«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жер қойнауы: кім бірінші келсе, сол иелік ете ме?

2016 жылғы 09 Тамыз
9907 просмотров

Қазақстанда Жер қойнауы мен жер қойнауын пайдалану туралы кодекстің жобасы талқылануда

Мемлекет тиісті рәсімдердің оңайлатылғанын мәлімдесе, жер қойнауын пайдаланушылар секторға қаржылай жүктеменің артуынан қауіптеніп отыр.

Екі ай бұрын заң жобасы Инвестиция және даму министрлігінің, Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының (ТМКҚ) өкілдері мен тау-кен және геологиялық барлаумен айналысатын компаниялардың мамандарының қатысуымен Мәжілісте талқыланған болатын.

Құжатты әзірлеушілер берген мәлімет бойынша, жаңа Кодексте жер қойнауын пайдаланушылар мен инвесторлар үшін рәсімдерді барынша жеңілдету ұсынылған. Жер қойнауын пайдалану құқығын австралиялық «бірінші келген – бірінші алады» деген әдіске негізделген жеңілдетілген тәртіппен ұсынуды енгізу жоспарлануда. Сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуларын бақылау мен ДСҰ шарттарына сәйкес, жергілікті құрам бойынша қойылатын талаптар алынып тасталады. Салық салу, мәмілелер мен құқықтық жағына қатысты да мәселелер бар. Заңды қабылдау барысында барлық артықшылықтар мен кемшіліктер ескерілуі үшін әрқайсысын егжей-тегжейлі талқылау қажет, деп есептейді сала мамандары.

Алайда, назардан тыс қалмауы тиіс бір тармақша бар, ол жер қойнауын пайдалану құқынан айыру жөніндегі келісімдерді мемлекеттің блоктау құқығы мен рұқсат беру тәртібіне қатысты. Инвестиция және даму жөніндегі вице-министр Альберт Рау түсіндіріп өткендей, егер ол ұлттық қауіпсіздікке қатысты болса, мемлекеттің келісімдерді блоктау құқығы сақталады. Сонымен қатар келісімнің қатысушысы атануға мемлекеттің басым құқығы жөніндегі даулы жайттар да талқыға түсті. Қазіргі таңда оны жою мәселесін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдері мысалы бойынша кез келген келісімді мемлекеттің блоктау құқығына ауыстыру арқылы шешу ұйғарылуда.

Мемлекеттік компаниялардың қатты пайдалы қазбаларды өндіру саласында құқықтарының басым болуы қажеттігі туралы да мәселе көтерілді. Бұл мәселе төңірегінде Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец мынандай мәлімдеме жасады: «Біз айрықша мәртебе иеленуге қарсымыз!» «White & Case» компаниясының заңгері Тимур Одилов та бұл ойды қостап отыр. Оның пікірінше, кез келген артықшылық берілген жағдай бәсекелестіктің өз бетінше дамуына кедергі келтіреді. Осыған байланысты үздік әлемдік тәжірибені ескере отырып, ұлттық компанияларға айрықша мәртебе беруді қарастырмайтын тәсілді қабылдау ұсынылды. Бұл уран өндіру саласындағы «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясына ғана қатысты болмауы мүмкін. Өйткені бұл стратегиялық сала әрі уран биржалық емес, ерекше тауар болып саналады. Аталған компания үшін айрықша жағдайды сақтау туралы мәселе зерттелуде.

Техногендік минералды түзілістерді пайдалануға қатысты да қызу пікірталас болды. Техногендік минералды түзілістерді (ТМТ) пайдалану жер қойнауын пайдалану ретінде мойындалмайды деп болжануда, бұл дегеніңіз – ол болашақ Жер қойнауы туралы кодекс арқылы реттеуге кірмейді деген сөз. Түзілісті жергілікті атқарушы органдарға беру ұсынылуда, оларға ТМТ-ны аукциондарға қоюға және түзілістерді қайта өңдеуге тілек білдірген тұлғаларға жер телімімен қоса сатуға құқық берілуде. Дегенмен, бұл салада да мемлекеттік және жекеменшіктегі ТМТ-ны бөлу механизмдеріне, сондай-ақ салық салу мен экологияға байланысты жайттар да жетерлік. Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметтері бойынша, қазіргі таңда бұл мәселені соған жауапты тұлғалар пысықтауда.

Жер асты суларына келер болсақ, олар Жер қойнауы туралы кодекспен реттеле ме және олар үшін кім жауап беруі қажет деген сұрақтар туындады. Жиынға қатысушылардың ойларынша, барлау Кодекс аясында қарастырылуы керек, жер асты сулары жер қойнауы көлемінде зерттелуі тиіс, өйткені олар пайдалы қазбаларға әсер ете отырып, геологиядағы көптеген процесстерде басты фактор ретінде саналады.

«Бізде қазір суға 120 келісімшарт бар, ал Ауыл шаруашылығы министрлігі арнайы су пайдалануға 35 000 рұқсат берді, – деп хабарлады ИДМ жер қойнауын пайдалану департаментінің директоры Тимур Тоқтабаев. – Су бетімен барлау жүргізу мүлде ескірді. Елдер ұңғыманы бұрғылап алып, содан кейін арнайы су пайдалануды рәсімдейді. Мұнда бізбен ешкім келіспейді. Олар бассейндерді де, дебиттерді де есепке алмайды».

Тоқтабаевтың пікірінше, су ресурстарын бір ведомство реттеуі қажет. Пікірталасқа қатысушылардың енді бірі барлық су мәселелерін бір ведомствоның реттей алмайтындығын айтты. Оңтүстік Африка республикасы мысалы тілге тиек етілді. Олардың жер асты суларын пайдалануға қатысты заңнамалары үлгі ретінде есептеледі. Бұл елде бірыңғай заң қабылданған, онда барлау мен су шығару үшін іздеу  жұмыстарына байланысты жер телімдерін беру реттеледі. Бұл процесс жеке су туралы заңмен реттеледі. Австралия мен өзге де көптеген елдерде де жер асты сулары жер қойнауын пайдалану туралы заңмен реттелмейді. Нәтижесінде қатысушылар жер суларын барлау, шығару және зерттеу саласындағы халықаралық тәжірибені тереңірек зерттеу қажет деген байламға келді. Содан кейін ғана осыған мүдделі министрліктермен осы салаларды реттеуге қатысты мәселелер талқыланады.

Тағы бір бас қатырарлық мәселе пайдаланылған кен орнын жою болды. Кен орындарының топырағын қайта қалпына келтіруге өндіру көлеміне сәйкестендіре отырып депозиттерді алдын ала орналастыру туралы ұсынылған ережелер көптеген жер қойнауын пайдаланушыларды қанағаттандырмауда.

«Бірінші келген – бірінші алады» қағидасын енгізу келешегі жер қойнауын пайдалану нарығында серпін болмақ. Сәйкесінше, көптеген кен орындары пайда болады, – деп есептейді заңгер Тимур Одилов. – Егер жер қойнауын пайдаланушы жай ғана салық немесе басқа да төлемдер төлеп тұрса, мемлекет ол үшін кен орындарын жойып береді деген әлемдік тәжірибеде жоқ нәрсе. Қағида мынандай: жерді қаздың ба, соңынан жинастырып кет. Егер жер қойнауын пайдаланушы жою бағдарламасын іске асыра алмай қалса немесе банкротқа ұшыраса ғана мемлекет кен орнын жоюмен айналысады және сонда ғана мемлекет қамтамасыз ету шаралары арқылы оның қаржысына қол жеткізіп, оның орнына кен орнын жояды».

Қазіргі топырақты қайта қалпына келтіру жүйесінде кәсіпорындар қазақстандық банктердің депозиттерінде орналасқан жою қорларына қаражат аударулары тиіс, сонымен қатар 2009 жылға дейін салықтан ұстап қалу мүмкіндігі беріліп келген еді. Аударым сомасы уәкілетті органдармен келісім жөніндегі консервация бағдарламасына сәйкес жер қойнауын пайдаланушының жоюға жұмсап үлгерген қаражаты көлеміне азаюы мүмкін. Бұл жүйенің басты кемшілігі – ол жою жөніндегі жұмыстардың құнымен мүлде үйлеспейді. Өзге елдерде де кен орындарын жою мәселесі айтарлықтай өткір деуге болады. Кейбір мәліметтер бойынша, АҚШ пен Австралияда 50 мыңдай, Канадада 10 мыңдай жойылмаған кен орындары бар екен. Австралиядағы Квинсленд штатындағы 15 мың кен орнын жоюға кететін қаражат 1 млрд австралиялық доллар.

Кодексі әзірлеушілер бұл мәселені қамтамасыз ету бағдарламалары ғана шеше алады деп есептейді. Жер қойнауын пайдаланушы өндіруге лицензия алу барысында өндіру жоспарына қарай, келешек үш жылда жоюға қанша қаражат жұсмалатындығын бағалап, осы сомада қамтамасыз ету төлемін құйып тұрады деген ұсыныс айтылуда. Ол әр үш  жыл сайын қайтар қаралып тұрады, яғни осы уақыт аралығында кен орындары жойылмаса, сомасы да өсе береді.

«Бұл жүйе жер қойнауын пайдаланушыларды өндіру барысында жою жұмыстарын жүргізуге қызығушылықтарын туғызады, – деп долбар жасады Тимур Одилов. – Қазіргі жою қоры бұл мәселені мүлде шешіп отырған жоқ. Біз бұл ұсыныстарды жұмыс топтарында индустриямен талқылай бастадық. Барлығы мұның әлеуметтік жауапкершілік мәселесі екенін түсінеді, алайда барлығы жою жұмыстарының қымбаттығын айтады».

Әзірлеушілер мемлекеттің «бірінші келсең» режимін құрып, жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауына қол жетімділігін жеңілдетіп, қамтамасыз ету шараларын енгізіп, жалпы салықтық жүктемені азайтып отырған ымыралы нұсқаны таңдауды ұсынады. Одан бөлек, қамтамасыз етуге кететін шығындар КТС бойынша алынуы тиіс. Егер ымыраға келмесе, заң жобасы авторларының есептеулері бойынша, жарты ғасырдан кейін Қазақстанда  жойылмаған кен орындарының саны 50 мыңға жетеді екен.

Жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың өкілдері бұл шаралардың олар үшін шамадан тыс жүктеме болатындығынан қауіптеніп отыр. «Қаражатты қатырып қоюға болмайды!», – деді солардың бірі. Оған қоса, кен орындары тарихи мұра ретінде қалдырылған компаниялардың жайы не болады деген сұрақтар да туындады. Өйткені оларды жоюға мол шығын кетеді.

Пікірталастың бұл бөлігінде өндіру аумағын консервациялау мәселесі жөнінде халықаралық тәжірибеге талдау жүргізу, сондай-ақ кәсіпорындармен бірлесе отырып, әрекет етуші және жаңа кәсіпорындар үшін аталған жұмыстардың шамамен алынғандағы есептеулері негізінде жою механизмдерін әзірлеу ұсынылды. Сонымен қатар, келісімшарттан лицензияға өту жағдайларын әзірлеу қажет, соның ішінде жою қорларын пайдалану да бар, деп есептейді сала өкілдері.

Дереккөз: ТМКҚ


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер