«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қате бұйрық кәсіпкерді 17 млн теңге шығынға батыра жаздады

2016 жылғы 14 Сәуір
- Шымкент қаласы
5821 просмотров

Оңтүстік Қазақстан салықшылары ҚР Ұлттық экономика министрінің 2015 жылдың 15-18 желтоқсаны аралығында – үш күн күшінде болған №754 бұйрығын қате деді

Әңгіме елдің ДСҰ-на кіруіне байланысты елге әкелінетін тауарларға салынатын баж салықтары ставкаларын азайту туралы бұйрыққа қатысты болған. Дәл осы кезеңде шымкенттік «Ұлан-Б» компаниясы Қазақстан аумағына салмағы  500 тонна болатын импорттық тауық етін әкеліп, қажетті барлық кедендік алымдарды, салықтар мен баж салықтарын төлеген соң, Мемлекеттік кірістер комитетінде тауардың декларациясын электронды түрде рәсімдеген.

Үш күн өткен соң министр бұйрығының күші жойылып, екі аптадан соң «Ұлан-Б» ЖШС камералдық кедендік тексеріс актісін алып, онда фирма сырттан әкелу кедендік баж салығы, өсімпұл мен ҚҚС үшін 17 миллион теңге қосымша төлем төлеуі тиіс деп жазылған. ОҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері министрдің аталған бұйрығы қате болғандықтан, алынып тасталған, онымен бірге төмендетілген қосымша баж салығы да күшін жойған, сондықтан қазіргі күні олар 15 пайыз емес, 25 пайызға тең деген уәж айтқан. Кәсіпкердің декларациялау кезінде министрдің дәл осы бұйрығы күшінде болғаны және сәйкесінше баж салықтарының да құны басқа болғаны туралы дәлелдерін салықшылар елемеген. Кәсіпкер бұл қосымша сома орынсыз сұралып отыр деп есептеп ОҚО Кәсіпкерлер палатасына келіп жүгінеді. Палата сарапшылары мәселенің мән-жайын анықтап, кәсіпкердің сөзінің жаны бар деген тоқтамға келеді. Себебі 2015 жылдың 15-желтоқсанынан 17-не дейін ұлттық экономика министрінің №754 бұйрығымен бекітілген сырттан әкелу кедендік баж салығы ставкалары күшінде болған, ол тек 18 желтоқсанда ғана күшін жойған.  Өз дәлелдерін растау үшін ОҚО Кәсіпкерлер палатасы ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне барып жүгінген. Жауап көп күттірмей келді. ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті шымкенттік кәсіпкердің әрекетін дұрыс деп тапты. Сонымен бірге олар министр бұйрығын емес, оңтүстік қазақстандық салықшылар әрекетін қате деп тапты. Сондықтан  ОҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлерінің қызметтік міндеттеріне салғырт қарауы салдарынан кәсіпкер зардап шекпеуі тиіс.

«Кедендік кодекстің 179-бабы 2-тармағына сәйкес ОҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің 23.12.2015 жылғы камералдық кедендік тексеріс нәтижелері бойынша заңбұзушылықтарды жою туралы №35 хабарландырудың күші жойылып, «Ұлан-Б» ЖШС шағымы қанағаттандырылсын», – делінген ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер шешімінде. Әділеттік орнады, ал Палата кәсіпкер құқығын 17 миллионға қорғап қалды.

Дегенмен, Палата сарапшылары мұнымен тоқтап қалмай, ОҚО Мемлекеттік кірістер департаментіне тауарды 2015 жылдың 15-18 желтоқсаны аралығында декларациялаған өзге де кәсіпкерлер туралы деректер бойынша сұрау салды. Салық органы оларға да кәсіпкерге жасаған әрекетін қайталауы мүмкін. Алайда департамент әлі үнсіз. Сондықтан Палата сарапшылары жоғарыда айтылған жағдайға тап болған кәсіпкерлерді қол қусырып отырмай, Палатаға жүгінуге шақырып отыр.

«Жоғарыда айтылғанды есепке ала отырып, мемлекеттік органдардың бизнес субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін аяққа таптау деректері орын алған, шектен тыс қысым көрсетілген жағдайларда Палата бұдан былай да кәсіпкерлерге қол ұшын созатын болады. Ал бұл үшін бизнестің мемлекеттік органмен арадағы келіссөздік күшін арттыруға, сонымен бірге «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңда қарастырылған өзге де міндеттер мен мақсаттарды орындауға дайын», – дейді ОҚО Кәсіпкерлер палатасы сарапшылары.

Ал кәсіпкерлерден талап етілетіні – заңнама талаптарын барынша сақтау.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер