«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кербұлақта ашық есік күні өтті

2017 жылғы 23 Маусым
- Жетісу облысы
5235 просмотров

Аудандық филиал директоры тұрғындар сауалдарына жауап берді 

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Кербулақ аудандық филиалында Ашық есік күні өткізілді. Акция халықтың қарасы қалың болатын Халыққа қызмет көрсету орталығында ұйымдастырылды.  Бұл шараны өткізуге кәсіпкерлік, жер қатынастары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері атсалысты.

Аудандық филиал директоры Болат Тастанбеков кәсіпкерлер мен аудан тұрғындары сұрақтарына жауап берді. Өтінімдердің басым бөлігі несиеге қолжетімділік, гранттық бағдарламалар мәселесіне қатысты болды.

«Ауылдық тұрғындар үшін қолжетімді несие мен қаржыландыру масәлесі өте өзекті. Сондықтан басты сұрақ несиеге қатысты, өйткені шаруа қожалықтардың көбі кепілзаттың болмауынан ірі компаниялармен бәсекеге түсе алмайды. Сондықтан біз әр өтініммен жіті танысып, қаржы институттары, екінші деңгейлі банк өкілдерімен кеңесіп, шешу жолдарын қарастырып жатырмыз», – деді директор.

Ашық есік күнінде аудан тұрғындары «Бизнес Кеңесші» жобасына оқуға жазылды. Сонымен қатар тұрғындарға ауыл шаруашылығы кооперацияларын құру туралы толық ақпарат берілді. Биыл Ұлттық кәсіпкерлер палатасы сүйемелдеуімен ауданда ет, мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы бағыттарында үш ауыл шаруашылығы кооперациясы құрылды.

 «Халыққа қызмет көрсету орталығында біз Кербұлақ ауданының шалғай ауылдары тұрғындарымен тілдестік. Ауыл тұрғындарының бизнес субъектілеріне арналған мемлекеттік қолдау бағдарламалары туралы ақпараты аз. Шағын шаруа қожалықтарын бірігіп, кооперация құруға шақырдық», – деді Б.Тастанбеков.

Шара аясында кейбір азаматтар филиалдың сервистік қызметін тұтынды. Директордың айтуынша филиал менеджерлері жылдың басынан 700-ден астам сервистік көмек атқарған. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер