«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Құлшылық орны есігін айқара ашты

2016 жылғы 11 Шілде
- Жетісу облысы
8871 просмотров

Панфилов ауданы бизнесмендері жаңа мешіт салды

Кәсіпкерлер бизнесін өрге домалатып қана қоймай, қоғамның рухани тәрбиесіне үлес қосуда. 

Бизнесмендер осыдан біраз жыл бұрын Жаркенттегі ескі мешітке күрделі жөндеу жүргізді. Бірақ келушілердің қарасы көбейгендіктен, орын жетіспеушілігі байқалған. Жергілікті кәсіпкерлер ақылдаса келе жаңа мешітке ақша жинауды ұйғарады. Құрылыс 2015 жылы басталды. Құдайға құлшылық етушілер қасиетті санайтын жұма күні Алла үйінің тұсауы кесілді. Сәулетті құрылыс қасиетті мекен ғана емес, жергілікті көрнекті мәдени нысанға да айналды.

Ділмұрат Көзиев, Серік Ақсубаев және Тасқын Жапарқұл бастаған кәсіпкерлер  құрылысқа  1 млн доллар  салды.  Мешітке 1000 адам сыяды. Бұл жерде медресе де пайда болып, 1,5 га жерде балалар алаңы бой көтермек.

«Жаркенттіктер жаңа мешіт жайлы армандайтын. Қасиетті орын ізгілік нұрын себеді деп сенеміз. Медреседе 50 бала білім алмақшы. Мешітіміз рухани байытып, отаншылдыққа тәрбиелесе дейміз», – дейді  кәсіпкер Ділмұрат  Көзиев.  Орайы келгенде айта кетелік, Көзиевтер отбасы осымен оныншы мешіттің салынуына, жаңғыруына атсалысып отыр.

Мешіттің ашылу салтанатына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшысы, бас мүфти Ержан Малғажыұлы қатысып, кәсіпкерлерге игілікті ісі үшін алғыс айтты.    

Жаңадан ашылған жаркенттік мешіт Алматы облысындағы 425-ші  мешіт.

«Кәсіпкерлеріміз бірінші Алланың, сосын ауылдастарының алдындағы парызын өтеу үшін өз қаражаттарын жұмсады. Қайырымдылық таныта отырып, ауыл адамдарының тілегін орындады. Бұл нысандар білім алуға, Отанды сүюге тәрбиелесе деген басты мақсатымыз бар», – дейді Кәсіпкерлері палатасы Панфилов ауданы филиалының директоры Азамат Байғұттиев.

Сол күні аудан кәсіпкерлерінің қаражатына Қырыққұдық, Абат ауылдарында да жаңа мешіттер салынып, ашылуын атап өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер