«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Теодор Каплан: «Біз неге мұндай мейірімдіміз?!»

2015 жылғы 22 Желтоқсан
9499 просмотров

ҚР Халықаралық тасымалдаулар одағы бас хатшылығы ҚР Инвестициялар және даму министрлігі 30 млн еуро қазақстандық мазмұнды белорустық тасымалдаушыларға беріп жатыр деп мәлімдеді

Астанада «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының Логистика және тасымалдаулар комитетінің 2015 жылғы қорытынды отырысы өтті. Орган мен оның бөлімшелерінің есептері тыңдалды.

«Атамекен» ҰКП Төралқасының мүшесі, Қазақстанның Көлікшілер одағының төрағасы, «Қазақстан Темір Жолы» Ұлттық компаниясының президенті Асқар Мәмин өз сөзінде үрей тудыратын сандарды жеткізді. «Мұндай дүние ешқашан орын алмаған еді: жүк айналымы 12% құлдырады, экспорт көлемі 25% төмендеді. Бұл темір кені сияқты негізгі экспорттық тауарымызға деген жағымсыз баға жағдаятына байланысты болып отыр, энергия тасығыштар, көмір жеткізу қысқарды», - деді ол.

Асқар Мәмин сонымен қатар мемлекеттің көлік жобаларын дамытуға көп көңіл бөлетінін, автомобиль жолдары желісін қалпына келтіру жалғасып жатқанын атап өтті. Сөйтіп, оның айтуынша, таяудағы үш жылда 7 мың шақырым жол жөнделетін болады. ҚТЖ басшысы сонымен қатар жаңа темір жол вокзалы және Астанадағы халықаралық терминал, Алматы-Шу екінші жолы, жаңа «Құрық» портының салынуы және басқалары сияқты ірі жобалар жұмысы жүріп жатқанын атады.

Кіші комитеттер басшылары салаларының негізгі түйткілдерін көтерді. Теодор Каплан халықаралық автомобиль тасымалдауларындағы қазақстандық мазмұн мәселесін қозғады. «Еліміздің президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан көлікшілерінің алдына 2020 жылға қарай халықаралық автомобиль тасымалдауларының жалпы көлеміндегі қазақстандық үлесті 50 пайызға дейін жеткізу міндетін қойғанын баршаңыз да білесіздер. Өкінішке орай, қанағаттанарлықсыз көлік бақылауы бүгінде қазақстандық тасымалдаушылардың тек 34 пайыз ғана тасымалдауына әкеп отыр», - деді ол.

Теодор Каплан Қазақстанда үшінші елдерге (елдерден) жүк тасымалдауға белорустық рұқсаттардың 1000 бланкісі қажет болып отырғанмен, Инвестициялар және даму министрлігі түсініксіз себептермен белорустық тарапқа рұқсаттың 4000 бланкісін беру туралы шешім қабылдап отырғанын баса көрсетті. «Яғни министрлік белорустық тасымалдаушыларға 30 млн еуро қазақстандық мазмұнды өз қолымен беріп отыр! Аталмыш мәселедегі министрліктің ұстанымын түсіне алмай отырмын. Бірақ барлық мінберлерден рұқсаттардың тепе-тең айырбасы жүйесі жайлы айтып та келеміз», - деп мәлімдеді ол.

Халықаралық автотасымалдаулар одағының бас хатшысы сонымен қатар одақтық шарттың талаптарын мүлтіксіз орындағаны жайлы мәселені де көтерді. «Өткен жылдың 29 мамырында президенттеріміз көлік (автомобиль) бақылауын жүзеге асыру тәртібін айқындауды көздейтін одақтық шартқа қол қойды, онда алгоритм анық баяндалған. Аталмыш талаптың мәні неде? Ең алдымен, бұзушы ЕАЭО аумағына кіре алмайды. Әрбір бұзушыға Одақ аумағына кірген кезде анықталған бұзулардың қандай түрлерін жоюы керектігі жайлы хабарлама беріледі. Бұзушының міндеті көлік бақылау орнын табу, оның соңынан жүгірудің және «аулаудың» қажеті жоқ. Егер бұл оны істесе, онда бұл төтенше оқиға болғаны, демек оған шара қолдану керек», - деді Теодор Каплан.

ҚР инвестициялар және даму жөніндегі бірінші вице-министр Жеңіс Қасымбек айтылған түйткілге былайша түсінік берді: «Жұма күні Премьер-министрде бұл мәселе көтеріледі. Кеденмен ортақ тіл тауып, осы мәселені шешуді жоспарлап отырмыз», - деді ол.

Қазақстанның Автокөлікшілер одағы басқармасының төрағасы  Серік Әлиғожинов өз кезегінде автомобильшілердің негізгі өтініштері паркті жаңарту, салық заңнамасына және басқа да саланың нормативтік актілеріне батыл өзгертулер жасау мәселелерінде мемлекеттік қолдау қажеттігінде болып отыр. «Қазақстанда жүк және жолаушылар паркі автокөлігінің 60 пайыздан астамы жеке тұлғаларға тиесілі, әрі олардың барлығы, кедергісіз кірудың арқасында, тасымалдаулар процесіне қатысады. Бұрыннан келе жатқан нарықтағы базалық шарттар сұрқай тәсілдермен жұмыс жасау, салықтан жалтару мүмкіндігін тудырады. Бастысы, бұл саланың дамуын салмақты түрде тежеп отыр. Аталмыш түйткілдерді шешу жөнінен ықпалды шаралар қажет. Жүк тасымалдауды ұйымдастыруды құқықтық бекіту міндетті түрде тасымалдаушыда техникалық тұрғыдан бұзылмаған автокөліктің болуын, уақытылы қызмет көрсету және жөндеуге, жүргізушілерді медициналық тексеруге арналған өндірістік базаның болуын ескеруге тиіс. Біздің бірлестік сала дағдарысынан шығу бойынша әрекеттер жоспарын дайындап жатыр», - деп жалғады ол.

Логистика және тасымалдаулар комитетінің мүшесі, «Kazlogistics» Көлікшілер одағының бас директоры Қанат Әлмағамбетов өз баяндамасында барлық салаларды қозғап өтті. Ол сонымен қатар бірнеше ұсыныс айтты.

«Келесі жылы ҰКП-ны қайта ұйымдастыру күтіліп отыр, сонымен бірге комитетіміз хатшылығы функцияларының бір бөлігін Одаққа берумен қысқарту болжануда. Бұл түйткілді мәселелерді шешу бойынша жұмысымызды қиындатады. ҰКП штатында Одақ қызметкерлерін формалды түрде бекіту қажет болады. Сонымен қатар оларды біріктіру жолымен қауымдастықты ірілендіру бойынша ұсыныс алға тартылуда. Ұлттық заңнама және Кеден одағы аясында көлік-логистика саласындағы барлық мәселелерді толық ретке келтіргенге дейін әрбір қауымдастықтың дауысы мен пікірі маңызды», - деп мәлімдеді ол.

Қанат Әлмағамбетовтың айтуынша, темір жол көлігі саласындағы нормативтік-құқықтық заңнаманы жетілдіру жөнінен 2015 жылы отандық қозғалмалы состав операторларының мүдделерін қорғайтын түзетулерді қосу бойынша бірге жұмыс жүргізілді. Темір жол нарығындағы экспедиторлық және операторлық қызметті дамыту мақсатында кәсіпкерлер құқығына қысым жасайтын кедергілерді жою жұмыстары жүргізілді.  

Азаматтық авиация кіші комитетінің төрағасы Болат Наурызәлиев атағандай авиация саласында «Мемлекеттік шекара туралы» заңға мемлекеттік авиацияның әуежайлар қызметтерін тегін қолдануды тоқтататын түзетулер енгізілді. Сонымен қатар шағын авиация үшін сертификаттауға жасалатын алымдар мөлшерлемесін болдырмау жөнінен өзгертулер енгізілді.

Қанат Әлмағамбетов сондай-ақ Қазақстанның халықаралық теңіз ұйымына елді ақ тізімге кіргізу туралы өтінім бергенін хабарлады. «Теңіз және өзен саласын қолдау және дамыту үшін заңнамаға өзгертулер енгізіледі. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап кеме иелері Корпоративтік табыс салығынан босатылады. Еңбек кодексіне теңізшілер еңбегін реттеу туралы 142 бап енгізіліп, ол 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап әрекет ететін болады. Өзенде кеме жүзуге салық жүктемесін төмендету бойынша ұсыныстар бағытталды», - деп жалғады сөзін ол.

Барлық баяндамалардан кейін ҰКП Төралқасы Логистика және тасымалдаулар комитетінің кіші комитеттері туралы қағидалар, комитеттің 2016 жылға арналған жұмыс жоспары бекітіліп, комитеттің ең үздік мүшелері медальдармен және құрмет грамоталарымен марапатталды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер