«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Тексеру заңды ма?

2016 жылғы 24 Тамыз
- Жетісу облысы
6654 просмотров

Компания жоспардан тыс салықтық тексерудің заңсыздығын сотта дәлелдей алмай келеді

«Prime Estate Activities Kazakhstan» ЖШС ісі бойынша туындаған мәселелер Алматы облыстық Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің кезекті отырысында қаралды. Серіктестік атышулы «Қазақстан Қағазы» АҚ-ның еншілес ұйымы болып табылатынын атап өткеніміз жөн. Тиісті жайт  акционерлердің бірінің бастамасымен, «Kagazy invesments» АҚ, «Қазақстан Қағазы» ЖШС, сондай-ақ «Kagazy Recycling» ЖШС, «PEAK» ЖШС, «PEAK Logistik» ЖШС, «PEAK Акжал» ЖШС, «PEAK Аксенгер» ЖШС сынды компанияларда қаражат ұрлау дерегі бойынша салықтық тексеру жүргізуден басталған. Арада екі апта өкеннен кейін «Prime Estate Activities Kazakhstan» серіктестігінде жоспардан тыс салықтық тексеру жүргізу туралы нұсқау шығарылады.

«Алматы облысы бойынша мемлекеттік кіріс департаменті жоспардан тыс салықтық тексеру тағайындау және жүргізу барысында заң бұзушылықтарға жол берді. Бұның арты заңсыз тексеруге алып келді. Заң бойынша, қылмыстық қудалау органының тапсырмасы бойынша жоспардан тыс салықтық тексеру тағайындау және жүргізудің негізі ретінде прокурордың келісімі берілген қаулы болу керек. Алайда мемлекеттік орган олай жасаған жоқ», – деп атап өтті Палата сарапшысы Диас Оташбаев.

Мемлекеттік кіріс департаменті тексеру жүргізудің негізі ретінде қылмыстық қудалау органының хатын алға тартып отыр. Ал ол қадағалаушы прокурор тарапынан мақұлданбаған. ҚР ІІМ тергеу департаменті аталған компанияда салықтық тексеру жүргізу туралы мәселені алдыға қоймаған. Бұл салықтық тексерудің заңсыз тағайындалғанының және жүргізілгенінің бұлтартпас дәлелі болып табылады екен. Бұдан өзге, тексеру тізімінде «Prime Estate Activities Kazakhstan» ЖШС деген атау мүлдем кездеспейді.

Органның әрекеті туралы сотқа шағым түсірілді, алайда компанияның шағымы қанағаттандырылмаған. Сонымен қатар, сот арқылы заң бұзушылық деректері бойынша мемлекеттік кіріс департаменті атына жеке ұйғарым шығарылған. Сол себепті бұл жерде сот органының солқылдақ ұстанымы түсініксіздеу болып отыр.

«Өкінішке орай, сот бізге тексеру жүргізудің заң бойынша негізделген себептерін түсіндірген жоқ. Осындай әрекеттерді қалай жүргізе беруге болады? Біздің көрсетіп берген дәлелдеріміз қаралған жоқ. Енді Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесі арқылы өз құқықтарымыз бен мүдделеріміздің бұзылғанына назар аудартқымыз келеді», – деді компания өкілі.

Отырыс барысында облыстық прокуратура өкілі қадағалау органының атына өтініш жазуға кеңес берді. Ол кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша бірлескен жұмыс тобымен жақын күнде өтетін кездесу барысында қаралмақ. 31 тамызда компанияның апелляциялық шағымы сотта қаралатынын естеріңізге саламыз. Кәсіпкерлер прокуратура осы істің соңғы нүктесін қояр деген үмітте.

Естеріңізге сала кетсек, Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің 18-ші отырысында жер телімдерін заңсыз иелену жөніндегі мәселелер, жеке сот орындаушысының тарапынан әкімшілік кедергілердің пайда болуы, заңсыз жоспардан тыс тексеру және көлікте қозғалу мүмкіндігіне байланысты мүгедектер құқығының бұзылу сынды мәселелер қаралды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер