Оқу – білім бұлағы!
Алматы облысында шаруалар оқу семинарларынан өтуде
Шаруаларға арналған семинарды «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Агроқұзыреттілік орталығы өткізуде. Оқытудың басты мақсаты – біліктілік деңгейін арттыру. Өйткені ауылды жерлерде тәжірибе алмасуға, білім мен біліктілікті жақсартып отыруға мүмкіндіктер бола бермейді.
Кәсіпкерлер палатасы жобаларды сүйемелдеу бөлімінің сарапшысы Дана Халықованың айтуынша, семинар тақырыптары әр өңір мен бағыттар бойынша жекелей қалыптасады. Әр ауданнан 15 қатысушы теорияны ғана меңгеріп қоймай, алған білімдерін тәжірибе жүзінде де пысықтап отырады.
Алғашқы семинарлардың бірі «Жаңа жоғары өнімді сұрыптарды енгізу арқылы дәнді-дақылдардың өнімділігін арттыру» тақырыбында Қарасай ауданындағы «Жетісу» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінде өткізілді.
«Талқылау барысында дәріскерлер Орталық Азиядағы дәнді-дақылдардың экологиялық және географиялық негізі жайлы айтып, Астық шаруашылығы институтында жасалған мал азығы дақылдарының келешегі бар және аудандастырылған сұрыптарымен таныстырды. Негізінен шаруалар жаздық арпаның «Арна», «Әсем», «Север-1», «Сусын», «Бәйге» деген сұрыптарының ерекшеліктері мен артықшылықтары туралы білді», – деп атап өтті Д.Халықова.
Семинарды тәжірибесі мол ауыл шаруашылығы ғалымдары – ауыл шаруашылығы ғылымының докторы Рахым Оразәлиев пен биология ғылымдарының докторы Бөрібай Сариев өткізді. Семинарда ауыл шаруашылығының өкілдері шаруашылықты жүргізудің тиімді әдістерімен егжей-тегжейлі танысты.
Қарасай ауданындағы оқуға шаруасын дөңгелетіп үлгерген кәсіпкерлер ғана емес, сонымен бірге осы салада бизнесін дамытуды жоспарлап отырған ауыл шаруашылығы өкілдері де қатысты. Тәжірибелік бөлігінде оларға сапалы әрі жоғары өнімді дәнді-дақылдар отырғызылған базалық шаруашылық алаңы таныстырылды. Семинар қорытындысы бойынша шаруашылық басшылары тәжірибе алмасу үшін әріптестік орнатуға қызығушылықтарын білдіріп жатты. Олар болашақта дәнді дақылдардың тәжірибе барысында таныстырылған сұрыптарын өсіруге ниетті. Кәсіпкерлердің бұл бастамасы мен тілектері семинардың пайдалы әрі жемісті болғандығын танытқандай.
Айта кетерлігі, оқу семинарлары Қаратал және Еңбекшіқазақ аудандарына басталып кетті.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: