«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Еңбек әділ бағаланды

2016 жылғы 31 Тамыз
- Жетісу облысы
6627 просмотров

Журналист Ардақ Қасымханқызының радио толқынынан тараған туындысы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының байқауында үздіктердің бірі деп танылды

Астанада БАҚ өкілдері арасында өткен «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы және Еуразиялық экономикалық одақ жағдайындағы қазақстандық бизнес туралы үздік материалдар байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. Байқау төрт аталым бойынша жүргізілді. Алматы облысының БАҚ өкілдері де сыйлыққа өтінім берді. Биыл кәсіби қазылар алқасы «Үздік радиосюжет» аталымында талдықорғандық журналистің жұмысын жоғары бағалады. Сонымен, материалдың сапасы мен жан-жақтылығы үшін «Қазақ радиосының» Алматы облысындағы тілшісі Ардақ Қасымханқызы құрметті ІІІ орынға ие болды.

«Қазақ радиосының» өңірлік бөлімшесі Өңірлік кәсіпкерлер палатасының қызметін, жергілікті кәсіпкерліктің проблемалары мен мәселелерін белсенді насихаттап келе жатқанын атап өткен жөн. ӨКП өкілдері мен кәсіпкерлер қатысқан материалдар жаңалықтарда, «Аймақ тынысы», «Қазақстанда жасалған» бағдарламаларына шығады. Осы насихаттың арқасында Жетісу жаңалықтарын бүкіл әлем біліп отыр.  Қазақ радиосы  –  Қазақстанның ең ірі радиотарату желісі, халықтың 90%-ын қамтиды және Ресейдің, Қытайдың, Өзбекстанның, Қырғызстанның шекаралық аймақтарына хабар таратады.

Журналистке марапатты ӨКП ұжымының алдында салтанатты жағдайда Палатаның директоры Ләззат Шыңғысбаева тапсырып, оның жоғары кәсіби деңгейіне ризашылығын білдірді.

«Көптеген журналистер, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жұмысын, бизнес-қоғамдастықтың қызметін халыққа жеткізіп, проблемалық мәселелерді көтере отырып, өңірдің экономикасы жайлы байыпты пікірдің қалыптасуына өз үлестерін қосуда, сөйтіп, бізге бизнес пен биліктің арасында дәнекер болып көмектесіп отыр», – деп атап өтті ол.

Өз кезегінде журналист байқаудағы бұл жеңісі күтпеген жаңалық болғанын жасырмады. «Біріншіден, алғыс айтқым келеді. Палатаның және кәсіпкерлердің табысты қызметінің арқасында біз осындай сәтті материалдар шығарамыз. Екіншіден, бұл мен үшін нағыз тосынсый болды. Жақында ғана кезекті еңбек демалысынан шығып, жеңісім туралы естіп қатты қуандым. Мұндай байқаулар журналистерді қолдаудың және ынталандырудың жақсы үлгісі болады деп ойлаймын», – деді Ардақ Қасымханқызы.

Байқауда «Баспа БАҚ бетіндегі үздік сараптамалық материал», «Үздік ТВ репортаж», «Интернет-БАҚ бетіндегі үздік сараптамалық материал» және «Үздік радиосюжет» тәрізді аталымдар бойынша барлығы 45 өтінім қаралғанын еске саламыз.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер