«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ірі сыра зауытын жабылудан қорғап қалды

2018 жылғы 18 Мамыр
- Жетісу облысы
3835 просмотров

Сотта шенділер кәсіпорын жұмысын бір айға тоқтатуды талап етті

Қарасай ауданындағы «Line Brew Bottlers» ЖШС – сыра өндіретін ірі кәсіпорындардың бірі. Зауытта заманауи технологиялар мен үздік австриялық жабдықтар қолданылады. Бұл өз кезегінде жоғары сапалы өнімнің шығуын ғана емес, оның экологиялық қауіпсіздігін де қамтамасыз етеді.

Алайда осыдан біраз уақыт бұрын шенділердің әрекетінен кәсіпорын жұмысын тоқтатып, банкротқа ұшыраудан аман қалды. Облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшылары істі қолға алғаннан кейін жағдай өзгере түсті.

Бұған дейін Алматы облысының Қарасай ауданының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты ЖШС-ға 200 айлық есептік көрсеткіш (481 мың теңге) түрінде айыппұл салып, құйылу цехының қызметін бір айға тоқтату туралы шешім шығарды. Осындай қатал ұйғарымға аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының санитарлы-эпидемиологиялық саласында анықталған фактілер негіз болды.

«Цех жұмысын бір айға тоқтату кәсіпорынды жабумен тең. Бұның салдары салық пен жұмысшыларға еңбекақы төлемеуге әкеледі. Сонымен бірге, соттың берген әкімшілік жазасы жасалған құқықбұзушылықтың түріне сәйкес келмейді және өндірістік себептер есепке алынбаған. Сондықтан соттың бірінші сатыдағы шығарылған қаулысын алып тастау жөніндегі апелляциялық шағымы берілді», – дейді істің мән-жайын түсіндірген Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту жөніндегі бөлімнің сарапшысы Диас Оташбаев.

Айта кету керек, шағымды қарастыру кезінде кәсіпорын тарапынан басқарманың барлық нұсқамалары толығымен орындалған. Осы себепті цех жұмысын тоқтату туралы қосымша жазаны тағайындауға сотта негіз қалмады.

« ... Аталған қосымша жаза кәсіпорынның тоқтауына, жұмысшылардың еріксіз жұмысқа келмеуі мен еңбекақы алмауына, бюджетке салықтың түспеуіне, осылайша кәсіпорын мен мемлекет қызметін теріс зардаптарға әкеп соқтырады», – делінген Алматы облыстық сотының қаулысында.

Осылайша сот компанияның шағымын ішінара қанағаттандырып, құйылу цехының қызметін бір айға тоқтату туралы шешімді өзгертті. Қазіргі таңда зауыт күнделікті қызметін жалғастырып келеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер