«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Компанияларға арналған кадрлар

2016 жылғы 21 Сәуір
- Жетісу облысы
8681 просмотров

Көксу ауылшаруашылық колледжі жаңа оқу жылынан бастап транспорттық-электр желісі компанияларына арналған мамандарды оқытатын болады

Кәсіпорындардағы кадрға сұраныс мәселелері – бүкіл Қазақстан үшін өзекті проблема. Тек кәсіпорын сұранысын ескергенде ғана оқу орындары еңбек нарығынан өз орнын таба алатын мамандарды даярлай алады. Кәсіпкерлер палатасының мәліметтері бойынша, облыста жұмысшы кадрларына деген өткір сұраныс бар. ӨКП Алматы облыстық білім беру басқармасымен бірлесіп іске асыратын Дуальдық оқытудың жол картасы аталмыш проблеманы шешудің бір жолына айналып отыр.

Жаңа оқу жылында осы картаға қатысушылардың қатарына «Талдықорған акционерлік транспорттық-электр желісі компаниясы» (ТАТЭК) және Көксу ауылшарушалық колледжі қосылады, компания базасында жоғары вольтті айырғы желілеріне және подстанцияларға қызмет көрсету бойынша студенттер даярлау басталады.

ТАТЭК энергетика саласындағы жетекші компаниялардың бірі болып табылады, ол Алматы облысының Талдықорған өңіріндегі 8 аудан мен 2 қалаға электр энергиясын беру, тарату, электр желілері мен подстанцияларды жөндеу және пайдалануға беру жұмыстарымен айналысады. Мұнда  өз қызметкерлерін қайта даярлаумен, біліктілігін көтерумен, аттестациялаумен айналысатын оқу орталығы бар, сондай-ақ, республикадағы ең озық оқу полигондарының бірі де осында орналасқан. Осы әлеуеттің барлығын кәсіпорын студенттерге – өзінің болашақ мамандарына ұсынуға дайын. Палата сарапшылары «ТАТЭК» АҚ-ның кадрлық әлеуетке қатысты проблемаларын оның президенті Серік Демидовпен бірге талай рет талқылаған болатын, ол аталмыш мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарайды. Облыстың энергетика саласы үшін маман даярлайтын колледж директорларының барлығымен дөңгелек үстел  ұйымдастырылды. Дегенмен, кәсіпорындардың қызметіне байланысты айрықша технологиялық талаптарға сай келетін мамандарды бір де бір оқу орны даярламайды.

Осыған байланысты Көксу ауылшаруашылық колледжімен ынтымақтастық туралы шешім қабылданды, ол Дуальдық оқытудың жол картасына кіргізіледі және алдағы уақытта «ТАТЭК» АҚ үшін кадр даярлаудың ұстаханасына айналады. Бұл ұсынысты Кәсіпкерлер палатасы техникалық-кәсіптік білім беру мамандарын даярлау жөніндегі мемлекеттік тапсырысқа енгізіп қойды. ӨКП-ның Адам ресурстарын дамыту департаментінің басшысы Алмагүл Оңғарбаеваның айтуынша, осы жылдың қыркүйек айынан бастап колледж студент жинауды бастайды, қазірдің өзінде оқу жоспарын әзірлеу жөнінде бірлескен жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Кәсіпорындардың сұранысы бойынша кадр даярлау дуальдық оқытудың негізгі шарты болып табылады. Бұның нақты нәтижесі студенттердің жүз пайыз жұмысқа орналасуынан көрініс табады деп сенеміз. Кәсіпорындардың мұқтаждығына сәйкес кадр даярлау басты  негізге алынады. Осы жылы 9 және 11 сынып бітірген оқушылардың екі тобын жасақтау жоспарланып отыр», – деді А.Оңғарбаева.

ӨКП компаниялардың кадр даярлауға деген айрықша қызығушылығы мен белсенділігіне мән беріп отыр.

«Біздің кәсіпорынның еңбек жағдайлары әрдайым өмірге қауіптілікпен ұштасып жатады. Міне, сондықтан жоғары білікті кадр даярлау мәселелеріне асқан жауапкершілікпен қараймыз. Сол себепті Кәсіпкерлер палатасының және Көксу ауылшаруашылық колледжінің Дуальдық оқытудың жол картасына қатысу туралы ұсынысын қуана қабылдадық. Біз осы тығыз әріптестік мамандардың сапасын көтереді деп сенеміз», – деп атап өтті «ТАТЭК»  АҚ-ның вице-президенті Азамат Дүкенбаев. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер