«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

ЕАЭО үшінші елдермен сауда саясаты: «Атамекен» бизнесті күш біріктіруге шақырады

2016 жылғы 24 Тамыз
10627 просмотров

ҚР ҰКП Экономикалық интеграция департаментінде үшінші елдермен саудадағы тосқауылдар мен мүмкіндіктерді анықтау жөнінде жұмыс жүргізілуде 

2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап ЕАЭО келісімшарты күшіне енгеннен кейін Одақ халықаралық құқық субъектісі мәртебесін иеленді және мүше-мемлекеттермен келісе отырып, халықаралық ықпалдастықты жүзеге асыру және мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен әрі интеграциялық бірлестіктермен халықаралық келісімшарттар жасау құқығын алды (ЕАЭО туралы келісімшарттың 7-бабы, 1-тармағы).

Одақ жаңадан мүше болғысы келетіндер үшін ашық, бірақ, бұл ретте ҚР ҰКП Экономикалық интеграция департаменті нақты шешім қабылдау үшін қандай да бір қатысушының қосылуынан отандық өндірушілер, импорттаушылар мен экспорттаушылар үшін болуы ықтимал барлық тәуекелдер мен артықшылықтарды ескере отырып, экономикалық пайдалылық тұрғысынан тиісті сараптама жасауы қажеттігіне назар аудартады.

Сауда саясаты аясында сыртқы сауда қызметін дамытудың бір құралы  еркін сауда аймақтарын құру болып табылады. Үшінші елдермен ықпалдастықтың бұл формасы Қазақстанда Бурабай кентінде 2015 жылдың 29 мамырында ЕАЭО және Вьетнам Социалистік Республикасы арасында тараптардың Еркін сауда туралы келісімге қол қоюы кезінде іс жүзінде қолданыс тапты. Аталмыш құжат келісім бойынша серіктес елдерден тауарлар мен  қызметтерді жеткізушілерге арналған өзара сауда аясында қатысушылардың белгілі бір түрде өз нарықтарына қол жеткізуін жеңілдету жөніндегі өзара міндеттемелерін бекітеді.

ЕАЭО елдері тауарларының Вьетнам нарығына қол жеткізу шарттарын ырықтандыру республикаға жеткізіліп жүрген отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады, сондай-ақ кедендік әкелім бажын төмендеткенге немесе жойғанға дейін бағасы бойынша бәсекеге қабілеттілігі жеткіліксіз болған жаңа өнімдерді жеткізу үшін жағдай жасайды. Тағы бір жағынан алғанда, вьетнамдық тауарлардың ЕАЭО нарығына қол жеткізуін ырықтандырудың көмегімен осы тауарлардың тұтынушылық бағасы төмендейді, сөйтіп олар тұтынушы үшін анағұрлым қолжетімді бола түседі. Мұндай тауарларға мыналар кіреді:

  • Ауыл шаруашылығы секторында: тропикалық жемістер, жаңғақтар, көкөністер, дәмдеуіштер;
  • Өнеркәсіптік секторда: спорт киімдері, күртелер, спорттық аяқ киімдер.

ЕАЭО елдерінің экспорттаушылары мен өндірушілері мынадай тауарлар бойынша вьетнамдық нарыққа қол жеткізудің айрықша мүмкіндігіне ие болады:

  • Құс еті (кедендік баж салығының мөлшерлемесі 5 жыл бойы 20%-дан 0%-ға төмендейді);
  • Алкогольдік өнімдер (кедендік баж салығының мөлшерлемесі  10 жыл бойы 10%-дан  0%-ға төмендейді);
  • Шиналар (кедендік баж салығының мөлшерлемесі  5  жыл бойы 5-30%-дан  0%-ға төмендейді);
  • Автобустар (кедендік баж салығының мөлшерлемесі  10 жыл бойы 30-40%-дан  0%-ға төмендейді);
  • Жеңіл автокөліктер (кедендік баж салығының мөлшерлемесі  10 жыл бойы 50-70% -дан 0%-ға төмендейді).

Одан бөлек, ЕЭК мәліметтері бойынша, қазіргі сәтке дейін 30-дан астам ел мен аймақтық бірлестіктер ЕАЭО-мен еркін сауда туралы келісім жасау жөнінде ұсыныс жасаған.

ҚР ҰКП ЭИД-нің пікірінше, еркін сауда аймақтарын құру сыртқы экономикалық қызметті дамытуда аса пайдалы құрал болып табылады. Мұндай келісімдер жасасу саудадағы шектен тыс тосқауылдарды жоюға көмектеседі, сонымен бірге отандық саланы қорғауға арналған тетіктерді сақтап қалуға болады.

Бүгінгі күні Одақтың комиссиясы, тараптармен бірлесіп, интеграциялары әртүрлі дәрежедегі бірнеше елдік бағыттар бойынша жұмыс жүргізуде:

  1. ЕСА туралы келісімдер жасау қарастырылып отырған елдер – Иран, Израиль, Сербия.
  2. ЕСА туралы келісімдер жасаудың ойға қонымдылығы жөнінде сараптамалық жұмыстар жүргізіліп отырған елдер – Мысыр, Үндістан, Корея, Сингапур.
  3. Сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келесімдер жасау қарастырылып отырған елдер – Қытай Халық Республикасы.

Елдер арасында сұхбат жүргізу кезінде Одақтың келіссөздік тұғырнамасын қалыптастыру процесіне бизнестің тартылуы маңызды орын алады, оның нәтижесі – Еркін сауда аймағы туралы келісімшарт. «Атамекен» ҚР ҰКП-ның Экономикалық интеграция департаменті Қазақстанның бизнес өкілдерін өз мүдделерін қорғау және сауда келісімдерін жасаудан барынша пайда табу мақсатында осы бағытқа белсенді қатысуға шақырады.

Осыған орай, жоғарыда аталған елдермен іскерлік қатынастарды (тауарларды сату, қызметтер көрсету) жолға қойған немесе соны жоспарлап жүрген Қазақстан кәсіпкерлеріне сыртқы экономикалық қызметтегі әлеуетті мүмкіндіктер мен кедергілерді анықтауға арналған сауалнаманы толтыруды ұсынамыз. Осы толтырылған жауаптар негізінде Қазақстан бизнесінің келіссөздік тұғырнамасы қалыптасатынын атап өтеміз.

Толтырылған сауалнаманы dei@palata.kz мекенжайына жолдауды өтінеміз.

Қосымша сұрақтар бойынша Экономикалық интеграция департаментіне жүгінуге болады:  8 (7172) 919 373.

Сауалнамалар:


Еншілес ұйымдар

Серіктестер