«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қапшағайлық бизнесмендер үшін жаңа сұхбат алаңы пайда болды

2016 жылғы 15 Шілде
- Жетісу облысы
6855 просмотров

Жергілікті филиалдың жанынан қалалық кәсіпкерлер кеңесі құрылды

Қалалық кеңес туралы Ережемен облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаева таныстырды. Оның айтуынша, кәсіпкерлік мәселелерін тиімді шешу үшін кәсіпкерлер бұл органның барлық мүмкіндіктерін пайдаланулары қажет.

«Ауылда, қалада бизнесті дамытуда кездесетін негізгі кедергілердің бірі – сауаттың аздығы, кеңес беру орталықтарының, мәселелерді талқылайтын алаңдардың болмауы. Енді қапшағайлық кәсіпкерлерде өз мәселелерін талқылап, шешуге арналған жаңа сұхбат алаңы пайда болды. Кеңес мүшелері консультативтік-кеңес органының, қоғамдық, сараптамалық кеңестердің жұмысына қатысады. Әрі бұл мүмкіндікті дұрыс пайдалану қажет. Қаладағы бизнестің дамуы сіздердің аталған құралды қалай пайдаланатындықтарыңызға байланысты», – деп атап өтті ӨКП басшысы.

Қапшағайдың қалалық кәсіпкерлер кеңесі 9 кәсіпкерден құралады. Оның төрағалығына Өңірлік кеңестің мүшесі, «Дорпласт-инвест» өндірістік компаниясы» ЖШС директоры Артур Хачатрян сайланды.

Қала әкімінің орынбасары Ақтанберді Қалқабаев қолдау танытып, Кеңес мүшелерінің жұмыстарына табыс тіледі.

«Қазақстандық кәсіпкерлік ұлттық экономиканың қозғаушы күші болуы тиіс. Қапшағай қаласы Кәсіпкерлер кеңесі жергілікті атқарушы органдардың сенімді әрі құзыретті әріптесі, мемлекеттік шешімдер қабылдағанда ұжымдық кеңесшісі атанады деп ойлаймын», – деп атап өтті А.Қалқабаев.

Жиналыста Кәсіпкерлер палатасы қалалық филиалының директоры Алмагүл Қамбарова жергілікті атқарушы орган мен бизнес-қауымдастықтың алдында жарты жылдықта атқарылған жұмыс туралы есеп берді.

«Есептік кезеңде республикалық деңгейде екі әкімшілік кедергі анықталды. Кеңес беруші менеджерлер жеке кәсіпкерлерге, жеке және заңды тұлғаларға шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру жөнінде 705 кеңес беру өткізген. Қазақстанның фермерлер одағының Үлестіру кеңесімен бірлесе отырып, ауылшаруашылық кооперацияларын құру және микронесиелендіру мәселелері бойынша 5 көшпелі отырыс өткізілді. Нәтижесінде есептік кезеңде 8 ауылшауашылық кооперативі тіркелді», – деп атап өтті А.Қамбарова.

Ол келтірген мәліметтер бойынша, кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасына үш жоба енгізілген, келешекте оларды жүзеге асыруға көмек берілмек. Әлеуметтік салада облыстық Кәсіпкерлер палатасы, Қапшағай көпсалалы колледжі, «Бәйтерек» колледжі мен қала кәсіпкерлері арасында жұмысшы мамандарды даярлауда бірлесіп жұмыс істеу туралы 7 шарт жасалған.

Жергілікті филиалдың жұмысымен танысқан бизнесмендер филиал жұмысына оң баға беріп, суармалы суды субсидиялау мәселесіне көңіл бөлуге шақырды. Шаруаларды субсидияны бөлу және тарату тәртібі қызықтырды.

Қалалық кеңесті таныстыру шеңберінде ӨКП директоры «Қазиндустрия» ЖШС-ға ат басын бұрды. Компанияда же қойнауын пайдалануға қатысты мәселелер туындап тұр екен. Ләззат Шыңғысбаева бұл мәселенің ерекше бақылауда екенін, дауды шешуге көмек берілетіндігін атап айтты.

Естеріңізге сала кетсек, бұдан бұрын Кәсіпкерлер кеңесінің таныстырылымы Сарқант және Кербұлақ аудандарында өтіп, құрамы жасақталған еді. Келесі аптада қадағалушы органдар Панфилов, Ұйғыр, Райымбек, Ескелді, Қаратал, Көксу аудандары мен Текелі қаласына барады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер