондай-ақ жұмыс берушілер қорытынды мемлекеттік аттестаттауға қатысады», – деп атап өтті ол.

«ҚазРос-Агро» ЖШС директоры Мүслім Амангелді табысты серіктестікті өз тәжірибесінен мысалға келтірді. Оның шаруашылығы 2005 жылдың ақпанынан бастап жүгері өсіру және өңдеу жұмыстарымен айналысып келеді. «Менің қызметкерлерімнің орташа жасы 50-55 жасты құрайды. Бұл жағдай мені қатты толғандырды. Өйткені 5-6 жылдан кейін мен білікті мамандарсыз қалуым мүмкін. Сол үшін жас мамандарды дайындау ісіне араласуды жөн санаймын. Осыған байланысты екі жыл бұрын Дуалды оқытуды енгізудің жол картасына қатысуға, Шонжы политехникалық колледжінің «Фермерлік шаруашылық», «Ауылшаруашылық өндірісінің тракторшы-машинисі» мамандықтары бойынша әлеуметтік серіктес атануға шешім қабылдадым. Шынымды айтсам, бастапқыда қымбат тұратын техниканы ешқандай тәжірибесі жоқ балаларға сеніп тапсыруға қорықтым. Бірақ олардың осы техниканың құлағында ойнап, тезірек үйреніп алсам деген ұмтылыстарын көргеннен кейін, осындай жастардан маған қажетті білікті маман шығатынына көзім жетті», – деді кәсіпкер.

Бизнес субъектілерінің ұсыныстарын ескере отырып, колледж мұғалімдері оқу жоспарына 40/60 қатынасында өзгеріс енгізді. Және де қазіргі таңда студенттер теориялық білімдерін өндірісте байқап көреді.

«Дуалды оқытудағы серіктестік үлкен өндірістік қуатты қажет етпейді. Маған 5 студент те жеткілікті. Сол 5 студенттің біліктілік сапасына кепілдік беремін. Оларды ынталандыру үшін еткен еңбегіне ақы төлеу керек деп ойлаймын. Өзімнің сол 5 студентімнің әрқайсысына 20 000 теңгеден төлеп отырмын», – дейді Амангелді.

Палата өкілдері қазіргі заманғы нарықтық экономика жағдайында бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін, әрбір кәсіптік білім беру мекемесі әлеуметтік серіктестермен бірігудің тиімділігі мен маңыздылығына ең алдымен қызығушылық танытуы керек екенін атап өтті. Дұрыс ұймдастырылған әлеуметтік серіктестік оқу орнының білім беру нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға кепілдік беріп, білім беру жүйесін реформалаудың әлеуметтік салдарын жеңілдетуге көмектеседі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер