«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

59 лауазымды тұлға кәсіпкерлік қызметке араласқаны үшін жауапкершілікке тартылған

2018 жылғы 20 Наурыз
- Жетісу облысы
4512 просмотров

Бұл туралы Алматы облысы кәсіпкерлері мен инвесторларының форумында мәлім болды

Талдықорғанда Алматы облысының кәсіпкерлері мен инвесторларының ІІ форумы өтті. Шарада Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті мен Өңірлік кәсіпкерлер палатасы арасындағы Жол картасының қорытындысы айтылып, өзара ынтымақтастықтың жаңа бастамалары таныстырылды.

Форум модераторы Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрайымы Римма Салықова аймақ кәсіпкерлері мен инвесторлары үшін әкімшілік кедергілерді азайту, сондай-ақ бірлескен іс-қимылдарды жүзеге асыру бойынша ұсыныстар енгізуде аталмыш шараның маңыздылығын атап өтті.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев өз сөзінде мемлекеттік органдардың есеп беру және бағалау жүйесін жетілдіру, сондай-ақ сыртқы бағалау механизмдерін анықтау арқылы қоғам мен мемлекеттің мүддесін қорғау, азаматтық қоғам институттарымен ынтымақтастықтың әртүрлі нысандарын құру кәсіпкерлер қоғамдастығының мемлекетке деген сенімін арттыратынын жеткізді

Форумда Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов «Атамекен» ҰКП қызметінің басты нәтижелеріне тоқталды. Облыстық Палата басшысы ҰКП мен Үкіметтің бірлескен жұмысының арқасында Салық және Кеден кодекстеріне елеулі өзгерістер енгізіліп, бизнесті қайта реттеу, қылмыстық заңнаманы ізгілендіру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылғанын айтты.

«2018 жылы бизнеске бағытталған 23 мемлекеттік қолдау шаралары бойынша рұқсатанама құжаттарды реинжинирингілеу және 584 қызметті оңтайландыру бойынша жұмыс жалғастырылады. Өңірдегі қордаланған мәселелер Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің отырыстарына шығарылады. Кеңес құрамына құқыққорғау органдарының басшылары мен қоғам қайраткерлері мүше. Жергілікті құрамды дамыту мен үлесін арттыру мақсатында жұмыс комиссиясы құрылған, онда әкімдіктер мен салалық басқармалардың жұмыс нәтижелері тыңдалады», - деді Нариман Әбілшайықов. Отандық өндірушілерді қолдау жөнінде айта келе, Нариман Әбілшайықов әкімдіктер мен мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстарында мемлекеттік сатып алу туралы өзекті ақпараттың жоқтығына назар аудартты. Аталмыш мәселе Жетісу кәсіпкерлері алдындағы кедергілердің бірі болып отыр.

Спикерлер соңғы жылдары еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат түбегейлі өзгеріп, түрлі шаралар қолға алынғанын айтты. 

Алдын алу шаралары - бұл стратегиялық міндеттердің бірі болып табылады, дейді  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Алматы облысы бойынша басшысы Данияр Тұрғанбаев. Осылайша жұмыс бағыты жемқорлықтың салдарына емес, алғышарттарына ауысқан.

«Біздің тарапымыздан шағын және орта бизнес өкілдерін қызметтеріне заңсыз араласудан сақтау үшін барлық щаралар қолданып келеді. 2015 жылдан бастап қазірге дейін облыс бойынша шенеуніктердің кәсіпкерлік субъектілері қызметіне араласудың 41 фактісін анықталған. Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде 95 қылмыстық іс тіркелген. Қылмыстық жауапкершілікке 59 лауазымды тұлға, түрлі жазаға 52 лауазымды тұлға тартылған. Жалпы 72 кәсіпкерлік субъектісінің құқығы қорғалды», - деді облыстық Ұлттық бюро басшысы.

Тұрғанбаевтың сөзінше, қылмыстың көпшілігі салық қызметі, атқарушы билік органдарының қызметкерлерімен, сондай-ақ, заңбұзушылықтар әділет органы, ауыл шаруашылығы, жергілікті атқарушы билік органының қызметкерлері тарапынан жасалған. Атамыш жағдайдардың барлығы пара алумен байланысты және параның құны 300 мыңнан 2 млн теңгеге дейін құраған.

Форум барысында өңір кәсіпкерлері бірқатар жүйелі мәселелерді де ортаға салды.

Шара соңында Алматы облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті, Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) департаменті мен Алматы облысының Өңірлік кәсіпкерлер палатасы арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі ынтымақтастық туралы төртжақты меморандумға қол қойылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер