«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жергілікті кәсіпкерлерге қолдау қажет

2016 жылғы 03 Тамыз
- Жетісу облысы
8954 просмотров

Қаратал аудандық филиалы 670 рет салықтық есеп беруге көмектескен

Бұл санды филиал директоры Марат Құсайынов жарты жылдық есеп беру барысында атады.

Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаева Қаратал ауданы кәсіпкерлері мен шағын және орта бизнес өкілдеріне Аудандық кәсіпкерлер кеңесінің ережесін таныстырды. Сонымен қатар аудандық Палата директорының есебін тыңдап, бизнес-қауымдастықтың өзекті мәселелерін талқылады.

«6 айдың ішінде Палата филиалына 28 өтініш келіп түсті, соның ішінде 55 кәсіпкерден келген 25 өтініш салық процесін басқару мен төлем, жер заңнамасы, сәулет және қала салу, сондай-ақ жолаушы тасымалын субсидиялау мәселелері жөнінде. 22 өтініш оң шешім тапты. Бизнеске қаржылай емес қолдау көрсету бойынша 864 қызмет көрсетілді. Мәселен, «Салық төлеуші кабинеті» арқылы 74 кәсіпкерге 670 рет салықтық есеп өткізуге көмек берілді. 30 бизнесменге бизнес-жоспарлар құрып берілді. Солардың үшеуі 21 миллион теңгеден асатын сомада несие алды», – деді жергілікті филиал басшысы Марат Құсайнов.

Қазіргі таңда Қаратал ауданында 3 мыңнан астам кәсіпкерлік қызмет субъектісі бар. Жарты жыл аясында 2 млрд теңге сомасында инвестиция тартылды. Палатаның қолдауымен «Өрлеу» және «Ақжол» атты екі ауылшаруашылық өндірістік кооперативі құрылды. «Өрлеу» ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне 4 жеке тұлға, яғни шаруа қожалықтарының басшылары бірікті. Бірлесудегі басты идея көкөністерді сақтап, кейін оңтүстік астана нарығына өткізу үшін шаруашылықтардың бірінің жеміс-көкөніс базасын қолдану болатын. «Ақжол» кооперативінде жайылымдық жер, ауылшаруашылық жануарлары мен қоғамдық тамақтандыру орталығы – дәмхана бар. Осылайша, АӨК-те жабық цикл құруға мүмкіндік бар – «мал өсіру – сою – жартылай фабрикат ретінде өңдеу – дайын өнім дайындау». Қазіргі кезде ақжолдықтар «Бизнес-өңірлер» бағдарламасы аясында микронесие алуға қам-қарекет жасап жатыр.

Өз кезегінде Қаратал ауданының әкімі Қайрат Бейсембаев Аудандық кеңес құрудың бизнес мәселелерін тиімді шешуге әсер ететіндігін атап өтті.

«Мұндай Кеңес бізге қажет, болашақта ол бизнеске пайдасын тигізеді. Барлық өзекті мәселелерді сонда көтеріп, өз ұсыныстарын енгізуге мүмкіндік туады. Сондай-ақ біз Палатаға көмектесіп, өзіміздің Кәсіпкерлер үйін ашуға ниеттіміз. Жаңа сұхбаттасу алаңының бизнес пен билік арасындағы өзара іс-қимылға оң ықпал етері сөзсіз», – деді аудан басшысы. Сондай-ақ, оның айтуынша, жергілікті өндірушілерді белсенді түрде қолдау қажет.

«Ауданымызда тоқыма бұйымдарын өндірумен айналысатын «Қамқор» ЖШС жұмыс істейді. Олардың өнімдері отандық та, шетелдік те өндірушілерден бір мысқал да кем емес. Сондықтан оларға қолдау көрсетудің маңызы зор. Жақында мен оларға екі костюмге тапсырыс бердім», – деді Қ.Бисембаев.

Модератор, ӨКП Өңірлік кеңесінің төрайымы Римма Салықова кездесуді қортындылай келе, Кеңес құрамына ең белсенді әрі беделді кәсіпкерлерді таңдау қажеттігін атап өтті.

«Қазір сіздер аудандық кеңестер құрамына өз үміткерлеріңізді ұсына аласыздар, алайда ол адамдар мұның қоғамдық жұмыс екенін, еңбектену, бір нәрсеге қол жеткізу, сұхбат жүргізу қажеттігін түсінулері қажет. Аудандарды аралап шығып, Өңірлік кеңес аудандық кеңестердің құрамын бекітіп болған соң, Кеңес мүшелері үшін филиалмен, жергілікті атқарушы органдармен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл орнату жөнінде оқыту семинарларын өткізу қажет», – деген ұсыныс білдірді Өңірлік кеңес басшысы.

Естеріңізге сала кетсек, ӨКП директоры Ләззат Шыңғысбаева шілде айынан бастап кәсіпкерлерді Аудандық (қалалық) кеңестің ережесімен таныстырып, олардың пікірлерін білу мақсатында, сондай-ақ өңірде іске асырылып жатқан бизнес-жобаларды көзбен көру үшін облыстың барлық дерлік аудандарына жұмыс сапарын бастаған еді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер