«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Прокурордың қырағы назарында

2016 жылғы 19 Мамыр
- Жетісу облысы
7639 просмотров

Бизнес-омбудсмен Алматы облыстық прокуратурасының кәсіпкерлердің түйткілді мәселелерін шешу үшін атқарған  жұмыстарына оң баға берді

Қазақстан кәсіпкерлерінінің құқын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов Алматы облысына барған жұмыс сапарында облыс прокуроры Ғабит Миразовпен кездесті. Бизнес-омбудсмен қадағалау органы басшысын «Іскерлік ахуал» тәуелсіз бизнес-рейтингінің Алматы облыстық көрсеткішімен таныстырды.

«Аталған рейтинг әкімдіктің немесе мемлекеттік органдар жұмысының бағасы емес, кәсіпкерлік ахуалдың барометрін білдіреді. Биыл Алматы облысының өсу динамикасы оң нәтиже көрсетіп отыр. Бірақ, қарқынды жұмыс жасалуға тиіс тұстар бар. Кәсіпкерлердің пікірінше, салық органдары сыбайластыққа жақын, осыған назар аударсаңыздар», – деп атап өтті Болат Палымбетов.

Облыс прокурорының сөзіне қарағанда, «Іскерлік ахуал» рейтінгімен танысу барысында  қадағалау органдары тарапынан тиісті шаралар қолданылатын болады.

Кездесу барысында кәсіпкерлік қоғамдастықтың көкейтесті мәселелері қаралды. Мысалға, Болат Палымбетов мүліктік құқықтың бұзылуына орай 2,5 жылға өз мүлкінен айырылған «Қалдыбеков» ЖК мәселесін қозғады. Істі қарау барысында процессуалды шешім әлі қабылданған жоқ. Нәтижесінде оның кәсібі тоқырауға ұшырады, серіктестерімен келісім бұзылды, ал оның Талдықорған қаласындағы уақытша сақтау қоймасына жүгінген қызметінің құны күн сайын өсіп келеді.

Сондай-ақ, омбудсмен прокурордың назарын Гүлжан Жексембинованың арыз-шағымына аударды. Кәсіпкер рұқсат құжаттарынсыз Балықты  өзенінің бойында жер қойнауын пайдаланып отырғандардың атына шағым түсірді. Нәтижесінде, өзен ағысы бұзылып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші кәсіпкерлер суармалы судан айырылғалы отыр. Аталған мәселені Ғабит Миразов жеке бақылауына алып, қажетті шаралар қолданатындығына уәде етті.

Прокуратура кәсіпкерлердің құқы мен мүддесін қорғау жөніндегі органдардың ішінде «Атамекен» ҰКП-ның үлесі жоғары деп бағалады. Алматы облыстық Кәсіпкерлер палатасы бизнес-омбудсменнің қатысуымен өткен кездесуде прокурорға облыстың «Еңбегіне адалдығы үшін» медалін тапсырды. Миразов бұл құрметке лайық деп табылған мемлекеттік органның алғашқы өкілі.

Естеріңізге салар болсақ, облыс прокурорымен меморандум аясында жасалған келісім бойынша бірлескен жұмыстар атқарылуда. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында прокуратураның қарауына 15-тен астам акті енгізілді, екі заңсыз тексеріс тоқтатылды, 4 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер