«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Алматыдағы зауыт жұмыскерлерін мәжбүрлі демалысқа жіберді

2015 жылғы 18 Тамыз
10384 просмотров

Ресей рублінің девальвациясы қазақстандық кәсіпорынды өндіріс көлемін қысқартуға мәжбүрледі

“Алматы ашытқы зауыты” АҚ – Қазақстандағы нан пісіру ашытқыларын өндіру жөніндегі жалғыз, бірегей микробиологиялық кәсіпорын ерекше ауыр жағдайға ұшырап отыр. Ресейлік рубль бағамы төмендегеннен кейін өз өнімін Қазақстанның барлық өңірлеріне жеткізетін кәсіпорын бәсекеге қабілетінен айрылды.

“Еуразиялық экономикалық одаққа кіргеннен кейін рубль бағамының теңгерімсіздігі орын алып, ол қатты арзандап кетті де, осылайша ресейлік өндірушілер қазақстандық өндірушілер алдында көбірек басымдылыққа ие болды. Бұл ашытқыға ғана қатысты емес. Қазақстанның шекара маңындағы аудандарында тұрғындар нан алуға Ресейге барады, себебі рубль екі есе арзандап кетті де, баға да төмендеді. Қазақстандық тауарлар бәсекеге қабілетсіз болып қалды”, - дейді компания президенті Владимир Егуткин.

Оның айтуынша, былтырғы жылдан бері зауытта өндіріс көлемі құлдырап, 40%-ға қысқарып отыр. Кәсіпорын басшылығы өндіріс пен ұжымды сақтап қалу үшін, шаралар қолдануға мәжбүр болып отыр – еңбек ұжымының 20%-н ақысыз демалысқа жіберу, қалған жұмыскерлерді жұмыс аптасының қысқаруына көшіру. Сәйкесінше, еңбекақы мен әлеуметтік аударымдар төмендеді. Зауытта дағдарысқа дейін 120 адам жұмыс жасаған болатын. Жас мамандар зауыттан кетуде және біршама пайдалы ұсыныстар іздеуде. Бәрінің де отбасын асырауы керек. Әзірше акционерлер ғана түсіністік танытып отыр.

“Қазір табыс әкеліп отырған жоқпыз, сәйкесінше, қазір корпоративтік табыс салығы да жоқ. Аталмыш шаралар көктемде қолданылған болатын, бірақ олар әзірше өндіріс пен ұжымды сақтауға мүмкіндік беріп отыр. Ал біздегі өнддіріс үздіксіз, оны тоқтатуға болмайды, - деп бөлісті кәсіпорын басшысы. – Осылайша қаншаға жететінімізді болжау қиын. Ешқандай қолдау көрсетіліп жатқан жоқ”, - дейді Владимир Егуткин.

Оның үстіне компания екі жыл бұрын, өзінің инвестициялық бағдарламасына сәйкес, өндірісін дамытуға кредит алып, ашытқыны кептіру үшін жаңа жабдық сатып алады, ал енді осы ақшаны қайтаруға мүмкіндік болмай отыр.

“Егер рубль осынай жағдайға ұшырамаса, бәрін төлеп шығушы едік. Үш жыл бұрын бұлай боларын кім болжап біліпті? – дейді Владимир Егуткин. – Бүгінде осы кредитті қайтару аса қиын болып отыр. Тынысымыз тарылып барады. Айналымдық қаражатымыз жеткіліксіз. Қарыздық қаражат та үш жыл бұрынғыдан екі есеге қымбаттап кетті”.

Өндірісшілердің бар үміті үкіметте. Отандық өндірушіні қолдау бағдарламасын дайындау жөніндегі жұмыс тобы құрылды, бірақ оның қашан қабылданып, жұмыс жасай бастайтыны белгісіз. Компания президентінің ойынша, отандық өндірістерді сақтау үшін субсидиялар немесе салықтар мен коммуналдық қызметтер тарифтері бойынша жеңілдіктер сияқты түрлі қолдау шаралары қажет. 

“Өндірісіміз көп энергияны қажет етеді. Кәсіпорынға арналған тарифтер тым жоғары. Жыл басынан бері тағы көтерілді. Ал сол баяғы Ресеймен салыстырар болсақ, едәуір жоғары”, - дейді Владимир Егуткин. – Осы үкіметтік бағдарламаға аса үлкен сенім артамыз. Егер ол қабылданып, жұмыс жасай бастаса, онда бұл осындай дағдарысты жағдайдан шығаратын шынайы жол болар еді”.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер