«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Көпбалалы іскер әйел Алматы облысында жылыжай ашты

2019 жылғы 08 Сәуір
- Жетісу облысы
6298 просмотров

Ол «Бастау» бойынша оқудан өтіп, жеңілдетілген несие алды

Жас кәсіпкер Ділдана Бөкей Сарқан ауданының Бірлік ауылында жылыжай ашты. Заманауи жылыжайдың аумағы 500 шаршы метр. Осылайша бұл – аудандағы ең ірі кәсіпкерлік нысандарының біріне айналды. Осы жерде жыл он екі ай  қызанақ, қияр және т.б. көкөніс өсіріледі.

«Жылыжай құрылысын қыс айында бастадық. Жылу жүйесі мен тамшылап суармалау орнатылды. Қазіргі таңда көкөністердің ерте пісетін сұрыптары егілді. Алғашқы өнімді сәуір айының соңына қарай аламыз деп күтіп отырмыз»,  – дейді Ділдана Бөкей.

Іскер әйелдің айтуынша, жылыжай салу туралы ой ертеректе пайда болған. Бизнес-жобаны іске асыру мақсатында «Бастау» кәсіпкерлік негіздері бойынша сабақтарына жазылып, бизнестің қыр-сырын үйренген.

«Отбасымыз үлкен. Жолдасыммен бірге бес баланы тәрбиелеп отырмыз. Ертең балаларымызға аманат болып қалатын жанұялық бизнесті ашсақ деген арман болатын. Өткен жазда «Бастау» оқуына қатыстым. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 2,9 млн теңге сомадағы жеңілдетілген несие алып, кәсіпті  бастадық», – дейді кәсіпкер.  

Жылыжай аумағында жылына 3 мыңға тарта тонна көкөніс өсіріп, оны аудан нарығына шығару жоспарланып отыр.

Айта кетейік, өткен жылы «Бастау» жобасы Алматы облысының барлық ауданында өткізіліп, 3361 азамат оқуға қатысты. Оның ішінде 916 бизнес-жоба 2,5 млрд теңгеге қаржыландырылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер