«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ауылға прокурорлар келді

2016 жылғы 13 Мамыр
- Жетісу облысы
10184 просмотров

Ақсу аудандық Кәсіпкерлер палатасының филиалы аудандық прокуратурамен бірге Қапал және Қарашілік ауылдарының тұрғындарымен кездесті

Тұрғындармен болған көшпелі жиында кәсіпкерлер мүддесі мен құқықтарын қорғау, жер заңнамасы талаптарын түсіндіру, малдың ұрлануына қатысты мәселелер қарастырылды.

Ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлер Ақсу ауданы прокурорының орынбасары Зәурембек Ісімбековке, аға прокурор Әділет Сабырбаевқа, Қапал және Қарашілік ауылдық округтерінің әкімдеріне, Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есеп комитеті басқармасының, тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі басқармасының, кәсіпкерлік, төтенше жағдайлар, сондай-ақ сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің басшыларына, «Ақсу ауданының ОАА» МКК директорына, Ақсу ауданының жер қатынастары бөлімінің маманына сұрақ қойып, проблемаларымен бөлісті.

Прокурорлар «Күреңбел» ЖШС мүлкінің тоналу дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс пен Ақсу ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғаларының заңға қайшы, оның ішінде жер қатынастарына қатысты іс-әрекеттері бойынша тергеу жұмыстарының барысы туралы айтып берді.

Сонымен бірге, кездесуде «Достық» шаруа қожалығының басшысы Мақсат Тұрғанбаев өз проблемасын ортаға салды. Қарашілік ауылының билігі мен тұрғындары одан кәсіпкерлік қызметіне қарсы және оған заңды түрде тиесілі ауылшаруашылық мақсаттағы жер телімін қайтаруды сұрап отырған көрінеді.

«2014 жылы мен бұл жер телімін алған едім. Екі жыл бойы мен көкөніс өсірумен айналысып келемін, шағын жайылымым бар. Жақында елдімекен тұрғындары мен билік маған келіп, өзіме тиесілі заңды жер телімімді қайтаруымды сұрап кетті. Олардың айтуынша, бұл ауылшаруашылық мақсаттағы жер телімі бола тұра, ол жайылымға, мал жаюға пайдаланылу керек екен», – деді М.Тұрғанбаев.

Алматы өңірлік Кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалы тез арада кәсіпкер өтініміне жауап қатып, прокуратураға хат жолдады.

«Кездесу нәтижелері бойынша аудан әкімдігіне, ауданның жер қатынастары бөліміне, Қарашілік ауылдық округі әкімдігіне Қарашілік ауылындағы жер дауына заң аясында араласу, мал жайылымына арналған мал айдап өтетін жолға қатысты мәселені шешіп, мал жайылымына арналған жерлерді анықтау тапсырылды. Сонымен бірге, ауыл тұрғындары билікпен Сағабүйен ауылындағы арықтар мен ауылдық округтегі ауылшаруашылық өнімдерін суаруға арналған арықтарды жөнге келтіруді сұрады», – деді Ақсу аудандық Кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Руслан Тұрсынов. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер