«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнес пен ғылым бірлескенде...

2016 жылғы 26 Тамыз
- Жетісу облысы
6921 просмотров

Кәсіпкерлер ғылыми жобалардың бірлескен авторы немесе инвесторы бола алады

Кәсіпорындарда ғылыми зерттеулерді енгізу өзекті және маңызды мәселе болып қалуда. Алайда Алматы облысында бизнес пен ғылымның өзара әрекет ету тәжірибесі басталып та кетті. Текелі қаласындағы Кәсіпкерлер палатасының филиалында Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті (ЖМУ) жанындағы Ғылыми зерттеулер нәтижесін (ҒЗН) коммерциялау кеңсесінің өкілдері қаладағы шаруа қожалықтармен және жеке кәсіпкерлермен кездесті. Айта кететіні, ҒЗН кеңсесі ғалымдардың ғылыми-техникалық қызметінің нәтижелерін коммерцияландыру және университет оқытушылары мен студенттерінің зерттеулер жүргізуін үйлестіру, білім және ғылым ықпалдастығын қамтамасыз ету, оларды болашақта  коммерцияландыру үшін инновациялық жобаларды қолдау мақсатында құрылған.

Палата филиалының директоры Тұрысбек Жұмаділов, жеке кәсіптің инновациялық қызметке қызығушылық танытатынын, алайда өзара әрекет ету үшін бірқатар мәселелердің кедергі болып отырғанын атап өтті.

«Біріншіден, ғылыми-зерттеу қызметін енгізу және дамыту ісі бойынша қабылданған және қолданыстағы шаралар кезінде бизнес-қауымдастық тасада қалып отыр. Қазір кәсіпкерлер өзінің жеке мәселелерін шешу жолында бас қатырып жүргендіктен, инновацияның қажеттілігін сезіне қойған жоқ. Сондай-ақ бизнеске арналған ынталандыру әдістері мен жеңілдіктерді қайта қарау қажет», – деді Жұмаділов.

Ғылыми зерттеулер нәтижесін  коммерциялау кеңсесінің директоры Ерік Мұқажанов, Жетісу университетінің ғылымды дамытуға үлкен мүмкіндігі барын және бірлесуге дайын екенін жеткізді.

«Біздің басты бағыттарымыздың бірі – ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты кеңейту. Біз, өз кезегінде, оқытушыларды, доктаранттарды, магистранттарды және студенттерді гранттық бағдарламаларға қатысуға тартамыз. Міне, осы жерде бизнес субъектілері атсалысып, жобаларды бірлесіп жүзеге асыра алады. Бизнестің инновациялық жобаларға араласуы кәсіптің жетілуіне, өнімнің бәсекеге қабілетті болуына және кәсіпорын жұмысының ары қарай дамуына ықпал етеді», – деді Мұқажанов.

Бүгінде Текелі қаласының кәсіпкерлері мен кәсіпорындарының "Ғылым қоры" АҚ грант бағдарламасына қатысуға мүмкіндігі бар. Шарт бойынша, жеке кәсіпкер немесе кәсіпорын стартап жобаның бірлескен авторы немесе инвесторы бола алады. Ал кәсіпкердің алға қойған міндеттерін шешуге аккредиттелген ғылыми мекеме немесе білім беру мекемесі жауапты. Одан кейін жоба конкурстық iрiктеуден өтеді. Ол жерде құжаттарға талдау және экономикалық, технологиялық бағалау жүргізіледі.

Кездесудің Текеліде өту себебі, бұл жерде қаладағы негізгі кәсіпорындардың бірі – Текелі тау-кен өңдеу кешені және басқа да жер қойнауын пайдалану саласындағы компаниялар бар. Соңғы ғылыми жаңалықтарды енгізу осы ұйым басшыларының қызығушылығын тудырар еді.

Кеңсе өкілі және ЖМУ магистранты Олжас Зәкірұлының айтуынша, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобалары аяқталғаннан кейін, өнімдер мен қызметтер сапасының жақсаруы, өнімнің өзіндік құнынының төмендеуі сынды технологиялық процесс жетілетін болады. Олжас қазір пайдалы қазбаларды өндірумен айналысатын кәсіпорындар үшін стартап әзірлеп жатқанын айта кеткеніміз жөн. Жас ғалым өзінің жобасы туралы таныстырып, гранттарды ұсыну механизмі мен бірлесіп жұмыс істеудің артықшылықтары жөнінде кәсіпкерлердің сауалдарына жауап берді.

«Менің жобам «Мәрмәр Қазақстан» композиттік тастан санитарлық-техникалық бұйымдар өндіру» деп аталады. Кәсіпорындардың жуынатын бөлмесі үшін жуу құралдарын және басқа да жиһаздар шығаруды жоспарлап отырмын. Қазір 27 млн теңге көлемінде грант алуға өтініш дайындап жатырмын», – деді Олжас Зәкірұлы.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер