«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Үздіктер топ жарды

2016 жылғы 19 Тамыз
- Жетісу облысы
7221 просмотров

Талдықорған қаласында «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы өтті

Оқушылар сарайында бизнес үшін айтулы мереке – «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауы өтті. Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне жергілікті атқарушы және мемлекеттік органдар, қаржы институттарының, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

«Отандық тауар сапасын арттыру, менеджменттің халықаралық жүйесін енгізу – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Сапалы көрсеткіш – тұрақты жұмыс кепілін, болашақта жұмыс орындарының құрылуын,  өнімнің ішкі нарықтағы, сондай-ақ сыртқы нарықтағы қажеттілігін қамтамасыз етеді. Алматы облысы ықпалдастық үдерісінің ажырамас бөлігі ретінде шекаралық аймақта орналасқандықтан, көлік инфрақұрылымы мен транзиттік әлеуеттің даму көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік жасайды. Ол тауарларды Еуразиялық одақ қатарындағы елдерге ғана емес, Еуропа және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне де шығаруға жол ашады», – деді облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров.

Биылғы жылы көрме-байқаудың ұйымдастыру жұмыстарына Алматы облысы мен Талдықорған қаласы әкімдігінің белсенді қолдау білдіріп отырғанын атап өткеніміз жөн. Сол қолдаудың арқасында қатысушыларға арнайы кітаптар мен гүл шоқтары түріндегі сыйлықтар дайындалды. Одан бөлек, байқауға қатысушылар мен жеңімпаздарға облыс әкімі Амандық Баталовтың атынан Алғыс хаттар табыс етілді.

Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаева өз сөзінде кәсіпкерлерге байқауға қатысып,  облыс экономикасын дамытуға қосқан үлестері үшін  алғысын білдірді.

«Біздің Сіздермен мақтанатынымызды, шексіз ризашылық білдіретінімізді айтқым келеді. Сіздер ерекше жансыздар. Асқақ армандарыңызды жүзеге асыру үшін алдарыңызға нақты мақсат пен міндет қоя білдіңіздер. Бір орында тоқтап қалмай, кәсіптеріңізді жалғастырдыңыздар. Сіздер тек өздеріңізді ғана емес, дүйім халықты жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отырсыздар және мемлекетті, бюджетке салық төлеу арқылы, қолдаудасыздар. Сіздердің арқаларыңызда мектептер, ауруханалар және жолдар салынып жатыр. Кәсіпкерлер палатасы мен мемлекеттік органдар – бизнеске қолдау білдіріп, Сіздердің тың идеяларыңыздың жүзеге асуы және Қазақстанның гүлденуі үшін құрылған», – деді ӨКП басшысы.

Алматы облысының Кәсіпкерлер палатасы екінші жыл қатарынан байқаудың ұйымдастырушысы болып отыр. Сыйлық 2006 жылдан бастап тағайындалып келеді, және бүгінде өзінің 10 жылдығын атап өтіп жатыр. Былтыр республикалық байқауда Алматы облысының атынан 9 компания қатысты. Олардың ішінен «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша мәртебелі бірінші орынды «Рыбпром» ЖШС иеленген болатын.

Биылғы байқауға 49-ға тарта жергілікті компания қатысты. Құрамында Кәсіпкерлер палатасының өкілдері, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті департаменті, Кәсіпкерлікті басқару және индустриялды-инновациялық даму басқармасы, «ҚазСтИн» РМК филиалы, «Республикалық ветеринариялық зертхана» ШЖҚ РМК және бизнес-қауымдастық өкілдерінен құралған сарапшылар компанияларды сапа жүйесі бойынша, менеджмент, басқару тиімділігі және басқа да талаптар бойынша бағалады.

Ресми марапаттау алдында қонақтарды байқау қатысушыларының көрмесі күтіп тұрды. Компаниялар өте мұқият дайындалған. Олар ет, шұжық өнімдерін, ұлттық асхана тағамдарын, құрылыс материалдарын, медициналық құрал-жабдықтарды ұсынды. Көрмеде тауарлар мен қызмет түрлерімен танысып қана қоймай, өз бағасында сатып алу мүмкіндігі де туды. Ұлттық оркестрдің орындауындағы ұлттық музыка да байқаудың сәнін келтірді.

Биыл кәсіпкерлерге жүлделерді Кәсіпкерлер палатасының стратегиялық серіктестері табыстады. Олардың арасында облыс әкімдігінің өкілдері, прокуратура, мемлекеттік кірістер департаментінің болуы кездейсоқтық емес. Осылайша ұйымдастырушылар Алматы облысы өңірлік Кәсіпкерлер палатасы құрылғаннан бергі 2,5 жыл ішінде қалыптасқан тиімді қарым-қатынас пен жемісті ынтымақтастықты көрсетуге ниетті. Сондай-ақ олардың белсенді қатысуы, мемлекеттік органдардың бизнестің дамуына қызығушылық танытып отырғанының тағы бір дәлелі. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар және ақшалай сыйлықтар тағайындалған. ІІІ орынға – 50 мың теңге, ІІ орынға – 100 мың теңге, ал жеңімпазға 150 мың теңге көлемінде сертификат беріледі. Кәсіпкерлер палатасы, екі жыл қатарынан, байқауға бөлінген қаражаттың 90%-ын жеңімпаздарға ақшалай сертификат түрінде тапсырып жатқанын атап өткен жөн.

Алғашқы «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымын әкімнің орынбасары Серікжан Бескемпіров пен Палата директоры Ләззат Шыңғысбаева марапаттады. Сонымен, осы аталым бойынша үшінші орын «Галакси» ЖШС-ға бұйырды. Компанияның негізгі бизнес көзі пластикалық және алюминий профильдер, терезелер, құбырлар мен фитингтер өндірумен байланысты. Компания 1993 жылы құрылған және бүгінгі күнге дейін Қазақстан нарығында кәсібін табысты жалғастырып келеді. Екінші орынды Жаркент крахмал сірне зауыты иеленді. Кәсіпорын 18 түрлі өнім шығарып, оны экспорттап отыр. Бірінші орынға, үздік компания атағына «Алматы бояулары» ЖШС лайықты деп танылды. «Алматы бояулары» ЖШС Қазақстан нарығында жұмыс істеу барысында елде жол-белгілеу материалдарын тасымалдаушы жетекші компаниялардың біріне айналды. Кәсіпорын Ресей нарығына шықты, және  бүгінде жоғары технологиялық зауыт салып, басқа да жылтыр-сырларды өндіріп отыр.

Екінші «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымын Алматы облысы прокурорының міндетін атқарушы Қайрат Абдыханов пен байқаудың құрметті қонағы, «Aigul Line» компаниясының басшысы Айгүл Жансерікова тапсырды. ІІІ орын және 50 мың теңге көлеміндегі ақшалай сертификатты «Молдасанова ЖК – «Асқар тау» этно-мейрамханасы иеленді. ІІ орын игері – «Бірінші сыра зауыты» ЖШС. Зауыттың шығу тарихы 19-ғасырдың ортасынан бастау алады. Содан бері бүгінгі таңға дейін компанияның миссиясы – тұтынушылардың талабынан шығу, ішкі және халықаралық нарықтағы компанияның бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сенімді серіктестік құруды дамыту болып отыр. Ал осы аталым бойынша «Алатау Құс» АҚ үздіктер қатарынан көрінді. Кәсіпорында 850-ден астам адам еңбек етеді. Күніне 50 мың кг құс еті өндіріледі.

«Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымын Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысының міндетін атқарушы Тәукен Ошақбаев пен Кәсіпкерлер палатасы өңірлік Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Мамила Мұсабекова марапаттады. Аталым бойынша ІІІ орынды – «Алматы матрас фабрикасы» ЖШС иеленді. Енді ғана дамып келе жатқан компания өз өнімдерін халықаралық стандарттарға сай, заманауи, еуропалық құрал-жабдықтармен өндіріп отыр. Қазақстан нарығында 8 жылдан бері, еліміздің ең ірі «Евромебель», «Кинза», «СоюзАйдарторг», «Юско» «Шанериз» сынды жиһаз өнімдерін көтерме және бөлшек бағамен сатушы компаниялармен жұмыс істеп келеді. ІІ орыннан «Dolce» ЖШС көрінді. Жас және болашағы зор компания медицина саласында жұмыс істеп, өз өнімдерін шығарып келеді. Аталымның жеңімпазы, яғни І орын – «Тексан Казахстан Инвест» ЖШС бұйырды. ЖШС электр өнімдерін өндіруге мамандандырылған отандық өндіруші болып отыр. Зауыт жарық беретін шамдар және шикізат өнімдерін дайындау мен болашақ модельдерге пішін беру үшін инновациялық құрал-жабдықтармен жабдықталған.

Жүлделі орындармен марапаттау сәтінде көптеген компаниялардың басшылары байқау ұйымдастырушыларына алғыс білдірді. Енді осы жеңімпаз компаниялар Алматы облысының атынан республикалық «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына қатысады.

Сондай-ақ тағы үш тауар өндірушіні Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі дайындаған арнайы жүлделер күтіп тұрған еді. Арнайы «Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің таңдауы» аталымы өңірдің экономикасын дамытуға үлес қосқан компанияларға берілді. Жүлде иелерін алғашқылардың бірі болып «Кассанжар» ЖШС негізін қалаушы, Алматы облысы өңірлік Кәсіпкерлер палатасының мүшесі Жанатбек Сарғалдақов пен  Кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің басшысы, өңірлік Кәсіпкерлер палатасының мүшесі Баниямин Файзулин марапаттады. Бұл бақыт «STYNERGY» ЖШС-ға (жабыны бар болат орамасын жалға беруден көшбасшы) бұйырды. Компанияның Астана және Атырау қалаларында дайын өнім қоймалары мен Алматы және Теміртау қалаларында орналасқан екі зауыты бар. 300-ге жуық адам еңбек етеді. Өнім түрлерін кең көлемде таңдау, жаңа жұмыс орындарының қалыптасуы жиі жүргізіледі. Компания жабындық, гидроизоляциялық және жылу оқшаулағыш материалдар өндіретін ірі еуропалық өндірушілермен сенімді серіктестік орнатып отыр. «Isker Сompany» ЖШС (кәсіпорын керамикалық кірпіштер шығарады), «Фирма «Демеу» ЖШС өзнің 23 жыл жұмыс істеуі барысында тұтынушылары мен серіктестерінің алдында тиімділігі мен сенімділігін дәлелдеп келеді. Өз жұмысын шағын еріткіш өндіру цехынан бастап, бүгінде тауар түрлерін кең көлемде таңдау жасауға мүмкіндік беретін заманауи жоғары технологиялы компанияға айналды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер