«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Тимур Құлыбаев: «АЭА кәсіпорындарына қолдау көрсетуді тоқтатпау керек»

2016 жылғы 26 Сәуір
9851 просмотров

Қазақстанда арнайы инвестициялық келісімшарттар енгізіліп, соның шеңберінде АЭА қатысушылары инвестициялық жеңілдіктерді иелене алады

Бұл туралы «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев Шымкентте Оңтүстік Қазақстан облысы Өңірлік кәсіпкерлер палатасының жиынында мәлімдеді.

Кездесуде кәсіпкерлер Арнайы экономикалық аймақта орналасқан кәсіпорындарға қатысты оңтүстік қазақстандық кәсіпкерлер үшін маңызды мәселені көтерді. Мәселенің мәні мынада, ДСҰ мен ЕАЭО-ға кіруге байланысты, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап Арнайы экономикалық аймақта орналасқан кәсіпорындарға арналған негізгі жеңілдіктер – ҚҚС және кеден бажы аяқталады. Бүгінгі таңда АЭА аумағында 2012 жылға дейін тіркелген 43 өндіріс орны жұмыс істеуде әрі олардың көбі тұрақты жеңілдіктерге ғана иек арта отырып, зауыттар мен фабрикалар салуға қомақты қаражат жұмсаған. Алайда 2017 жылдан кейін бұл жеңілдіктер жойылады, бұл ондағы өндіріс орындарының жұмысына теріс әсерін тигізуі мүмкін.

«Хлопкопром целлюлоза» ЖШС-ның бас директоры Қайнар Абасовты АЭА аумағындағы кәсіпорындарға экономиканың әлеуетті салаларына қолдау көрсету мақсатында үкімет тарапынан қолдаудың бұдан өзге, мәселен, шығындарды субсидиялау, жеңілдік тарифтерін енгізу және т.б. сияқты түрлері көрсетілуі мүмкін бе деген сұрақ толғандырады екен.

ҰКП Төралқа төрағасы бұл мәселе туралы білетіндігін және Ұлттық палатаның түрлі ведомстволық алаңдарда бұл мәселені тұрақты түрде көтеріп келе жатқандығын атап өтті. Егер кедендік жеңілдіктерді 2017 жылдан кейін де сақтап қалар болса, кәсіпорындарда жұмыс орны 15%-ға артатындығы, қосымша 620-дан астам тұрақты жұмыс орындары құрылатындығы белгілі. Бұл өндірістік қуат жүктемесін орташа есеппен 63%-ға арттыруға мүмкіндік береді. 

Тимур Құлыбаев «Атамекенде» Қазақстандағы АЭА-да орналасқан барлық кәсіпорындардың тәжірибелері талданғанын және көрші мемлекеттердің де тәжірибелері зерттелгендігін атап өтті. Мәселен, Ресей Федерациясында АЭА-ға қатысушы 800 кәсіпорынның шығындарын төленетін әкелім бажының есебінен 66 млрд. рубль (303 млрд. теңге) субсидиялау жоспарланған.

«Сондықтан, қолдаудың баламалы шарасы ретінде Қазақстанға арнайы инвестициялық келісімшарттар енгізу қажет деп санаймыз. Соның шеңберінде АЭА қатысушылары инвестициялық жеңілдіктер ала алады, – деп атап өтті «Атамекеннің» Төралқа төрағасы. – Осылайша, кәсіпкерлер жоғалтатын соманы сақтап қалуға болады. Ол үшін 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап АЭА қатысушыларын кедендік баждан босатып, Кәсіпкерлік кодексіне өзгерістер енгізу қажет. Алайда, ол үшін арнайы инвестициялық келісімшарттарға осы жылдан бастап отыру қажет».

Ол сонымен қатар, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі бұл мәселеде Палатаға қолдау танытып отырғанын атап өтті. Ал Экономика министрлігі қазіргі уақытта экономикалық санақтар жүргізумен айналысуда екен. Ендігі мәселе Мәжілісте қаралған соң, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетіндей заңға өзгерістер енгізіп үлгеруде.

Жалпы алғанда, бизнес мүддесіне барынша қолдау көрсету – Ұлттық палата қызметінің 2016 жылғы басты әлеуетті бағыттарының бірі. ҰКП басшысы бүкіл жұмыс экономиканың барлық саласындағы кәсіпкерлікке барынша қолайлы жағдай жасауға қол жеткізуге бағытталатынын айта отырып, негізгі басымдықтарды тізбелеп берді.

Тимур Құлыбаев өңірдің бизнес-климатын жақсартудағы өңірлік палата мен облыстық әкімдіктің ортақ күш біріктіруін ерекше атап өтті. Бүгінгі таңда ОҚО көптеген экономикалық көрсеткіштер мен кәсіпкерлік субъектілерінің саны бойынша көш басында келе жатыр. Елдегі әр бесінші жоба Оңтүстік Қазақстанда іске асырылған. Ал жақында ғана облыс бизнес жүргізудегі ең қауіпсіз өңір ретінде аталып өтті. Бұл да әкімдік пен бизнестің өзара табысты әріптестігінің нәтижесі. Дағдарыс жағдайында мұның маңызы зор.

ҰКП басшысы жиналысқа дейін Сайрам ауданы Кәсіпкерлерді қолдау орталығына барған еді. Нәтижесінде, олардың атқарып жатқан жұмысына жоғары баға берді: «Бір жерден кеңес беріп, несие алуға көмектесу бизнес үшін зор демеу. КҚО-ға өтініш білдірі келгеннен соң, жеке бизнестерін аша бастаған адамдар бүгін маған елде осындай орталықтардың жұмыс істейтіндігі үшін алғыстарын білдірді».

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер